«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өндірісімен өркендеген Мойынқұм

Өндірісімен өркендеген Мойынқұм
ашық дереккөз
Өндірісімен өркендеген Мойынқұм

Балқаштың балығы, Мыңаралдың цементі

Таяуда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бірқатар су қоймалары мен су айдындары нысандарын, оның ішінде Мойынқұм өңіріндегі Шу өзені жағалаулары мен Радай өзегін тікұшақ арқылы әуеден бақылап, олардың жағдайымен жіті танысқан болатын. Араға аз ғана уақыт салып, ауданға қайта ат басын бұрған өңір басшысы бұл жолғы жұмыс сапарын тәуелсіздік алғалы бергі ширек ғасырдың жарқын жетістіктерінің біріне айналып үлгерген Мыңарал ауылындағы балық зауытынан бастады. IMG_6633 IMG_63++57 IMG_003++++0Бүгінгі таңда зауыт ауқымды әрі сапалы жұмыстарды жүзеге асыруда. Жергілікті тұрғындардың да жағдайы біршама жақсарған. Бірқатар еуропалық елдерге балық өнімдері экспортқа шығарылады. Мұндағы балық сақтайтын тоңазыт-қыштардың сыйымдылығы ең жоғары стандартқа сай келеді. Балық аулауға күніне 130 адам шығады. Зауытта жаздың аптап ыстығында балықты қатырып, сол күйінде сақтау үшін 1 200 тонналық мұзды тоңазытқыш бөлмелері алдын ала дайындалып қойылған. 2014 жылы іске қосылған кәсіпорынның жылына 1,5 мың тонна балық өндіруге қауқары әбден жетеді. Бүгінгі таңда мұнда 70-ке жуық адам бел шешпей еңбек етуде. Олардың басым көпшілігі – жергілікті тұрғындар. Сондай-ақ, зауыт биыл экологиялық табиғи таза өнімдер – ақтабан балығынан чипстер мен котлеттерді өздерінде дайындап, арнайы қораптарға салып, Ресей, Түркия сынды шет мемлекеттерге экспортқа шығару арқылы мүмкіндік-әлеуетін едәуір арттыра түскен. Мұнда бұрын-соңды жібі түзу асхана да болмаған екен. Бүгінде кәсіпорын жанынан екі ауысымда жұмыс істейтін асхана ашылған. Жұмысшылар үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген.

Бұдан кейін облыс әкімі 2011 жылы іске қосылған Мыңарал елді мекеніндегі «Жамбыл өндірістік цемент компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Зауыт жылына 1,2 миллион тонна цемент өндіреді. Жалпы құрылысының құны 8,2 миллиард теңгеге түскен әлеуетті кәсіпорында ешқандай да жұмыс орны қысқармаған. Яғни, 500 адам тұрақты жұмыс істеуде. Өңір басшысы зауыттың нәтижелі жұмысымен жіті танысып, «Жамбыл облысына жылына 2,5 миллион тонна цемент қажет болатын болса, біз соның 2 миллион 200 мың тоннасын өзімізде өндіріп, өзімізді отандық өніммен қамтамасыз етіп отырмыз», – деп бұл іске әбден көңілі толатындығын жеткізді.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған зауыт былтыр 1348,1 мың тонна цемент өндірсе, биылғы жылы екі ай көлемінде 512,0 миллион теңгенің өнімін өндірген. Үстіміздегі жылы зауыт 1 400 мың тонна цемент өндіруді жоспарлап отыр. Облыс әкімі өзінің бұл жолғы жұмыс сапары әдеттегіден өзгешелеу болғанын, өзінің орынбасарлары мен бірқатар басқарма басшылары және облыстағы басылымдардың бас редакторларымен бірге келгендігін айтып, топ мүшелерін зауыт директоры Анатолий Ивановичке таныстырып өтті. Зауыт директоры бұқаралық ақпарат құралдары басшыларына газетке тұрақты жазылып қана қоймай, ондағы күнделікті жаңалықтардан хабардар болып отыратындығын жеткізді. Осы күні, сондай-ақ, өндіріс саласына байланысты бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Өңір басшысы Хантау ауылындағы «AGIG» АҚ-ның цемент зауытында да болып, кәсіпорынның жұмыс жағдайымен танысты. Жобалық құны 8,2 миллиард теңгені құрайтын өндіріс орнында бүгінгі күні 286 адам еңбек етуде. Зауыт – жылына 500 мың тонна цемент өндіру қуатына ие. Былтыр 271,0 мың тонна, ал үстіміздегі жылдың екі айында 549,3 миллион теңгенің өнімін өндірген. Зауыт басшылары өз кезегінде жұмыс жүргізудегі электр жарығынан келетін шығынның аз еместігін жеткізді. Кәрім Нәсбекұлы бұл ретте зауыт басшыларына Хантау ауылының желдің өтінде орналасқанын ескере отырып, Қордайдағыдай желден қуат өндіретін баламалы электр стансасын салуды ұсынды.

Ауылдарда да алға басу бар

Бұдан кейін облыс басшысы 2012 жылға дейін ауызсудан тапшылық көріп, пойызбен су тасып келген Шығанақ ауылында болып, ондағы су құбыры нысанының жұмыс жағдайымен танысты. 2012 жылы 5 желтоқсанда пайдалануға берілген нысанның құрылыс жұмысын «Темир строй сервис» ЖШС компаниясы жүргізген. Жалпы, ауыл ішіндегі су құбырының ұзындығы 20 километр 500 метрді құрайды. Аталған нысан суды 8 километр қашықтықта жатқан Балқаш көлінен тартып, мембрана құрылғысы арқылы суын тазартып, ауылды ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Ауылда 711 аула бар болса, соның 689-на ауызсу кіргізіліпті. Өндірісті өңірде бұған дейін халыққа медициналық көмек көрсететін бір емхананың қажет екені көптің көкейіндегі өзекті мәселе болатын. Шығанақ ауылы маңында орналасқан Мыңарал ауылы, Мыңарал стансасы, Қияқты, Мирный, Ақсүйек, Бурылбайтал ауылдарындағы халыққа медициналық көмекті жедел түрде көрсету үшін Шығанақ ауылдық емханасы бой көтерді. Аталған емхананың жұмысымен танысқан өңір басшысы аурухана жағдайын жақсарту ісіне білікті мамандар тарту жөніндегі аудандық аурухана басшысының ұсынысын құптап, мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету керектігін де атап өтті. Облыс әкімі К. Көкірекбаевтың жұмыс сапары бұдан әрі Бірлік ауылындағы кәсіптің көзін таба білген жас кәсіпкер Жаңабек Алыпбаевтың үй маңындағы жылы жайымен танысумен жалғасты. Жаңабек былтыр мемлекеттік қолдауды ұтымды пайдаланып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы- 2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге несие алып, 350 шаршы метр жерге жылыжай салыпты. Мұнда егілген қызанақ, қияр бүгінгі таңда тамшылатып суару тәсілі арқылы суарылып, түйіндеп үлгерген. Ауыл тұрғындарын қияр, қызанақпен қамтамасыз етіп отырған жас кәсіпкердің сапалы жұмысына облыс басшысы ризашылығын жеткізді. Өңір басшысы Мойынқұм ауылындағы №8 Мойынқұм колледжінің жұмысымен де танысты. Оқу орны 1958 жылы ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесі ретінде алғаш Бірлік ауылында ашылған. 1973 жылы Мойынқұм ауылына жаңа типтік ғимаратқа көшіріліп, орта білім беретін №62 кәсіптік-техникалық училище болып қайта құрылады. Техника жыл сайын жаңартуды талап етеді. Бұл колледждің де әр жылда атауы ауыстырылып, 2012 жылдан бері «№8 Мойынқұм колледжі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны болып өзгертіліпті. Осы уақытқа дейін білім ордасында 50 жылдан бері ауыл шаруашылығына қажетті «Кең көлемді тракторист-машинист», «Аспаз», «Есепші», «ЭЕМ операторы», «Хатшы-референт» және «Электр және газбен дәнекерлеуші» мамандар даярланған. Бүгінде №8 Мойынқұм колледжінде педагог қызметкерлер саны – 24, олардың ішінде 15 мұғалім, 9 өндірістік оқыту шебері бар. Білімгерлер 60 орындық ыңғайластырылған асханада бір мезгіл ыстық тағаммен қамтамасыз етіледі. Айта кету керек, өндірісті өңірде орналасқан бұл оқу орнының бүгінгі таңда тау-кен өндірісі саласына қатысты білікті мамандар даярлауы аса қажетті іс екені алға тартылды. Сонымен қатар облыс әкімі Мойынқұм, Шығанақ ауылындағы азық-түлік, азық-түлік емес тауарлар, құрылыс заттарын сатумен айналысатын шағын сауда орталықтары жұмысына да назар аударды. Мойынқұм ауылындағы сауда орталығының басшысы Асхат Ақылбеков 10 адамды жұмыспен қамтып, оларға 35-40 мың теңге көлемінде орташа айлық жалақы төлеп отыр екен. Суда орталығында болған аймақ басшысы азық-түлік тауарларының бағалары мен тауардың қайдан жеткізілгенін нақтылап, зерделеуді де ұмытпады. Шағын маркеттегі килосы 90 теңгеден сатылымда тұрған картоптың бағасы тым қымбат екенін айтқан Кәрім Нәсбекұлы аудан басшыларына облыстық әлеуметтік қордан картоп, қант, ұнды аталған сауда орындарына жедел жеткізіп, халыққа қолжетімді бағамен өткеруді тапсырды. Өңір басшысы осындағы отбасылық дәрігерлік амбулаторияда да болып, ондағы жұмыс жағдайымен танысып, емхана басшыларына дәрі-дәрмектердің жеткілікті болуын және ана мен бала денсаулығын ұдайы назарда ұстап, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуді тапсырды. Басқарма басшыларымен бірге келген облыс әкімі жұмыс сапары соңында аудан активімен жиналыс өткізді. Облыс әкімі басқосу барысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді сөз ете келе, осы бағытта пәрменді жұмыстар жүргізілуі қажеттігін алға тартты. Жиында тиісті облыстық басқарма басшылары ауданда жүргізіліп жатқан және алдағы уақытта атқарылатын істерді баяндады. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 80-ші қадамын іске асыру шеңберінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» Заңына сәйкес халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін, сондай-ақ, ауданда шешімін күткен мәселелер де бар екенін, ауданның бірқатар емдеу мекемелеріне білікті мамандар мен санитарлық автокөліктер жетіспейтіндігін тілге тиек етті. Облыс әкімі 32 мың халқы бар ауданның 10-12 мыңы шоғырланған Шығанақ ауылында тұрғын үйлер салынып, жас мамандарды жұмысқа тарту керектігін құптап, Мирный округіне де қолұшын беру керектігін айтты. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков: «Елбасы халықты жұмыспен қамту және оны іске асыруды талап етті. Біз осы орайда Мыңарал ауылынан бастап бірқатар округтердегі халықпен кездесу өткіздік. Кәсіптік және техникалық білім, қысқа мерзімді оқыту бойынша жүйелі жұмыс жасауымыз қажет», – деп Қылышбай ауылы әкімі қойған сауалға жауап берді. Сөз алған облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысының орынбасары Жәмила Елеуқызы Мыңарал ауылы К. Қасымов орта мектебінде химия пәнінің мұғалімі жоқтығы және ол пәннен биология пәнінің мұғалімі сабақ беретінін айтты. Активті жиында жасаған басқарма басшыларының баяндамасын тыңдаған ауыл халқы өз сауалдарына тұшымды жауаптар алды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев республикалық мәндегі Меркі, Шу, Бурылбайтал тас жолының биыл республикалық тізімге кіргізіліп, жаңа жол жұмыстары басталатындығынан хабардар етті. Жиын қорытындысында өңір басшысы тұрғындардың айтылған өтініштері бойынша аудан әкімі Б. Нүркеновке және барлық облыстан барған басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Ақбақайдың алтыны

Асан қайғы бабамыздың жер аралап жүріп: «Құмдарың бұйрат-бұйрат таудай екен, Құлының тайдай екен. Тайың айғырдай екен, Жеті жыл қатарынан жұт болса да, Тұяқты мал қалса, Сенің бауырыңда қалады екен!» – деп сипаттаған Мойынқұм ауданы алдымен мыңғырған малымен, содан кейін жер қойнауындағы қазынасымен әйгілі. Жыл санап жазиралы даланың әр қиырында өндіріс өркендеп, ел байлығын еселеп келеді. Ал сол өндіріс орындарының ең алыбы – атақты Ақбақай екендігі әмбеге аян. Облыс әкімінің Мойынқұм ауданындағы жұмыс сапары барысындағы арнайы тапсырмасына сәйкес, Мойынқұм ауылынан шалғайда жатқан «Алтын Алмас» АҚ-ның Ақбақай филиалына ат басын тіреп, ондағы атқарылып жатқан толағай тірліктермен де таныстық. Бұл бағыттағы сапарды облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке бастап барды. Бетпақдаланың кіндігіндегі алтынды мекенде жұмыс жылдан-жылға қарқын алып келеді. Соңғы бес жыл ішіндегі енгізілген заманауи жаңа технологиялар мен жабдықтар алтын өндірісінің жаңа тынысын ашқан. Бұл мақсатта 1,14 миллиард теңге бөлініпті. Кен қазу жұмыстарын ширата түсу үшін өндірісті толық механикаландыру кешені іске қосылған. Ол үшін Канаданың Manrock Development, Швецияның Atlas Copco, Канаданың Can Ros сынды әлемдік озық өндірушілерінің жабдықтары, яғни үңгілеу, тазалау, жерасты тастарын тиеу, тасымалдау, пневматикалық бұрғылау аспабы, тескіш аспаптары сатып алынған. 2015 жылы жерасты жұмыстарын, яғни, жүріп-тұру орнын анықтайтын GPS жүйесі орнатылыпты. Бұл жүйені енгізудегі басты мақсат – жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Төтенше жағдай орын алып, жұмысшылармен байланыс үзілген жағдайда, жоғарыда отырып аталмыш жүйе арқылы жоғалған адамдар мен техниканың қай жерде қалғанын анықтауға болады екен. Жобаның жалпы құны – 700 мың доллардан астам қаржыны құрайды. Канадалық «GeoSight» компаниясының минералды ресурстарды ойып алғаннан кейінгі жер асты қуысын үш өлшемді сканерлеу жүйесін де айрықша атап өту керек. Жүйе тіпті қолжетімсіз, пайдаланылған учаскелердегі шығын мен құнарсыз аймақтар параметрлерін нақты жобалап, анықтауға мүмкіндік береді. Жалпы, өндіріс орнының көлемі 28 шақырым аумақты құрайды. Зауыт аумағында бүгінде шахталық «Ақбақай» және «Бескемпір» кен орындары мен ашық әдіспен, яғни карьер арқылы алынатын бір кен орны жұмыс істеп тұр. Мамандардың айтуынша, қазу жұмыстарының алдында аз шығынмен, көп пайда беретін әдіс таңдалып алынады да, соның ыңғайына қарай арнайы жоба дайындала бастайды. Бұл ретте бүгінде әлемдік деңгейде ашық әдіс кеңінен пайдаланылуда. Сапар барысында зауыт инженері Баймахан Молдабеков жұмыс үдерісімен таныстырып шықты. Кәсіпорын аумағында жер астына бағытталған 400 метрлік 3 оқпан бірден көзге түседі. Жер астының шикізаты сол оқпандар арқылы жоғарыға шығарылып, келесі қайнаған үдерісіне жөнелтіле береді екен. Бірақ, кен жер бетіне шыққанға дейін шахтада қаншама адам тер төгеді десеңізші! Мәселен, кенді қазып алу үшін геологтар сызып, бағытын көрсетіп береді. Геодезиялық өлшеумен айналысатын маркшейдерлер нүктелерін белгілесе, сол нүктелер бағытымен арнайы техникалар бұрғылауды бастап кетеді. Бұрғылау жұмыстарын швециялық Т1Д, С1Д модельді бумер техникасы атқарады. Нәтижесінде, көбесі сөгілген алып тастар жүк тиеу техникаларымен бункер арқылы жоғарыға жөнелтіледі. Сыйымдылығы бір вагоншалық оқпандар арқылы кезек-кезегімен келесі үдерістерге жіберілетін әрбір тастың құрамынан жүз пайыз алтын алынбайды. Мәселен, 1 тонна шикізаттан 3-5 грамм ғана бағалы өнім алынады. Фабрикаға күнделікті берілетін шикізат көлемі 2000-2200 тоннаны құрайды. Жер бетіне шығарылып, әр жерде үйіліп жатқан сұрғылт түсті кесектердің құрамында алтынның барын бір көрген адам байқай қоймайды. Әсіресе, Бескемпір кен орнының тастарының сипаты сондай. Шахтадан шыққан тастар кен және бос жыныстар болып екіге бөлінеді. Оны жер астынан жіктеп отыратын шеберлер болады. Кесек-кесек кен тастары жер бетіне шыққан соң үгіту кешеніне түседі де белгілі бір тиісті мөлшерге жеткен соң фабрикадағы балқыту үдерісіне жөнелтіледі. Шахтада бір ауысымда 100 шақты адам жұмыс істейді. Онда 12 сағаттық екі ауысымдық жұмыс белгіленген. Жер астына 2013 жылы техника жөндейтін гараж түсірілген. Сондай-ақ, онда жұмысшыларға арналған асхана да бар. Бүгінде шахтаның 460-шы горизонтында қазу жұмыстары жүріп жатқан көрінеді. Ал биылғы жоспар 520 метрлік тереңдікті бағындыру. Неғұрлым тереңдеген сайын, қауіптің де соғұрлым ұлғая беретіні түсінікті. Сондықтан техникалық қауіпсіздік ережелері қатаң сақталады екен. Ал карьерден кен алу жұмысының өзіндік технологиясы бар. Қазір онда кен сілеміне жету жолындағы қазу жұмыстары жүріп жатқан көрінді. Онда күніне жүк тиеу көлігі тынбай жұмыс істеуде. Олардың күнделікті жол жүру ұзындығы – 1100-1200 шақырымды құрайды. Зауыт мамандары жыл сайын оқу курстарынан өтеді. Жаңа техникалардың қыр-сырын жетік меңгеру үшін кәнігі мамандар шетелдерден шақырылады. Кәсіпорында бас-аяғы 1100 шақты адам жұмыс істейді. Оларға қажетті барлық жағдай жасалған. Жатын орындары, асхана, ерлер мен әйелдерге арналған жаттығу залдары, волейбол, футбол залдары, медициналық пункт қарастырылған. Бір жұмысшыны тамақпен, тасымалдаумен, күзетпен, жатын орынмен қамтамасыз ету үшін жылына 400 мың теңге бөлінеді екен. Заманауи техникаларды уақтылы жаңартып, жұмысшыларға еңбек етуге барынша жағдай жасау нәтижесінде еңбек өнімділігі өсіп, компания табысы еселеніп келеді. Мәселен, 2016 жылы зауыт 1 тонна 617 килограмм 228 грамм алтын өндірді.

Көсемәлі Сәттібайұлы, Уалихан Жайлау, Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Суреттерді түсірген Наталья Корнева.

Ұқсас жаңалықтар