Мемлекет тарихындағы маңызды қадам

Мемлекет тарихындағы  маңызды қадам
ашық дереккөз
Мемлекет тарихындағы маңызды қадам

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға жария түрде қол қойғаннан кейін, Тараз қаласындағы Достық үйінде Мемлекет басшысының Үндеуіне қатысты талқылау қорытындыларын шығаруға арналған республикалық бірыңғай күн аясында «Азаматтық қоғам институттарының отырысы» өтті. Облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы құрылымдарының, облыстық ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңестердің және ақпараттық-насихаттық топтың төрағалары мен мүшелері, түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестік жетекшілері қатысты. Жиынды ашып жүргізген Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң Конституциялық Кеңеске жолданып мақұлданғанын айта келе, көпшілікті Президентіміздің «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қоюымен құттықтады. – Президентіміздің өз өкілеттілігінің бірқатарын Үкімет пен Парламентке бөліп беру туралы жасаған Үндеуін арнайы құрылған мобильдік топтар мен ақпараттық-насихаттық топ мүшелері өңір тұрғындарына кеңірек түсіндіріп, бір айдың ішінде 26 кездесу өткізді. Көпшіліктің ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға Елбасы қол қойды. Ал ел арасында қызу пікір-талас тудырған 26-бапты Президент бұрынғы редакциясында қалдыруды ұсынды. Бұл биліктің ашықтық принципті ұстанатынын және халықпен санасатынын көрсетеді, – деді Маржан Төреғұлқызы. «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы жанындағы ғылыми сараптамалық топ мүшесі, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Халықаралық және конституциялық құқық» кафедрасының аға оқытушысы Асқар Қадырқұлов, облыстық мәслихат депутаты, «Бірлік» депутаттық тобының жетекшісі Абай Нұржанов Президентіміздің «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қоюы республиканың конституциялық құндылықтарына сәйкес келетінін, осы күн тәуелсіз Қазақстанның тарихында маңызды оқиға ретінде жазылатынын айта келе, өзгеріс енгізілген кейбір баптарға жеке-жеке тоқталып, билік құқығы нақтыланғанын тілге тиек етті. – Мемлекет басшысының Үндеуі облыстық, аудандық ардагерлер кеңестерінде талқыланып, ардагерлер қауымы өз пікірлерін білдірді. Есепке алынған ұсыныстардың ішінде ардагерлер көтерген мәселелер де бар. Негізінен, Президентіміздің Үндеу жариялап, Конституцияға енгізілетін ұсыныстар жобасын бүкілхалықтық талқылауға ұсынуы – оның халық қамын әріден ойлайтынын көрсетеді. Елбасымыз өз құзырындағы бірқатар өкілеттілікті билік тармақтарына бөліп берді. Бір кездегі қиын-қыстау уақытта мемлекетіміз парламенттік басқару жүйесіне өтуге дайын емес еді. Енді міне, Ұлт Көшбасшысының арқасында еліміз өркендеп, Қазақстан аяғынан тік тұрды. Әлемдік саясатқа араласа бастаған мемлекетіміз үшін Конституцияға осындай өзгеріс енгізу қажет болды, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің хатшысы Жаңабай Миллионов.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар