ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ

ТІЛГЕ  ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ
ашық дереккөз
ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ

Қытай философы Конфуций: «Егер де маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен, сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім, себебі, тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді. Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды» деген екен. Жағаласса жауды, дауласса дауды жеңген, тілге шешен, ойға көсем батыр, дана, рухы асқақ қазақтың бүгінгі ұрпағы мемлекеттік тілге енжар, бейжай қарайтындай көрінеді. Білгір маман, іскер басшы болумен қатар, ұлтжанды азамат болу әркімге парыз. Қазақпын деген қаны бар әр жүректе ұлтжандылық алауы үздіксіз лапылдап тұрғанда ғана тіліміздің де, еліміздің де бағы жанбақ. Әрбір азамат тілім – тәуелсіздігімнің тірегі, болашағым, мақтанышым деген биік сезімді мұрат етуі шарт. Әсіресе, билік басындағылар мұны қатаң назарда ұстаса ләзім. Себебі олардың мінез-құлқы, іс-әрекеті, сөйлеген сөзі үнемі халықтың көз алдында, соған қарап еліктегіш жастар бойын тіктеп, ойын түзейді. Ата Заңымыздың 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп көрсетілген. Демек ресми тіл деген тіл жоқ, ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деген ұғым ғана бар. Еліміз егемендік алғалы ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңеюде. Белгілі бір тілдің мемлекеттік мәртебеге ие болуы оңай бола қалатын іс емес. Себебі ол тіл сол мемлекеттің иесі болып отырған халықтың мүддесінен шығып, барлық саладағы мұқтаждықтарды өтей алатын дәрежеде болуы шарт.

Гүлбану Саутова, облыс бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар