Ырыс, қайда барасың? ...парасыз болашаққа барамын

Ырыс, қайда барасың? ...парасыз  болашаққа  барамын
ашық дереккөз
Ырыс, қайда барасың? ...парасыз болашаққа барамын

Мемлекеттік қызмет көрсету барысында кездесетін әкімшілік кедергілерді барынша азайту мақсатында «Парасыз болашаққа. Бірге!» ұранымен құрылған мобильдік топ өз жұмысын бастады. Құрамына «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қызметкерлері, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері, облыстық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұлттық бюросының облыс бойынша департаментінің басшысы енген топ жыл соңына дейін жұмыс жүргізбек. Бұл – Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жаңа Жолдауынан туындаған сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою міндеті мен Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 13-қадамының жүзеге асырылуының нақты көрінісі. Мобильдік топ мүшелері Тараз қаласындағы Тұңғыш Президент саябағында бас қосып, міндет бөлісті. Жиында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаев жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бүгінгі қоғамдағы ең басты мәселе екенін тілге тиек етіп, жұмыс жоспарымен таныстырды. – Ширек ғасырдың тәуелсіздік жылнамасына көз жүгіртсек, мемлекет болып қалыптасуы мен нығаюы жолында қабылданған заңнамалар мен іс-шаралардың арқасында ел экономикасы көтерілді. Қазақстан әлем елдері арасында орнықты орнын тапты. Ауызбіршілігіміздің арқасында дүниежүзіне біртұтас ел ретінде танылдық. Ендігі мақсат – елімізді дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарламалар мен Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жұмыла жүзеге асыру. Көздеген межеміз – әлемдегі озық отыз елдің қатарына қосылу. Ал сыбайлас жемқорлық қоғамның дамуын тежейді. Сондықтан жемқорлыққа қарсы күресті бүкіл халық болып жүргізуіміз қажет. Бұл тек құқық қорғау органдарының қызметкерлері ғана айналысатын шаруа емес, жалпыға ортақ мәселе, – дейді ол. Жемқорлыққа қарсы жүргізілген күрес нәтижесіз де емес. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратқан Шүкеевтің сөзіне сүйенсек, жемқорлыққа жол беретін сыбайластықты жою үшін қолға алынған шаралардың арқасында облыста құқық бұзушылық біршама азайған. Партия тапсырысымен жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тиімділігіне оң баға беретіндердің саны соңғы төрт жылда екі есеге ұлғайған. Жиын барысында «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев, облыстық қазақ драма театрының әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрсипат Салықова, қол күресінен әлемнің үш дүркін чемпионы Дмитрий Трубин сөз сөйлеп, мобильдік топтың жұмысына сәттілік тіледі.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Суретті түсірген Виктор Барбаш.

Ұқсас жаңалықтар