«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Олжас Бектенов пен Михаил Мишустин кездесті

Олжас Бектенов пен Михаил Мишустин кездесті
Ашық дереккөз
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин екіжақты келіссөздер жүргізді. Онда сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық, өнеркәсіп, энергетика және көлік саласындағы жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ экология саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Владимир Владимирович Путиннің бірлескен күш-жігерінің арқасында қазақ-ресей қатынастары өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне көтерілді. Соңғы жылдары өзара сауда көлемі $30 млрд-тық межеге едәуір жақындады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ресей Қазақстан экономикасына салынған инвестициялар көлемі бойынша көшбасшы елдер қатарында. Мәселен, өткен жылдың 9 айында көршімізден $2,1 млрд инвестиция тартылды. Ал 20 жыл ішінде ресейлік тікелей инвестициялар көлемі $28,5 млрд-қа жетті. Қазақстан РФ экономикасына $9 млрд инвестиция салды.

«Сізді және қазақстандықтарды тарихи оқиғамен, жаңа Конституцияларыңыздың қабылдануымен шын жүректен құттықтаймын. Референдум нәтижесі Қазақстан халқының ел Президенті, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың заманауи әрі өркендеген мемлекет құру, республика азаматтарының әл-ауқатын арттыру бағытын қолдайтынын нақтылай түсті», — деп атап өтті Михаил Мишустин.

Келіссөздер барысында Каспий теңізінің экожүйесін сақтау және табиғатты қорғау бастамаларын жүзеге асыру жөніндегі бірлескен іс-қимылдарға да назар аударылды. Қазақстан Каспий теңізі деңгейінің одан әрі төмендеуін болдырмауға және экологиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған барлық Каспий маңы мемлекеттерінің жүйелі және келісілген өзара іс-қимылын қолдайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Каспийдің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаның жобасы әзірленуде.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту ниетін растады.

Ұқсас жаңалықтар