Құрылыс жұмыстары тұрақты бақылауда

Құрылыс жұмыстары  тұрақты бақылауда
ашық дереккөз
Құрылыс жұмыстары тұрақты бақылауда

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында облыстық мәслихат фракциясы жанындағы «Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша комиссия отырысы өтті. Отырысты облыстық мәслихаттың депутаты, комиссия төрағасы Мейрамбек Төлепберген «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға Ұлттық қордан бөлінетін және бюджеттік қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуына бақылау жүргізетін комиссияның жұмысына қысқаша тоқтала келе, отырыстың мақсатын еске салды. Комиссия отырысында облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Серікбаев «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы хабарлама жасады. 2016 жылы 7 білім беру нысанының құрылысына Ұлттық қор есебінен және жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыруға 3,57 миллиард теңге бөлініп, толықтай игеріліпті. 5 нысан пайдалануға тапсырылса, Тараз қаласы «Салтанат» шағын ауданындағы 1000 және Меркі ауданындағы Савва атындағы 600 оқушыға арналған орта мектептер 2017 жылға өтпелі. Бөлім басшысының мәлімдеуінше, биыл 2 мектептің құрылысын жалғастыруға, сондай-ақ, 3 мектептің құрылысын бастауға Ұлттық қордан және жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыруға 2,63 миллиард теңге бөлініп, 1 cәуірге жоспарланған 65,9 миллион теңге толығымен игерілген. Екі мектептің құрылысы да биылғы жаңа оқу жылына дейін аяқталып, пайдалануға берілетін көрінеді. Н.Серікбаев тұрғын үй құрылысы барысы туралы да хабардар етті. 2016-2017 жылдарға «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облигация шығару арқылы 6 тұрғын үйдің құрылысына 4,3 миллиард теңге қаралған. Былтыр 3 миллиард теңгеге облигациялар шығарылып, «Бәйтерек девелопмент» акционерлік қоғамы арқылы бағалы қағаздар сатып алынып, бөлінген 3 миллиард теңге толығымен игерілген. Комиссия мүшелері мемлекеттік бағдарлама аясында құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарды аралау барысында көрген-түйгендерін ортаға салып, пікір алмасты. «Салтанат» шағын ауданындағы мектеп құрылысында орнатылған желдеткіштерді тор көзбен қаптау, құрылысқа отандық өнімдерді тұтыну, жергілікті тұрғындарды тарту сынды мәселелерді ортаға салды. Мердігер мекеме құрылысшылары жұмыс кестесінен алда келе жатқаны да сөз болды. «АрайСтройМаркет-2003» ЖШС директорының орынбасары Бейсен Жолболдиев бүгінгі күнге дейін құрылыстың 80 пайыздан астамы аяқталғанын, тұтынып жатқан өнімнің 80 пайызы отандық екенін алға тартты. Комиссия төрағасы М.Төлепберген Ұлттық қордан бөлінген қаржыға мектеп құрылысын жүргізген мекеменің атын білім ошағына жазып қою туралы ұсынысын жеткізді. Ұсыныс комиссия мүшелері тарапынан қолдау тапты. Ол сонымен қатар, құрылыстың сапасы мен сәулетіне ерекше мән беру қажет екенін еске сала келе, «ұрпақ ауысқанымен мектеп қартаймайды» деді. Комиссия тиісті басқармаларға, бөлімдерге, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалына, «АрайСтройМаркет-2003» ЖШС-на мемлекеттік бағдарлама аясында құрылысы жүріп жатқан нысандарды мерзімінде қаржыландыру, тиісті ақпараттарды тоқсан сайын беріп отыру, жобалау-сметалық құжаттардан ауытқушылық болмауын тұрақты қадағалау, құрылыс жұмыстарын кестеге сай сапалы жүргізіп, мерзімінде пайдалануға берілуін қамтамасыз ету, құрылыс жұмыстарында жергілікті тұрғындар еңбек етуін назарға алу, тағы басқа ұсыныстар берді.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар