УАҚЫТ ӨЗГЕРІСТІ ТАЛАП ЕТЕДІ

УАҚЫТ ӨЗГЕРІСТІ  ТАЛАП ЕТЕДІ
ашық дереккөз
УАҚЫТ ӨЗГЕРІСТІ ТАЛАП ЕТЕДІ

Мақсат Қасымов, облыстық соттың судьясы.

 Ел тағдырында айрықша орын алатын үлкен қадамдар жасау қай мемлекетте болса да, қай кезеңде болса да үлкен қажеттілік. Өмір алға жылжыған сайын, заман талабына сай ел дамуы үшін ондай қадамға бару үлкен біліктілікті, көрегендікті талап етеді. Сол секілді тәуелсіздіктің ширек ғасырында дамудың бірнеше сатысынан өтіп, елдің әлеуметтік жағдайын бір арнаға бұрған біздің еліміз үшін де келесі қадам жасау ісі тұр еді. Елбасы сол қадамды қаймықпай, үлкен байыппен жасап отыр.

Өздеріңізге белгілі, өткен аптада Мемлекет басшысы, Президент Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. – Біз бүгін мемлекетіміз үшін мәні зор тарихи шешімнің жүзеге асатын сәтіне куә боламыз. Мен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға жария түрде қол қойғалы тұрмын. Бұл – қазіргі басқару жүйесін жаңғыртуға бастайтын маңызды қадам. Заң билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді етуге бағытталған. Оның жобасы бір ай бойы қызу қоғамдық талқылаудан өткенін білесіздер. Соның нәтижесінде жұртшылық тарапынан 6 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Арнайы құрылған жұмыс тобы бұл ұсыныстардың барлығын сараптап қарап, бір тұжырымға келді. Біз көпшіліктің Ата Заңдағы 26-бапқа өзгеріс енгізу жөніндегі ұсынысқа қатысты пікіріне ерекше мән бердік. Ұсыныстардың бәрі мұқият қаралған соң мен түпкілікті жобаны Парламент қарауына енгіздім. Парламенттің бірлескен отырысында екі рет қаралып, қабылданған бұл заң билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөледі. Сол арқылы заң шығарушы билік пен Үкіметтің мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа рөлі айқындалады. Біз өкілді органның құзырын кеңейтіп, Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін арттырдық. Мен қоғамдық талқылауға белсене атсалысқан ел азаматтарының бәріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, жұмыс тобына зор алғыс айтамын. Жұмыс тобына мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары, заңгерлер, университет басшылары қатысты. Парламент депутаттары көп ұсыныс енгізіп, нақты жұмыс істеді. Барлық шаралар үшін рахмет айтамын. Заңмен жұмыс жүргізіп, маңызды міндет атқарған Парламент депутаттарына да көп рахмет. Осылайша, Отанымыздың басты құжаты кемелдене түсті, – деді Елбасы қол қою рәсімінде. Расында, бұл заңның қабылдануы барысында барша жұрт оны қызу талқылап, өз ойларын ашық жеткізуге мол мүмкіндік жасалған, толыққанды демократия орнаған ел екенімізді тағы бір таныта алдық. Жұртшылық тарапынан 6 мыңнан астам ұсыныс түсіп, ол ұсыныстар мен пікірлер жан-жақты қаралып барып қабылданған бұл заңды шын мәнінде кемеліне келген шешім деп қабылдаймыз. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» десек, елмен ойласып, халықпен ақылдаса отырып қабылданған бұл заң болашақта өзінің тиісті оң нәтижесін береді деген сенімдеміз.

Ұқсас жаңалықтар