«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Халықтан ұрлаған 300 миллион доллардың қайыры бола ма?

Халықтан ұрлаған 300 миллион доллардың қайыры бола ма?
ашық дереккөз
Халықтан ұрлаған 300 миллион доллардың қайыры бола ма?

Әділет министрі Марат Бекетаев жетекшілік ететін топ Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновқа қатысты істі 2009 жылдан бері жүргізіп келеді. Жақында оның ісі АҚШ-тың Калифорния штатында сотта қаралатыны белгілі болды.

Ол Алматы әкімдігіне 300 миллион доллар шығын келтірді деп айыпталған. Сотта кінәсі дәлелденсе, ұрланған ақшаның әр тиыны Қазақстан бюджетіне қайтарылуы тиіс. Сондай-ақ, Әділет министрлігі сыбайлас жемқорлық жасады деп айыпталып отырған Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновты қамауға алмақ. «2014 жылдың мамыр айында Алматы әкімдігі талап білдірген еді. 2015 жылдың қазан айында бірінші инстанциядағы сот бұл өтінішті қанағаттандырмай, істі Швейцарияда қарау керектігін айтты. Біз бұл шешімге шағым білдірдік, енді іс Калифорния сотында қаралатын болды. Біз Храпуновтың қылмысын әшкерелейтін барлық дәлелдерді ұсынамыз. Калифорнияда оның жылжымайтын мүлкі бар, оған қол жеткізіп, сату арқылы Алматы қаласына келтірген шығынның орнын толтыра аламыз. Храпунов өз активтерін қайда жасырса да, оны елге қайтарып, шешімді орындатуға болады», – деп мәлімдеді министр Марат Бекетаев Үкімет отырысында. Алматы әкімдігінің мүддесін Әділет министрлігі қорғап отыр. Себебі, бұл іс 2009 жылдан бері М.Бекетаев жетекшілік ететін мамандандырылған департаментке тапсырылған болатын. Министрлік берген мәліметке сүйенсек, Виктор Храпуновтың Калифорнияда бірнеше вилласы және бірнеше қымбат автомобилі бар. Ендігі міндет – осы дүниелердің оған тиесілі екендігін дәлелдеу ғана. Алайда бұл оңай соқпасы анық. Өйткені Храпунов мүлікті заңсыз иеленудің небір қитұрқы жолдарын қарастырған екен. «Бұл мүлік оффшорлық компаниялар арқылы заңды тұлғалардың атына жаздыру арқылы сатып алынған. Аталмыш заттардың оған тиесілі екендігін дәлелдеп, кейін өндіріп алу қажет. Алда көп еңбекті талап ететін жұмыс тұр. Қазақстан халқынан ұрлаған қаржыларды ешкім басқа елде пайдалана алмайды», – дейді Марат Бекетаев.

Ұқсас жаңалықтар