«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Автокеруен Ақтөбеге бет алды

Автокеруен Ақтөбеге бет алды
ашық дереккөз
Автокеруен Ақтөбеге бет алды

105 миллион теңгенің азық-түлік өнімдері тиелген автокеруен жолға шықты

 Өңіраралық ынтымақтастық байланыстың жақсаруы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны белгілі. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында өзара әріптестік екі тарап үшін де тиімді. Мұндай тиімді байланыс Жамбыл мен Ақтөбе облыстары арасында да орнығып, нығаймақ. Осыған байланысты үстіміздегі жылғы 18-19 наурыз күндері Ақтөбе қаласында жамбылдықтардың ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылатын болды.

Кеше облыс ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің өнімдері тиелген автокеруен Ақтөбе облысын бетке алып, жолға шықты. Тараздағы «Қазақ хандығы» монументі жанынан аттанған керуенге ақ жол тілеген облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев облысымыздың шаруа қожалықтары, дихандары мен мал өсірушілері Ақтөбе облысына 105,5 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін жөнелтіп отырғанын, бұл сапар екі тарапқа да тиімді болатынын атап өтті. Ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің 180 тонна өнімі 10 автомашинаға тиелген. Оның ішінде жылқы еті – 15, тауық еті – 4, шұжық өнімдері – 10, cүт өнімдері – 18,4, қарақұмық – 5, күріш – 5, кондитерлік өнімдер – 1,5, макарон – 6, өсімдік майы – 5,5, қант – 10, тұз – 0,5, балық – 7, бал – 2, кептірілген жеміс – 2, жеміс-жидек, көкөніс өнімдері 78 тоннаны, жұмыртқа 5 мың дананы құрайды. Жамбылдық кәсіпкерлер өндірген азық-түлік өнімдері ақтөбеліктер үшін Наурыз мерекесі алдындағы ерекше тарту болғалы тұр. Бұл өнімдер тұтынушыларына нарықтағыдан 15-20 пайыз төмен бағамен өткерілетін болады. Сондай-ақ, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзара кездесіп, бірқатар шаруашылықтарды аралайды, өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қояды деп күтілуде. Тараздан Ақтөбеге бет алған керуеннің жолы сәтті болғай!

Есет Досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар