«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Нұрлы жолдың» нақты жобалары қандай?

«Нұрлы жолдың» нақты жобалары қандай?
ашық дереккөз
«Нұрлы жолдың» нақты жобалары қандай?
Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божконың жетекшілігімен «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы (көлік-логистикалық инфрақұрылымы)» тақырыбында Үкімет сағаты өтті. Жиында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің баяндамасы тыңдалып, «Нұрлы жол» бағдарламасының дағдарысқа қарсы ықпалы депутаттар арасында егжей-тегжейлі талқыланды.

Халықты жұмыспен қамту мен отандық құрылыс материалдарын өндірушілерді ынталандыру мақсатында аталған бағдарлама аясында соңғы екі жыл ішінде автожол жобаларын орындауға 616 млрд теңге бөлініпті. Оның 329 млрд теңгесі Ұлттық қор есебінен қаралған. Ал министр келтірген деректерге сүйенсек, бөлінген қаражат бүгінде толық игерілген.

«Нақтылай түсетін болсақ, бұл қаржыға республика аумағы бойынша 9 жоба іске асырылды: «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Ор­талық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс», «Бейнеу – Ақтау», «Ал­маты – Өскемен», «Астана –Петро­павл», «Жезқазған – Петро­павл», «Ақтөбе – Атырау» және «Орал – Каменка» жолдарында жұмыс қызу жүріп, жол құры­лы­сымен Қазақстанның 12 айма­ғындағы 2 мың шақырым қам­тылды. Жобаларға еліміздің 75 мың адамы қатыстырылып, мате­риал­дардың 90%-ын отандық өнді­рушілер дайындады. Осы атал­ған шаруалардың барлығы «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары­ның 92-қадамы шеңберінде жүзеге асырылды», – деді Ж.Қа­сымбек.

Қазіргі уақытта министрлік пен облыстық әкімдіктер бір­лесе отырып, республикалық маңы­зы бар автожолдарда жол қызме­тінің объектілерін жаңарту жөнін­де жұмыстар жүргізуде екен. Мұның сыртында, «Нұрлы жол» аясында 2020 жылға дейін негізгі халықаралық дәліздерде Ұлттық стандартқа сай келетін 260 қызмет нысандарын дамыту көзделуде. Сонымен қатар, бағ­дарлама аясында іске асырылып жатқан маңызы жоғары жоба­лар­дың бірі – Астанадағы жаңа темір жол вокзалының құрылысы болды. Бү­гін­де құрылыс нысанының әрлеу жұмыстары аяқталып келеді.

«Жаңа вокзал мамыр айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жалпы алғанда, жаңа вокзалдың өткізу қабілеті тәулігіне 35 мың жолаушыны құрайды. Ал қолданыстағы вокзалмен қоса алғанда, тәуліктік көрсеткіш 48,8 мың жолаушыны құрайтын болады. Бұл астаналық жолаушылар ағынына, оның ішінде, халықаралық көрмені өткізу кезінде де, сапалы қызмет көрсетуді толығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деген министр осыдан 2 жыл бұрын Астана қаласының жаңа терминалын салу және әуежайдың ұшу-қону жолағын реконструкциялау жобасы басталғанына да тоқталып өтті.

«Жоба бойынша жаңа жолау­шылар терминалының, тұ­рақ орындарының құрылысы, ин­женерлік инфрақұрылым, перронды реконструкциялау және аумақты абаттандыру көзделген. Құрылыс жұмыстарын биылғы жылғы 15 мамырда аяқтау меже­ленген. Қорыта келе, бұл бағдар­ламаның қосымша жұмыс орындарын ашуға, құрылыс материалдары, туризм, өңдеуші өнеркәсіп секілді еншілес салаларды дамытуға мүмкіндік беретін қуаты бар екендігін атап өтуіміз керек», – деді Ж.Қасымбек.

Отырыста қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Эконо­­микалық реформа және өңір­лік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов инфрақұ­рылымды дамытудың «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жеті бағытын іске асыру үшін 2015-2019 жылдарға 5 трлн 300 млрд теңге бөлу көзделгенін алға тартып, оның ішінде тек автомобиль магистральдарын дамытуға 2 трлн 400 млрд теңге жұмсалатынын алға тартты.

«Егер жаңа жобаларға байланысты бұл қаражат көбейетіндігін есепке алсақ, тиімді көлік-ло­гистикалық инфрақұрылым құру бағдарламаның маңызды ба­ғыт­­тарының бірі екеніне көз жете түседі», – деді Н.Сабилья­нов.

Сондай-ақ, депутат өз баяндамасында Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларды жү­зеге асыру барысында кей­бір же­ке­леген мәселелер бар екен­­дігін де көлденең тартты. «Нұр­лы жол» мемлекеттік бағдар­лама­сында ұзындығы 7 мың ша­қы­­рымнан асатын 11 автожол салу көзделген болса, маңыз­­ды көлік жолдарын салу кезін­де жобалық шешімдерге сал­ғырт қарау салдарынан жол қауіп­сіздігіне нұқсан келуде. Мы­салы, бұқаралық ақпарат құрал­дарында «Қапшағай – Бал­пық би» автожолының аяқталған учас­ке­сінде Мұқыр өзені ар­қылы өтетін жаңа көпірдің тұсында Ал­ғабас ауылының маңында жолдың ойылып кеткені туралы ақпарат болды. Бұдан басқа, аяқталған бір ғана «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік-транзит дәлізі жобасы пайдаланудың алғашқы жылының өзінде-ақ су ағынына төтеп бере алмай отыр. Жуырда Жамбыл облысында су басу қаупі салдарынан 11 шақырым жол уақытша жабылды. «Орталық – Шығыс», «Астана – Өскемен» маңызды бағыттардың бірінде мердігерлермен болып жатқан даулардың салдарынан конкурстық рәсімдер ұзаққа созылуда. Осындай жағдайларға байланысты министрлік пен құқық қорғау органдары жұрт­шы­­лықты, тәуелсіз сарапшы­лар­ды тарта отырып, пайда­ла­нуға берілетін автомобиль жол­дарының сапасы бойынша аудит пен ревизия жүргізуі қажет­тігі туындауда», – деді депутат.

Өз кезегінде Жеңіс Қасымбек айтылған сын, ескертпелердің барлығы орынды екендігін атап өтіп, олқылықтарды қалпына келтіруде бірлесе еңбек етуге шақырды.

Осыдан кейін жалғасын тапқан тақырыпты талқылау барысында тиісті органдардың өкілдері халық қалаулыларының сауал­дарына жауап берді. Ал жарыс­сөзде «Kazlogistik» Қазақстан­ның көлік одағының бас директоры Қанат Әлмағанбетов пен «BI Group Construction» акцио­нер­лік қоғамының басқарма төра­ғасы Арман Жәкенов сөз алды. Сондай-ақ, Үкімет сағаты шең­бер­інде Мәжілістің жалпы оты­рыс залының фойесінде көрме ұйым­дастырылғанын да айта кетейік.

ақпарат көзі: egemen.kz

 

Ұқсас жаңалықтар