Білезіктерім қыздардың жолын ашып, отбасын құруға көмектеседі - шебер
- author «Ақ жол»
- 11 сәуір, 2017
- 255
Замира Әшірбаеваның асыл тастардан әшекей бұйымдар жасаумен айналысқанына бес жылдың жүзі болған. Әшекей жасау хобби емес, бұл Алланың маған берген дарыны дейді қарағандылық шебер.
«Қазір жасым 36-да, осы іспен айналысқаныма бес жыл болды. Енді ғана өзімді тапқан сияқтымын. 24 жасымда тұңғышымды дүниеге әкелдім. Алланың сыны шығар, ұлым өмірге сал ауруымен келді. Перзентханада дәрігерлер нәрестемнің өмір бойы мүгедек болып қалатындығын айтып, баланы тастап кетуге үгіттеді. Анамын ғой, баламды тастап кете алмадым. Осыдан кейін өмірімдегі қиын кезеңдер басталды. Бітпейтін аурухана кезегі, таусылмайтын оталар. Қаражат тапшылығынан қатты қиналатын күндерім де болды. Ұлым жетіге келгенде, түсіме нағашы атам кірді. Қолында қынабы күміспен безендірілген үлкен қылышы бар екен. Соны менің қолыма ұстатты. Бұған дейін біраз жерде жұмыс істеген едім, бірақ жаның қаламаған, ұнатпаған жерде істеу қиын екен. Осы түстен кейін неге әшекей жасап көрмеске деген ой келді. Алғашында балаларға арналған білезік жасаумен айналыса бастадым. Түнімен көз майымды тауысып жасаған әшкейлерді күндіз көшеге шығып, сататын едім. Барлығы тез, оңай болған жоқ. Білмегенімді үйренуге, қолымнан келмегенді қайтадан жасауға тырыстым», - дейді Замира Сәлімқызы.
Малахит, ақық, кәріптас, аметист және тағы да басқа асыл тастарды заманауи үлгідегі әшекейге айналдыратын Замираның қолы шынымен шебер екен. Ол тіпті адамның сыртқы түр-келбетіне қарап он минуттың ішінде өзгеше әшекей жасай алады екен.
«Біраз уақыт әшекей бұйымдар жасаумен үйде айналыстым. Бірақ маған сыртқа шығу қажет болды. Себебі шабыт керек еді. Айналамдағы адамдардан, өткен-кеткендерден, ауа-райынан шабыттанамын. Адамдардың мінез-құлқына, киім-киісіне қарап өзгеше дүниелер туындайды. Тіпті тастары мен материалдары бірдей болса да бір-біріне ұқсамайтын әшекейлер жасап шығамын. Кейде әлеуметтік желіден, инстаграмнан әшекейлерімді көріп, ұнатып келетін адамдар мені көріп таңғалып жатады. Осы әшекейді жасаған сіз бе деп. Өзімді әдімімен деп санамаймын. Менің жасаған әшекейлерім әдемі. Бұл менің ішкі жан дүниемнен хабар береді деп ойлаймын», - деп ағынан жарылды Замира.
Замираның айтуынша, әшекей бұйымдар жасауда қолданатын асыл тастардың әрқайсының өзіндік қасиеті болады. Оның кейбірі денсаулыққа пайдалы болса, кейбірі адамның өміріне оң әсерін береді. Мысалы, жақұт опасыздық пен қорқыныштан қорғаса, изумруд ұйқысыздықтан арылтады, қан қасымын қалыпқа келтіріп, температураны түсіреді. Тіпті инфекцияларға қарсы тұра алады. Ал, қызғылт кварц аталатын тас оның иесіне өмірдегі сыңарын табуға көмектеседі екен.
«Менің қолымнан шыққан әшекей бұйымды бір рет болса да таққан қыздар олардың ерекше энергетика беретіндігін айтады. Тіпті отбасын құрмаған қыздардың теңін тауып тұрмысқа шыққан оқиғалары да кездеседі. Жақында менен қызғылт кварц тасынан жасалған білезікті сатып алған қыз көп ұзамай отбасын құрады. Ол білезікті тұрмысқа шықпаған қайын әпкесіне сыйлаған. Бұл қызда өз теңін тауып, білезікті құрбысына сыйлайды. Бір қызығы үшінші қыз да көп ұзамай сүйгенін жолықтырған екен», - дейді Замира асыл тастардың тылсым сырымен бөлісе отырып.
Шебердің айтуынша, әшекей жасаудан түскен қаржы отбасын асырауға жеткілікті екен. Бірақ, шебер үшін бастысы ақша емес, жан дүниесінің тыныштығы. Ол әшекей бұйымдар жасаған уақытта ерекше күйге бөленіп, рақат сезім кешетіндігін айтады.
«Әрбір адам өзгеше дарынға, қасиетке, талантқа ие деп ойлаймын. Мен өмірдегі орнымды, немен айналысқым келетіндігін тек отыз жастан асқаннан кейін ғана түсіндім. Сондықтанда, адамдарға ешқашанда кеш демеңіздер, ізденуден жалықпаңыздар дегім келеді», - дейді Замира Сәлімқызы.
ақпарат көзі: Bаq.kz
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді