Заң жобасына өзгерістер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындау, «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру үшін енгізілмек.
Аталмыш жоба еліміздегі 11 Кодекс пен 25 ҚР заңдарына өзгерістермен толықтырулар енгізуді көздейді.
Осы орайда ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Төлеутай Рахымбеков жиын барысында қандай мәселелердің талқыға түскендігін атады.
«Биыл жүзеге асырыла бастаған мемлекеттік бағдарламада көрсетілген өзгерістерді тағы да талқылап жатырмыз. Өзгерістер алдымен субсидия механизмдеріне байланысты. Біз бұрынғы болған механизмдердің барлығын талқыладық. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары бұрын болған 65 субсидия түрінің 11-ін жойдық. Қазіргі таңда 54 түрі қалды. Екіншіден, субсидияның 40 түріне өзгеріс енгізілді», - деді ол.
Сонымен қатар басшы бұрынғы механизмдердің заман ағымына сәйкес келмейтіндігін атап өтті. Ол шаруаларға тиімсіз екен.
«Әрине, оның тиімділігін бұрынғымен салыстыруға келмейді. Заман өзгерді. Ол 2001-2003 жылдары қабылданған механизм ғой. Ол кезде жағдай басқа болды. Мысалы, бидайды алайық. Оның гектарына 300 теңге субсидия болатын. Ал фермердің жалпы шығыны 1 гектарға 30 мың теңгеге жететін. Сонда біз шығынның 1%-ын ғана субсидиялап келдік. Қандай тиімділік бұл субсидиядан? 2016 жылға дейін біз осы талаппен келдік», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, субсидиялар тиімсіз болғаннан кейін өз жұмысын тоқтатқан. Ал кейбір талаптар жемқорлыққа да жол ашқан екен.
«Әрине. Бұл туралы сіздерге айттым. Екінші жағынан субсидия берудің механизмдері жемқорлыққа жол беретін. Мысалы, бір ауданда орта есеппен алғанда 200 гектар жер бар. Бекітілген механизм бойынша аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің мамандары барып, сол жерлерді тексеру керек болатын. Мысалы, «бидай шықты ма, шықпады ма?» деп. Содан кейін актіні әзірлеу қажет. Кейін шығарылған актінің аясында субсидия бөлінеді. Аудандағы әкімшілікте 3-4 адам отыр. «Олар 200 мың гектарды толығымен тексеріп шықты» деп кім дәлелдей алады? Сондықтан осы механизмдер өзгертілді», - деді басшы.
Сөз соңында Төлеутай Рахымбеков шаруаларға арналған аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында диқандарға қомақты қаржылай көмек көрсетілетіндігін атап өтті.
«Осыдан 10-15 жыл бұрын жалпы ауыл шаруашылығына арналған субсидиялар көлемі 4-5 млрд теңге болатын. Ал бұл субсидияның көлемі 188 млрд теңгеге жетті. Жоба – 200 млрд теңгені құрайды. Мемлекеттің қолдауы – өте қомақты. Бұрынғы «Агробизнес-2020» бағдарламасында көбінесе ірі кәсіпорындарды, ірі ауыл шаруашылық тауар өндірушілерге көмек көрсетілетін. Ал қазіргі жаңа мемлекеттік бағдарламасына сәйкес көмек алушылардың саны 7,5 есеге өсуі керек. Бұрын осы көмекті 67 мың азамат алса, оның санын 2021 жылға дейін 500 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деп түйіндеді сөзін вице-министр.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді