Петропавл трактор зауытының мамандары егістік кешенін ойлап тапты. Жаңа техника астықтың өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. «Степан» атты кешеннің алғашқы 6 данасының 4-уі сатылып та үлгерді.
Петропавл трактор зауыты 2016 жылдың шілдесінде ашылған болатын. Кәсіпорын ауылшаруашылық және коммуналдық техника шығарады. Мұнда әйгілі «К-700» сериялы трактор негізінде «К-704-4Р» моделі жобаланып, құрастырылды. Зауытта жыл басынан бері «К-704-4Р» және «Батыр» маркілі 7 трактор шығарылған.
«К-704-4Р тракторын құрастыруда К-700-дің барлық оңтайлы тұстары есепке алынып, кемшіліктері жойылды. Қуаттылығы 400 аттың күшіне тең. Осылайша қуатты, экономикалық тұрғыдан тиімді техника жасап шығардық. Біздің тауардың бағасы шетелдікке қарағанда 3 есе арзан», – дейді «Петропавл трактор зауыты» ЖШС-нің директоры Сергей Шинкоренко.
Көктемгі егіс науқаны қарсаңында зауытта жұмыс қызған. Қазір кәсіпорында «Степан» егістік кешендері шығарылып жатыр. Ауылшаруашылық техникасы тәулігіне 170 гектар алқапты өңдей алады. Көпфункциялы егістік кешені бір өткенде жерді өңдеп, тұқым себеді, топырақты малалап, арамшөптерді қиып түседі. Қызмет ету мерзімі 15-20 жылға шақталған техника 19 млн теңгеге бағаланыпты. Мамандардың айтуынша, оның шетелдік баламасы 30 пайызға қымбат.
«Өткен жылдың желтоқсан айында «Степанның» сынақ үлгісін жасап шығардық. Көптеген егістік кешенінің түрлерін сараптадық. Техника өзіміздің ұжымның күшімен жобаланды. Бұл кешеннің жұмыс принципінің ерекшелігі – топырақтағы ылғалдың булануына жол бермей, сақталып қалуына бағытталған. Біз Қазақстан бойынша алғашқылардың бірі болып, мұндай көпфункциялы техника шығаруды қолға алдық», – дейді «Петропавл трактор зауыты» ЖШС-нің директоры Сергей Шинкоренко.
Тапсырыс түссе, зауыт ұжымы бір кешенді 5-7 күнде құрастырып беруге дайын. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, тұтынушыларға сервистік қызмет те көрсетіледі.
«Мен зауыт ашылған күннен бастап осында жұмыс істеймін. Алғашқы мамандығым заңгер болатын. 3 ай дайындық курстарынан өтіп, құрастырушы мамандығын меңгердім. Бастапқыда қиын болғанымен төселіп кеттік. Бұған дейін трактор құрастырғанбыз. Енді міне егістік кешеніне көштік. Біздің жұмыс аса мұқият болуды талап етеді. Әр бөлшекті өз орнына салу керек», – дейді «Петропавл трактор зауыты» ЖШС-нің құрастырушысы Ғабит Әлібаев.
Петропавл трактор зауытында егістік кешенінің 2 түрлі үлгісі шығарылады. Олар: 10,8 және 8,7 метр жалпақтықты қамтиды. Кәсіпорын ұжымы басқа да ауылшаруашылық техника түрлерін игеруді жоспарлап отыр.
«Қазір жергілікті әкімдіктің тапсырысы бойынша коммуналдық тракторлар жасап жатырмыз. Екібастұз қаласынан тапсырыс түсті. Жоспар бойынша жылына 100 трактор жасауымыз керек. Сұраныс артып жатса, одан да көп шығаруға дайынбыз. Заман талабына сай, бағасы да тиімді техникаға сұраныс бар», – дейді «Петропавл трактор зауыты» ЖШС-нің атқарушы директоры Николай Зенин.
Петропавл трактор зауытында жасалған «Степан» кешенінің алғашқы үлгілері көктемгі тұқым себу науқанында егістік даласына шығады.
ақпарат көзі: Baq.kz
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді