Дін мен дәстүр

Дін мен дәстүр
ашық дереккөз
Дін мен дәстүр

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша өкілдігі, «Һибатулла Тарази» мешітінің ұйымдастыруымен семинар өтті. «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбында өткен шараға өңіріміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. – Бұқаралық ақпарат құралдары халыққа дұрыс діни ақпарат беруде үлкен рөл атқарады. Ал бұл мәселені іске асыруда газет-журналдар мен телеарналарда қызмет істейтін тілшілерге діни сауаттылық өте қажет екені белгілі. Асыл дініміз ислам жайлы жазылған мақаладағы аят, хадис терминдері қате немесе күмәнді болса, халық ақпарат алуда адасуға ұшырайды. Түрлі діни ағымдар етек жайған бүгінгі заманда жалпыға дұрыс ақпарат беру бәріміздің басты міндеттеріміздің бірі. Бүгінгі семинар осы мақсатқа негізделді,– деді ҚМДБ-ның облыс бойынша өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев. Бұдан соң тілшілерге 60 минуттан 3 тақырып бойынша дәріс оқылды. Атап айтсақ, аталмыш мешітке қарасты медресенің ұстазы Нұралы Бақытұлы «Ақида», Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұлов «Фиқһ», ал наиб имам Ғалымбек Жапек «Ислам тарихы» туралы кеңінен баяндап, қатысушыларға толыққанды мағлұмат берді. Олар өз дәрістерінде бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған мәселелерге нақты тоқталуға тырысты. Аллаға деген сенімнің ақ жолынан адаспау керектігін, неке және талақ мәселелерінің Исламдағы маңызы және Ислам дінінің тарихы мен таралуы жайлы тереңнен сөз қозғады. Дін мен дәстүр сабақтастығы туралы да тағылымды мысалдар келтіре отырып, бүгінгі жастар ата дінімізден алыстамау керектігін жеткізді. Журналистер де көкейлерінде жүрген сауалдарға сала мамандарынан жауаптар алды. Семинар соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға арнайы сертификаттар табыстады.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар