«Халық Қаһарманы» ұмытылмайды

 «Халық Қаһарманы» ұмытылмайды
ашық дереккөз
«Халық Қаһарманы» ұмытылмайды

3 сәуір, Тараз қаласы – «Генералдар» аллеясы. Соңғы жылдары қалыптасқан дәстүр бойынша ішкі істер органының қызметкерлері мен қала тұрғындары «Халық Қаһарманы», полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ескерткішінің алдына жиналыпты. Ғазиз Байтасовтың рухына тағзым еткен көпшілік ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Тілеген Мәткенов Ғазиз Байтасовтың қызметтік борышын адал атқарғанын атап айтты. – Облыстық ішкі істер департаментінің жол-патрульдік полициясы батальонының 1 взвод командирі болған полиция капитаны Ғазиз Байтасов өзінің қысқа ғана ғұмырында елін, жерін шын сүйген, Отанға адал азамат екенін көрсетті. Ол қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапты. Ғазиздің ерлік ісі ұмытылмайды, – дейді Т.Мәткенов. Митингте батырдың жары Гүлжамал Тәжиева Ғазиз Байтасовтың өмірден озғанына бес жылдан астам уақыт өтсе де, көңілдегі мұң сейілмегенін айтады. Ғазиздың есімін ел есінде сақтау үшін өткізілетін осындай мәні зор шараларды ұйымдастырушыларға екі ұлы Аманжан мен Әділжанның атынан алғысын жеткізіп тұрып: «Тірі болғанда бүгін 46 жасқа толатын еді», – деді қамығып. Ішкі істер департаменті көші-қон полициясының арнайы жеке ротасының инспекторы, полиция аға лейтенанты Нұрым Қойгелдиев батыр ерлігін өзіне үлгі тұтатынын айтады.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар