«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Оралман» фильмінің әлемдік премьерасы Иранда өтеді

«Оралман» фильмінің әлемдік премьерасы Иранда өтеді
ашық дереккөз
«Оралман» фильмінің әлемдік премьерасы Иранда өтеді
«Оралман» фильмі Иранның Тегеран қаласында 21-28 сәуір аралығында өтетін 35-ші халықаралық Фаджр кинофестивалінің «Шығыс панорамасы» бағдарламасына қатысады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Қадам» кинокомпаниясымен бірге түсірген «Оралман» фильмі атажұртынан кетуге мәжбүр болып, ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан туған жеріне қайта оралған қандастарымыз жайлы. Режиссері – Сәбит Құрманбеков («Секер», «Жиде»). Фильмге Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова, Баян Қажнабиева сынды қазақстандық танымал актерлер түскен.

«Оралман тақырыбы ұлттық проблемалардың ішіндегі ең өзектісі. Менің ағайындас бауырларым кезінде екіге бөлініп, бірі осында қалып, қалғаны Қытай ауып кеткен. Олар алпысыншы жылдары қайтып келген. Алайда Қытайда туған бауырларымызды бөтенси бастадық. Бұл тек қана менің отбасымның емес, барша қазақтың басынан өткен. Бұл біздің психологиямызға кері әсер етті», – дейді фильм режиссері Сәбит Құрманбеков.

Фаджр халықаралық фестиваліне алғаш рет1982 жылы Иранның мәдениет министрлігі мен ислам бағыты ұйымы мұрындық болған. Фестиваль Қиыр Шығыстағы ең ауқымды әрі танымал кинофестиваль болып саналады. Бұл фестиваль – әлем кинематографистері мәдени байланыс орната алатын бірден бір алаң.

Биыл «Шығыс Панорамасы» секциясында 12 елден 15 толықметражды картина ұсынылған. Отандық картинамен қатар бас жүлдеге «Воля отцов» (Қырғызстан), «Ученик» (Сингапур, Германия, Франция, Қытай), «Дом других» (Грузия, Испания, Хорватия, Ресей), «Спрей» (Үндістан), «Сеятель» (Жапония) және басқалар таласады.

«Бұл фестивальден жеңіс күтпеймін. Өйткені маған жеңіс маңызды емес. Маған сол жақтағы қандастарымыздың осы фильмді көргені маңызды. Фильм арқылы жалпы адамзаттық тақырыпты көтергім келді. Оралмандар тек бізде емес еврей, неміс және басқа да халықтарда бар. Біздің ауылда немістер көп болатын. 90-шы жылдары олар Германияға үдере көшті. Алайда олар бірден сол жерге сіңісіп кеткен жоқ. Олардың өз отанының менталитетіне бейімделуі қиын болады. Олар теңіздің ортасында қалып қойған арал секілді болып қалды...», - дейді Режиссер Сәбит Құрманбеков.

Айта кетелік, Фаджр кинофестивалінің «Шығыс Панорамасы» бағдарламасында қазылар алқасы қатарында танымал режиссер Дәрежан Өмірбаев бар. Дәрежан Өмірбаев 2013 жылы аталмыш кинофестивальге «Студент» атты фильмімен қатысқан болатын.

Ұқсас жаңалықтар