Қазіргі жергілікті әскери басқару органдары осыдан 99 жыл бұрын халықтық комиссарлар кеңесінің ұйғарымымен әскери істер комиссариаты болып құрылған еді. КСРО аумағында әскери және әскери-педагогикалық мамандар дайындауға баса мән беру – курсанттарға кәсіби білім беруден бұрын, оларды қысқа мерзімде ұрысқа дайындау қажеттілігінен туындаған. Кейіннен әскери училищелер, әскери мектептер мен академиялар пайда болды. Құрлық әскерлері мен теңіз әскери флотын құру, оны дамыту және жетілдіру кезеңдерінде де барлық жауапкершілік осы әскери комиссариаттарға артылған. Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысында да бұл органға қыруар міндет жүктеліпті. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте Қазақстан Қарулы Күштеріне – 25 жыл, жергілікті әскери басқару органдарының құрылғанына 99 жыл толуына орай өткен салтанатты жиында департамент басшысы, полковник Асқар Ниязов өткен тарихқа осылай көз жүгіртті. – Осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын құрылған әскери істер комиссариатында қазақстандық азаматтар жемісті еңбек етті. Арамыздан сын сағаттарда ерлік көрсетіп, батыр атанғандар мен Халық Қаһарманы, жоғары шенді әскерилер шықты. Қазір солардың ісін еліміздің Қарулы Күштеріндегі кейінгі буын табысты жалғастырып жүр. Бір кездері жүктелген тапсырмалар мен қойылған талап үдесінен шыға білген әскери комиссариат – бұл күнде де жергілікті әскери басқару органы ретінде жемісті жұмыс атқарып келеді. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының сақталғанының көрінісі. Осы байланысты жалғастыра түсу үшін жиынға жергілікті әскери органдардың ардагерлері – генералдар мен офицерлерді, прапорщиктерді арнайы шақырдық. Ондағы мақсатымыз – Қазақстан Қарулы Күштерінің беделін нығайту үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін жергілікті әскери басқару органы ардагерлерінің кеңесін құру. Ардагерлердің өнегелі еңбек жолы жастарға патриоттық тәрбие беруге, әскер қатарына шақыру науқанында әскери қызметкерлердің имиджін көтеруге өз ықпалын тигізетініне сенімдімін, – дейді полковник. Департамент басшысының айтуынша, ардагерлер кеңесіне жүктелер міндет көп екен. Олар – келер жылы жергілікті әскери басқару органдарының 100 жылдығына арналған шараларды ұйымдастыруда басты ақылшы болмақ. Сондай-ақ, мекемедегі ашық есік күндері мен ерлік сабақтарының, патриоттық шаралар да ардагерлердің қатысуымен өткізіледі. Облысымыз әскери шақырылым, әскерге дайындық, әскери оқу орындарына курсанттар жіберу бағытында жүргізілген жұмыстары бойынша үш жыл қатарынан алда келеді. Бұл жетістікке сала ардагерлерінің де қосқан үлесі бар. Солардың қатарында генералдар кеңесінің төрағасы, генерал-майор Әбдіғаппар Қазиев пен полковник Ержан Садықов сөз сойлеп, жылы лебіздерін жеткізді. Салтанатты шарада Ә.Қазиевке Алматы қаласының құрлық әскерінің құрылғанына 40 жыл толуына орай медаль табыс етілді. Капитан Ертіс Ембергенов майор шеніне жоғарылатылды. Жиын соңы әскерилер дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді