ОҚО шаруалары жүзім көшетін сақтаудың жаңа әдісін ойлап тапты
- author «Ақ жол»
- 18 наурыз, 2017
- 219
Сарыағаш ауданында орналасқан «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС жылына 1 млн дана көшет өсіріліп, сатылымға шығарылады. Оның 250-300 мыңы тек қана жеміс беретін ағаштар. Ал 700 мыңы жүзім көшеті. Жыл сайын сұраныс та артып келеді. Оған қоса мемлекет есебінен берілетін субсидия да бар.
«Мемлекеттен берілетін субсидиясыз тұқымбақты дамыту мүмкін емес» дегенді алға тартқан серіктестік иесі Танабай Шынтасов әр көшетке 210 теңге көлемінде субсидия көмек алып жатқанын алға тартты.
Тұқымбақта 50 шақты қызметкер жұмыс істейді. Мұнда жыл басынан наурыз айына дейін жұмыс қыза түседі. Себебі олар көшеттерді булап, жаңаша сұрыпты ағаштарды дайындайды.
«Біз жылдың 12 айында тынбай еңбек етеміз. Жұмыс науқанын әдейі солай жасап қойғанбыз. Мысалға, шетелге бара қалсаңыз, «маған мына алма ағашын булап беріңіз» деп тапсырыс бере аласыз. Бізде де тура сондай жағдай. Булау жұмыстарын будандастырушы қызметкерлер жүзеге асырады», - деген бағбан Танабай Шынтасов тапсырыс беруші көшет будандастырылған соң бір айдың ішінде қажеттілігін алып кете алатынын айтты.
«Алты жыл болды осы тұқымбақта жұмыс жасап келемін. Дәл қазір алма көшетін будандастырып отырмын. Яғни, көшеті таза алма сұрпы мен жабайы көшет түптерін қырқып, бір-біріне тақап, байлаймыз. Есте сақтарлығы, қырқылған екі көшеттің диаметрі бір-біріне сай келуі қажет. Мұны булап шығару дейді. Сосын бұл көшетті ағаш үгіндісі (опилка) салынған жәшікке салып, 18 күндей сақтаймыз. Ауа температурасы +22 градус болуы шарт», - деді 53 жастағы көшет өңдеп шығарушы Сапаркүл Елемесова.
Тұқымбақтың жылдық табысы – 90 млн теңге. Оның басым көпшілігі ерте көктем кезінде түсетін қаржы көзі. Мұндағылар жемістің жаңашыл сұрыптарын өсіріп шығару ғана емес, оларды күтіп-баптауда да ерекше әдісті қолданып келеді. Солардың бірі - жүзім көшеті үсіп қалмас үшін жұқалтыр қағазбен (фольга) орау. Дәл қазіргі таңда бұл әдіс эксперимент ретінде қолданысқа еніп отыр. Яғни, тұқымбақтың 0,5 гектар аумағындағы жүзім көшеттері қыс уақыты түсе салысымен жұқалтыр қағаздарымен қапталған. Бағбан Танабай Шынтасовтың айтуынша, жұқалтыр орау әдісі шығынды 20-30 пайызға кемітеді.
"Жүзім егуде бірден бір проблема қысты күні көшетті сақтап қалу болып табылады. Біз қазір алматылық ғалымдармен бірге жұмыс жасап жатырмыз. «Фольганы» орап көрдік. Нәтиже берсе, Жамбыл, Алматы және оңтүстікқазақстандық шаруалар үшін үлкен септігін тигізеді. Шығын да аз, өнім де мол», - деп сөзін түйді бағбан.
ақпарат көзі: Baq.kz
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді