Елу жыл бойы маздаған от

Елу жыл бойы маздаған от
ашық дереккөз
Елу жыл бойы маздаған от

«Махаббат – құштарлық атаулының ең күштісі. Өйткені, ол ақыл-ойды да, жүректі де, тәнді де, қатар жаулап алады» – деген екен М.Ф.Вольтер.

Ғұламаның бұл сөзінің жаны бар. Айна-қатесі жоқ. Иә, Жаратушы Ием, өзің өмір бердің, өзің бір перизатқа ғашық еттің, күнсіз, айсыз, махаббатсыз адам болмайды, соның бірі мен едім. «Өмір – майдан» деп жатамыз. Өмір зулап бір орнында тұрмайды. Бүгін жас, ертең қариясың. Уақытты уысыңда ұстап тұра алмайсың. Әр кезеңнің өзінің төңірегіне таратар шуақ-шарапаты болады. Есте қаларлық қызығы бар. Әсіресе, махабббат, қызық мол жылдармен, жастықпен байланысты. Махаббат сезімі сергелдеңге салып, отқа салады, шоқ болып өртейді. Сол отқа, шоққа өртенгендердің бірі де – мен. Мен жастығымның ең бір аяулы сәттерін Қаратау қаласында өткіздім. Сол бір оралмас күндерімді бір тұлымшақты қызбен сыр бөлісе бірге өткіздім. Бала көңіл үшін көктемдей нұрлы еді ол кездер. Оң-солыңды білмес шақ қой ол. Әлгі қызды сүйем, күйем деп біраз сезім сергелдеңіне де түсіппін. «Бала махаббат» қой баяғы. Дана махаббатым, ұлы махаббатым басыма бақ құсы болып қонғалы, мені шуағына бөлегелі құшағын жайып, күннен-күнге жақындап келе жатыпты. Жалын күші дүн-дүниені өртердей, тау мен тасты балқытардай тым ыссы еді оның. Ақыры, алғашқы сезімімді қоздатқан сол бір қыз өмірдің бір беле­сінде қалып қойды. Мен нағыз махаббатыммен жолықтым! Ол кезде жиырма екі жаста едім. Нағыз жігіттік шақ. Тұяғымен жер тарпыған адуын, асау шақ. Бар-жоғы жиырма екі жасымда отау құрдым. Үлпілдеген үмітті құшағыма алдым. Құшырлана қыстым. Аялай өптім. Қауырсындай салмағы сезілсеші! Көңіл теңіздей тасыған. Жастықтың алау күші арнасына сыймастай болып, буырқанған бұл кезең де суша тасып, алқын-жұлқын өтті. Алақандағы мұздай еріді. «Сүюге үйрету, махаббатты тануға үйрету, бақытты болуға үйрету, болар өзіңді өзің құрметтей білуге үйрету, адам баласының бойындағы қасиетке үйрету болып табылады» дейді А.С. Макаренко. Сол сөз, тегі рас-ақ қой. Елу жылда бақытты тек өзіңнен тауыппын, аяулы жарым. Жаратқан Алла бізге ұл-қыз, немере сүйдіріп, қуанышқа кенелдірді, шүкір. Біз – Тәңір қосқан жұп қаншама жыл бірге жарасып келеміз. Біз өзіміз өмірге әкелген ұл-қыздарымызды, немерелерімізді тәрбиелеп өсіріп, өмір көшіне қостық. Тәубе! Білгенге, бұл баға жетпес бақыт! Ел азаматтарын өмірге әкелген сені «адал жар, аяулы ана» деп мақтан етем! Аман болшы, анасы балалардың. Мен қарапайым адаммын. Жүрегімді сезім тербеткенде, көңілім қорғасындай балқып иігенде, небір сырлар аузымнан жентектеліп өз–өзінен түсе қалады. Жыр болып туады. «Көзіне тұман тұнған кім біледі, мен болып көріне ме жұрттың бәрі!» ( Исраил Сапарбаев). Өмір деген қандай қызық десеңізші. Өзің ұнатып, құлай сүйген арулардың бірі бала махаббатың, екіншісі дана махаббатың, асыл жарың болып жолығуы өмір заңдылығы секілді көрінеді. Дүниеге адам болып келгеннен кейін Алланың бұйыртқанын, нәсіп еткенін көресің-дағы. Солай қуаныш пен қызыққа бөленіп ғұмыр кешеді екенсің. Мен нұрды сүйем. Таң арайлап атқанда, нұрлы күн ұясына батқанда, осы бір құбылыстың өзі жүректен жыр болып төгілді. Сол нұрлы құбылыстың ішінде мөлдір тамшыдай болып менің махаббатымды қоздатқан, отын маздатқан аяулы жарым, Күлзипам да басымдағы бағым болып жүр!

Жаныммен сүйген жарым, Жұбанам жүрсең жанымда. Басымдағы сен бағым, Атпайды сенсіз таңым да.

Әр кезде де аман-сау жүрші сен. Барым да, нарым да өзің. Кеудедегі махаббат ескірмейді ешқашан!

1Төрехан Қайнарбекұлы, ақын.

 

Ұқсас жаңалықтар