«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ерекше бата беретін қызылордалық қариялар

Ерекше бата беретін қызылордалық қариялар
ашық дереккөз
Ерекше бата беретін қызылордалық қариялар
Сыр елінде батагөй қариялар көп. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров. Аузы дуалы ақсақалдан бата алғандардың қатарында бала да, шаға да, кәсіпкерлер де, атқамінер азаматтар да бар. Тіпті, Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Болатбек Қуандықовтың өзі бата сұрай келіпті. Ақ тілегіне риза болғаны соншалық, әкім қарияның қолына жеңіл көліктің кілтін табыс еткен.

95 жасқа толған қария өмірдің сан соқпағын көрген. Әкеден ерте айырылған, алапат ашаршылықты бастан өткерді, сұрапыл соғысқа да қатысты. 1945 жылы елге – Тереңөзек өңіріне оралып, қызу еңбекке араласты. Ешкімнің ала жібін аттамады, жұмысына адал, айналасына сыйлы болды. Сондықтан, қазыналы қарт бүгінгі бейбіт күнге шүкіршілік қылып, халыққа һәм жастарға, ел азаматтарына, Елбасыға тілекші болып отырады.

«Халқымыз «Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер», «Баталы ер – арымас», «Бота алғанша – бата ал» деп бекер айтпаған. Пайғамбарымыздың да қарттарды сыйлаңдар, олардың алғысын алыңдар деген өсиеттері бар. Батаның қадір-қасиеті жоғары. Сол себепті, біз тілегімізді аямаймыз. Маған осы Сырдария ауданының басшылары болсын, елдің ісіне араласып жүрген басқа жігіттер шарасына шақырады. Ондағы мақсаты сол – бата алу. 2009 жылы тал егу шарасына қатысып жатқанымызда сол кездегі облыстың басшысы Болатбек Қуандықов қасыма келіп, жасымды сұраған. «87-демін» дедім. «Онда маған батаңызды беріңіз» деді. Бердім батамды. Ол болса, рахметін айтып, көлік мінгіземін деп кетті. Риза болғаны шығар. Мен енді біреу бірдеңе береді екен деп, тілегімді айтпаймын ғой. Бірақ әкім бала уәдесінде тұрды. Жасым 90-ға толғанда көлік сыйлады», – деді Яхия ата.

 src=

Қашан да сабырлы, салмақты қалпынан танбайтын ардақты ардагер жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында өткізілетін барлық іс-шарадан қалмай жүреді. Әсіресе, Яхия атаны беташар тойларға жиі шақырады екен.

«Отау тігіп жатқан жастар «батаңызды бересіз бе» деп келеді. Оларға «ынтымақты болыңдар, менің жасымды берсін» деймін. Иә, бата алған адам ешқашан жаман болмайды ғой. Қарғыс алғанның оңғанын көргенім жоқ», – дей келе қария ел мен ерлерге арналған батасының үзіндісін айтып берді.

«Көл пайда болып тамшыдан,

Дария толсын қаңсыған.

Құт-береке кетпесін,

Диқан менен малшыдан.

Ашық болсын аспаның,

Бақ кетпесін басыңнан.

Көп болып достарың,

Ажырамасын қасыңнан.

Жоқ болсын дұшпаның,

Тас ататын тосыннан.

Тазалық деген денсаулық,

Ұшынба ішкен асыңнан.

Тіккен туы қазақтың

Ғасырға өтсін ғасырдан.

Аман болып Елбасы,

Асық тұрсын алшыдан...», – деген атаның тілегіне «әумин» дестік.

Яхия ата отбасында үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде қарияның жиырмадан астам немере-шөбересі бар.

«Мен атамның баласымын. Ол кісіні жақсы көремін. Оған қызмет қыламыз, атамыз бізге батасын береді. Жалпы, атамнан бата сұрайтын адам көп. Мен де қартайғанда атам сияқты құрметті қария болғым келеді», – дейді Яхия атаның мектепте 8-сынып оқитын немересі Бауыржан Амангелдіұлы.

Сонымен қатар, Жалағаш ауданына қарасты Мақпалкөл ауылында да Төлеміс Бектаев деген батагөй қария тұрады. Жасы 82-де. Ол кісі де Жалағаш ауданында той-томалақ, ас-садақаға жиі шақырылады.

«Өз жанымнан бата шығарамын деп өтірік айта алмаймын. Баталар жазылған кітаптарды оқып, сондағылардың барлығын жаттап алғанмын. Өзім газет-журнал, кітапты көп оқимын. Кез келген жағдайда сол ортаға лайық бата беремін. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Бата адамға рухани күш береді, ісіңді алға бастырады, бәле-жаладан сақтайды», – деді қария.

Төлеміс ата осыдан екі жыл бұрынғы «Дала күні – 2015» семинарына, яғни облыс диқандарының күріш ору науқанының салтанатты түрде басталуына да арнайы тілекші болып барды. Сонда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған азаматтарға батасын берген еді (видеода).

Бүгінде қарияның 11 баласынан тараған 40 немересі мен 15 шөбересі бар.

Жалағаштық тұрғын Сәбит Көбесовтің айтуынша, Төлеміс Бектаев ауданға сыйлы қария.

«Қайбір жылы біз де ол кісіден бата алғанбыз. Батасы ерекше. Кейінгі жастарға осындай үлкен кісілер үлгі бола алады. Өйткені, қазір бата бере алмайтын, батасы «баяндамаға» ұласып кететін үлкендер бар емес пе?!», - дейді Сәбит.

Ендеше, аузы дуалы, сөзі мағыналы батагөй қариялар аман болсын дейміз.

ақпарат көзі: Baq.kz

Ұқсас жаңалықтар