Халықаралық ЭКСПО көрмесі – еліміз үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы әрі әлем алдында Қазақстанның абыройын белгілейтін тарихи оқиға. Сын сағаттан сүрінбей өту жолында қазір барлық өңір үлкен дайындық үстінде.
Туристерді тарихи таңғажайыптарымен тартатын өңірімізде біршама жұмыстар басталып кетті. Бүгінде Ақыртас сияқты тарихи-мәдени ескерткіштерге қарай жол салу жұмыстары қолға алынған. Өйткені, қанша уақыт өтсе де құпиясын ашпаған Ақыртас кешеніне қонақтардың атбасын бұрмай өтпейтіні анық.
Ескерткішке бастайтын бұл жолдың жайы мәз емес екендігін газетіміздің 2016 жылғы 6 қазанындағы №116 санында жазған болатынбыз. Сең қозғалып, жақында жол құрылысы басталды деген хабар жеткен соң алып-ұшып Ақыртасқа аттандық...
Сапар алдында жауапты мекемеден жұмыстың анық-қанығы туралы мәліметтер алмаққа облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Әділет Ахатаевпен тілдесуді жөн көрдік. Бірақ, ол Ақыртастағы жол құрылысы қай деңгейде жүріп жатқандығы туралы білмейтінін айтты да, қарамағындағы бөлім басшыларының біріне хабарласуды ұсынды. Көкжиектен ЭКСПО көрініп тұрғанда Әділет Бегалыұлының «білмейміні» қалай деп ойладық. Не де болса, құрылыс барысын бара көруге бел будық. Басты жолдан бұрылған соң, Ақыртасқа қарай апаратын баяғы «азапқа» қайта түстік. Кешенге жақындай бере әр жерден шаң бұрқырап, құм тиеген он шақты техниканың қарасы көрінді. Бірақ, жұмыстың сипаты қарқынды деуге келмейтін сияқты. Жолды «Құрылыс ТЭД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алыпты. Жұмысшылардың жинала бастағанына екі күннің жүзі болыпты. Ал прораб Бейсен Төлендиев ол жерге біздің алдымызда ғана жеткен екен. «Қазір ұзындығы жеті шақырымдық, ені жеті метрлік асфальт жол салуға дайындық жүріп жатыр. 14 жүк көлігі тас, құм тасумен айналысуда. Өзім құрылыс басына бүгін келдім, енді нысанды мерзімінде тапсыруға тырысамыз», – деді ол. Аталмыш жолды салуға 354 миллион 575 мың теңге бөлінген. Құрылыс өткен жылдың қараша айында басталып, бөлінген қаржының 56 миллион теңгесі игеріліпті. Құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, игерілген қаражатқа жолдың ең төменгі негізі және құбырлар салыныпты. Ол мердігерлерге берілген мерзім – 8 ай, яғни, маусым айының 1 жұлдызына дейін жол пайдалануға берілуі тиіс екендігін айтты. Дегенмен, жыр болған жеті шақырымдық жол құрылысының баяу жүріп жатқандығы көрген көзге бірден байқалып-ақ тұр. Бұның себебін мердігер компанияның директоры Майра Сұлтанқызынан сұрасақ, жауын-шашынды, ауа райының қолайсыздығын алға тартып, жол салудың біраз уақытқа кідіргенін айтады. Дегенмен, көктем туып, күннің беті бері қарағанына аз уақыт болмағанын ескерсек, мердігердің сөзі сылтауға көбірек ұқсайды. Оған қоса, компания директоры жолды ертерек табыстауға әлі де асығатын емес. Себебі, ол «ұзын арқау, кең тұсаудың» керін келтіріп, «құрылысты тапсыру мерзімі жыл соңына дейін» – деп, ЭКСПО-ны қаперіне де ілмей отырғандай. Туризмді дамыту – талайдан бері еліміздің басты мәселелерінің бірі болып келеді. Тасын түртсең тарихы сөйлейтін Тараз қаласын тіпті туризмнің ордасына айналдыруға болады емес пе? Алайда, Ақыртасқа апаратын айналдырған жеті шақырымға жол салу сиырқұйымшақтанып кетіп, облыстың «бас құрылысшысын» ұятқа қалдырмаса екен.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді