Мәслихат мұрындық болған тірлік ауқымды
Тәуелсіздікпен бірге толысып, билікпен бірге буыны бекіп, ел-жұртпен етене қызмет атқарып келе жатқан мәслихаттарға биыл 20 жыл толып отыр. Әрі осы айтылған мерзім аралығында Мойынқұм ауданында жарқын жобалар жүзеге асты. Көптеген әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді.
Еді мекендерге ауызсу тартылып, жолдар жөнделіп, көшелер абаттандырылды. Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп, жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Мұндай мысалдарды әр ауылдан да кездестіруге болады. Осындай игі істердің бәрінде де мәслихаттың өзіндік қолтаңбасы жатыр.
Егемендік алғаннан соң, еліміздегі алғашқы мәслихат сайлауы 1994 жылғы 7 наурызда өткізіліп, әр деңгейдегі мәслихат органдары іске кіріскені белгілі. Өзінің қалыптасқан 20 жылы ішінде өкілеттіліктері мен біліктіліктері артқан жергілікті мәслихаттағы депутаттар корпусы – қоғамды одан әрі демократияландыруға, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға, халықтың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстарда өз белсенділіктерін танытуда. Төл тарихымыздың еншісіне алтын әріптермен жазылған сол бір 1994 жылдың 30 наурызында аудандық мәслихат-депутаттар жиналысының бірінші сессиясы өткен болатын. Аудандық мәслихаттың алғашқы сессиясына жұртшылық сенімін арқалаған 12 депутат қатысты. Депутаттар арасынан мәслихат хатшылығына Жұмабек Орынбаев сайланса, алғашқы депутаттық корпустың құрамында А. Шікетаев, Б.Қадықов, И.Абдраманов, Ү.Бекбаев, М.Бейімбетов, Б.Жамбылов, Ж.Қалыбаев, А.Қойшығұлова, Б.Көшеков, С.Мейірманов, М.Мұқашевтар болды. Одан кейінгі ІІ-ІІІ шақырылған (1999-2007ж.ж) мәслихатта хатшылық қызмет Есенаман Ошақбаевқа сеніп тапсырылды. Сол екі сайлауда барлығы жаңадан 15 депутат сайланып, тиісті мерзімге мандат қолдарына тиді. Ал, аудандық мәслихаттың ІV-V шақырылымдарында аудандық мәслихатқа 13 депутаттан сайланып, хатшылықты атқаруды депутаттар маған сеніп тапсырды. Жалпы аудандық мәслихаттың І-V шақырылымдарында өңірдегі сайлаушылардың сеніміне (1994-2012ж.ж) барлығы 43 депутат ие болған. Оның ішінде Бақтияр Махамедов 4 мәрте, ал, А.Шікетаев, Б.Қадықов, Е.Ошақбаев, С.Әбіловтер 3 мәрте шақырылымның депутаттары болған тәжірибелі азаматтар. Бесінші шақырылымда Айдын Қойшығұлова, Демьянова Зинаида Михайловна, Гүлмира Кемелқұлова, Ғалия Асатова сынды 4 әйел азамат халық қалаулысы атанды. Қазіргі кезде аудандық мәслихатта депутат Сүндетулла Әбілов жетекшілік ететін «Аумақтың экономикалық дамуы, бюджет және жергілікті салықтар, аумақтық құрылыс, жер, қоршаған ортаны қорғау мәселелері» және депутат Ғалия Асатова төрайымы болып табылатын «Аумақтың әлеуметтік дамуы, білім, мәдениет, тілдерді дамыту, халықтың денсаулығын сақтау, адам құқықтарын қорғау, халықтың аз қамтамасыз етілген бөлігін, мүгедектерді қорғау, жастар, отбасы және әйелдер ісі мәселелері» жөніндегі екі тұрақты комиссия жұмыс істейді. Ал, мәслихаттың алғашқы шақырылымында аппаратта 2 штаттық бірлік болса, қазіргі кезде 6 штаттық бірлік бар. Аппарат қызметкерлері жоғары білімді мамандардың, іс-тәжірибесі мол азаматтардың қатарынан іріктеліп алынды. Осыдан екі жыл бұрын 2012 жылдың 15 қаңтарында өткен ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау жөніндегі саяси додаға еліміздегі партиялардың бәрі қатысып, атсалысуы еліміздің демократиялық дамудың жаңа сатысына қадам басқанын көрсетті. Партиялардың билікке ұмтылуы, мемлекет дамуындағы бәсекені байқатты. Олардың қай деңгейде жұмыс атқарып жатқандығы осы сайлау барысында белгілі болды. Ал, 2013 жылдың тамызында Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет биліктің жергілікті органдары басшыларының сайлауы өткізілді. Бұл – ел өміріндегі басты қоғамдық саяси оқиғаға айналды. Біздің аудандық мәслихаттың депутаттары өз сайлаушылары алдындағы үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, науқанды ойдағыдай өткізді. Сөйтіп, 16 ауылдық округтің әкімдері сайланды. Бүгінде, V шақырылған аудандық мәслихат өз өкілеттігі шеңберінде өңірдегі өркенді істердің одан әрі өрістеуіне лайықты үлесін қосып келеді. 2012-2013 жылдар аралығында мәслихат 21 сессия өткізіп, онда Мойынқұм өңірінің дамуына байланысты 111 мәселені қарап, тиісті шешімдер шығарды. Депутаттардың негізгі жұмысы мәслихат сессиясы арқылы жүргізілетін болғандықтан кезекті, кезектен тыс сессиялардың тыңғылықты, заңға сәйкес өтуіне мән беріледі. Бұл ретте тұрақты комиссиялардың алдын-ала қарауында зерделеніп, сессияда көптеген мәселелердің оңды шешімін тауып жататынын айта кеткен жөн.
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді