«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мақсат – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту

Мақсат – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту
ашық дереккөз
Мақсат – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеевтің төрағалығымен партияның «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасын іске асыру мақсатында кеңес өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев қатысты. Кеңесті кіріспе сөз сөйлеп ашқан М.Шүкеев партияның тікелей бастамасымен 2015 жылдан бастап елімізде аталмыш жобаның қабылданып, ол Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында іске асырылғанын атап өтті. Осы мақсатқа Үкімет былтыр 10 миллиард теңге бөлсе, оның ішінде Жамбыл облысына 1 миллиард 520 миллион теңге қарастырылған. Партиялық жобаны іске асыру аясында былтыр Оңтүстік Қазақстан облысында өткен арнайы семинар-кеңеске облыс әкімінің орынбасары А.Нұралиев бастаған делегация қатысқан. Екі рет партияның орталық аппаратының бейнебайланыс конференциясы ұйымдастырылыпты. Жоба талаптарын жүзеге асыру мақсатында партияның облыстық филиалы үш рет облыстық семинар-кеңес өткізуді қамтамасыз еткен. Сонымен қатар жергілікті тұрғындарға жобаны кеңінен насихаттау және түсіндіру бойынша арнайы мамандардың қатысуымен барлық аудандарда қоғамдық қабылдаулар өткізілген. Мұратхан Жүнісәліұлы облысқа бөлінген 1 миллиард 520 миллион теңгенің операторы болу міндеті «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалына жүктелгенін еске салып, қаржы құрылымы үлкен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, жобаны іске асыру мақсатында жоспарлы шараларды жүзеге асырғанын атап көрсетті. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары да көптеген жұмыстар жүргізгенін айтты. Осындай нақты жұмыстардың нәтижесінде ауыл тұрғындарының партиялық жоба шеңберінде несие алу арқылы өз кәсіптерін ашуға толыққанды мүмкіндіктер жасалған. «Нұр Отан» партиясының «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту жобасын іске асыру бойынша 2016 жылы Жамбыл облысында атқарылған жұмыстар» туралы «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Өксікбай Оразымбетов хабарлама жасады. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мемлекеттік тапсырмаларды орындап келе жатқан сенімді қаржылық институт болып табылатынын алға тартқан филиал басшысы тиімді шағын несиелендіру жүйесі арқылы ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздықты азайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында жұмыс жасап жатқандарын жеткізді. Былтыр қаржылай қолдау жоспарына сәйкес, қандай бағдарламалар бойынша несиелеу жүргізіліп, 5 миллиард теңгеден аса қаржы игерілгенін еске салды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 есе артық сома. Филиал белгіленген қаржылай жоспарды артығымен орындаған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 3 225,9 миллион теңге бөлінсе, оның ішінде «Нұр Отан» партиясының ықпалымен жүргізіліп отырған «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасының шеңберінде облыстың ауылдық тұрғындарына мемлекет тарапынан 1 520 миллион теңге бөлінген. 6 миллион теңгеге дейін 5 жылға 6 пайызбен жеңілдетілген несие сүт қабылдау пункттерін, мал бордақылау алаңдары және отбасылық шағын тауарлы-сүт фермаларын іске қосу бағыттары бойынша беріліпті. Филиал директоры барлығы 254 жобаның қалай нақты іс-жүзіне асырылып жатқанына да тоқталып, тарқата айтып берді. Партияның филиалдары тарапынан да бастапқы жұмыстардың жүруіне үлкен көмектер көрсетіліпті. Облыстық кәсіпкерлер палатасымен ынтымақтаса жұмыс жасау осындай жетістікке қол жеткізіп отыр. Қор тарапынан берілген қаражаттың мақсатты пайдаланылуына тексеру жұмыстары да толық көлемде жүзеге асырылған. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша облыстық филиал бірінші орыннан көрініп, «Үздік филиал» кубогін иеленген. Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова, облыстық мәслихаттың депутаты, партияның сайлауалды бағдарламасының «Аграрлық сектор» бойынша кураторы Нұрлан Ортаев, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сейдахмет Сейтбеков өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Жиын соңында хабарламашыға түрлі сұрақтар қойылып, тиісінше жауаптар қайтарылды.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар