Өркениет өріне білікті мамандар жеткізеді

Өркениет өріне   білікті мамандар жеткізеді
ашық дереккөз
Өркениет өріне білікті мамандар жеткізеді

Әлия Шымырбаева, Қаратау тау-кен технологиялық колледжінің оқытушысы.

Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстанның экономикасы қарыштап дамуда. Жаңа зауыттар мен фабрикалар көптеп салынып, шағын және орта бизнесті өркендетуге кең жол ашылған. Бүгінде Қаратау қаласында көптеген өндіріс ошақтары жұмыс істейді. Қала Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандарындағы түрлі өндіріс орындарының ортасында орналасқан. Өндірісі өркендеген қалада 1964 жылы фосфор, құрылыс және энергетика мамандықтары бойынша оңтүстік өңірде инженерлік кадрлар дайындау мақсатында Қазақ политехникалық институтының филиалы ашылған-ды. Содан бері осы жоғары оқу орнында Қазақстанның оңтүстік өңірінің өнеркәсібі мен өндірісі үшін мыңдаған кәсіби білікті мамандар даярланды. Колледжде көршілес Сарысу, Байзақ, Шу, Қордай аудандарынан және Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан көптеген студенттер білім алуда. Себебі, аталған өңірлерде де жаңа өндіріс орындары жанданып, білікті мамандарға деген сұраныс күн санап өсіп келеді. Білім ордасын елімізге белгілі азамат, бірнеше ауданды жемісті басқарған, тау-кен саласының білгір маманы Батырбек Құлекеев басқарады. Колледж өндіріске мамандар даярлаумен айналысуда. Ірі кәсіпорындарды мамандармен қамтамасыз ету мақсатында арнайы тапсырыс бойынша колледж студенттерін тегін оқытуға және келешекте түлектерді жұмыс орнымен қамтамасыз етуге келісімшарт жасалған. Мысалы: «Таlas Investment Company» ЖШС 40 студентті 3 мамандық, «Игілік» кәсіпорнына 40 студентті 5 мамандық, «Жуалы Су» кәсіпорнына 10 студентті 2 мамандық, «Жаңатас жылу» кәсіпорнына 10 студентті 4 мамандық, «Шақты Шуым-Ардақты Атамекенім» қорына 10 студентті 4 мамандық, «Ақ-тас» ЖШС 5 студентті 3 мамандық, «Қауыл Тас» ЖШС 2 студентті 1 мамандық, «Құрылыс-Жанар» ЖШС 3 студентті 2 мамандық бойынша даярлауда. Басқа да мекемелер мен кәсіпорындарға студенттер оқытудамыз. Жалпы, 85 студент жаңа заман талабына сай «Химиялық технология және өндіріс», «Электрмен қамтамасыз ету», «Ақпараттық жүйелер» мамандықтарына дуалдық оқыту жүйесі әдісімен оқытудамыз. Оқу үдерісі барысында колледж студенттері өндірістік тәжірибелерін Қаратау қаласындағы өндіріс орындарында өткізеді. Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту деп көрсетілген. Осы басымдықта «Кәсіптік білім беру жүйесінде, мен айтқандай, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар даярлауға ден қою керек» деп айтылған болатын. Сондықтан, Жолдаудағы міндеттерді орындауда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай жеке кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» негізінде еңбек нарығы сұранысымен қысқа мерзімде жұмысшы мамандарды дайындау мақсатында колледж осы жылы «Химиялық анализ лаборанты», «Тарату құрылғыларының электр жабдықтарын жөндеу электр слесарі», «Автокөлік электр жабдығын жөндеу бойынша электригі», «Бақылау – өлшеу аспаптары және автоматика бойынша слесарі», «ЭЕМ-ның операторы» мамандықтарына студенттер қабылдау үшін лицензия алуға жұмыстар жүргізуде. Оқу орнының 2 бас оқу ғимараты, жабық «Фосфорит» спорт кешені, 100 орындық кітапханасы, 200 орындық жатақханасы, 400 орындық акт залы, 70 орындық асханасы, интернет желісіне қосылған 3 компьютер сыныбы, бірнеше зертханалары және шеберханалары бар. Тараз мемлекеттік университеті колледжімізге үлкен қолдау көрсетуде. Республикамыздың өндіріс орындарына білікті мамандар даярлайтын Қаратау тау-кен технологиялық колледжінің болашағы зор. Алдағы уақытта да өндіріске білікті кадр даярлауға өз үлесімізді қоса береміз.

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар