«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Малға «сырға» салу, қызға сырға салу емес

Малға «сырға» салу, қызға сырға салу емес
ашық дереккөз
Малға «сырға» салу, қызға сырға салу емес

Бірдейлендіру деген не?

Мал сырғалау мәселесі бұрындары жиі көтеріліп, сырғаның жеткіліксіз болуынан сала қызметкерлері де, шаруалар да біраз әбігерге түсетін. Бүгінде бұл іс ыңғайға келгенге ұқсайды. Былтырғы бір жылдың ішінде мүйізді ірі қараға – 509 236, түйеге – 2690, қой-ешкіге – 1491595 және шошқаға 650831 дана сырғалар (құлақ жапсырмалары) кезең-кезеңімен жеткізіліп берілген. Мамандар бүгінде сырға шаруаларға түгел және тегін таратылып жатқанын айтады. Малшы алдында сырғаланбаған мал жоқтың қасында. Бірақ мал базарға бас сұқсақ, жағдай басқаша... Қазақ, негізі, төрт түліктен несібесін айырған. Өйткені ол – біздің ата кәсібіміз. Сондықтан нарықтық экономика кезінде әлемдік сауда айналымында мал өнімдері арқылы еліміз өз орнын белгілеп алуына мүмкіндіктер жоқ емес. Қазіргі мақсат та осы. Елбасы биылғы халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40 пайызға көбейтуді тапсырғаны белгілі.

Мемлекет әлеуетінің артуы үшін жасалатын қадамның маңыздылығын әрбір қазақстандық азамат жіті ұғынуы тиіс. Үшінші жаңғырту тұсындағы ауқымды жоспарлар аяқсыз қалмау үшін қандай да бір тетік болсын мүлтіксіз іске қосылмаса болмайды. Заңсыз нәрсенің бәрі де жансыз. Айтқымыз келгені, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 30 қаңтарындағы бұйрығымен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидасы бекітілуімен де байланысты. Бұл – мемлекеттік маңызы бар шара.

Таяқ лақтырсаң, сырғасыз сиырға тиеді

Таяуда Тараз қаласының солтүстік-батыс жағына орналасқан жаңа мал базарына жол түсті. Саудасы қызып тұрған «Ас-Ер» базарында төрт түлігіңіз жыртылып айырылады. Саудагерлер облыс орталығынан ғана емес, аудандардан, керек десеңіз, басқа облыстардан да ағылып келіп жатыр екен. Маңырап, улап-шулаған қой-ешкінің ортасына қойып кетіп, нарықтың жайын сұрастырып келе жатқанымызда, сырғасыз түліктер еріксіз көзге түсе берді. Одан ары кетіп, Зеңгі баба түлігінің тобын араладық. Ол жерде де таяқ лақтырсаң, сырғасыз сиырға тиетіндей көрінді. Бұл қалай болғаны? Заң басқа. Мән-жай басқа. Мал иелерінен сұрасаң, барлығының жауабы бір – «түсіп қалды» деген сылтауға саяды. Немесе «мен делдалмын, малдың құжатында, сырғасында шаруам жоқ», – деп басын ала қашатындар жиі ұшырасты. Демек, сырғасыз мал күдікті саналады. Оны сатуға үзілді-кесілді тыйым салынуы керек. Бірақ бұл мәселені назарда ұстауы тиіс базар мамандары заңды қаперіне алмайтын секілді. Сырғасыз малды көрсе де, көрмегендей кейіп танытты. «Медицина – адамдарды, ал, ветеринария адамзатты емдейді» деген даналық сөз арқылы-ақ, мал дәрігерлерінің қандай жауапкершілікті арқалайтынын аңғарамыз. Бірақ «Сырғасыз мал базарға қалай кіргізілді?», – деп сұрағанымызда, «Жолда түсіп қалған шығар», – деген базар ветеринары М. Ескермесовтің жауабы көңілге қонбады. «Базарға кіргізілген екен, неге бірден оқшаулау пунктіне жөнелтпейсіздер?» – десек, «Мал ауру болмаса, оқшауламаймыз», – дейді. Сөзінен салғырттықтың сызы есіп-ақ тұр. Осыған байланысты сұрағымызға облыстық ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияров: «Мал базарға демалыс күні жүздеген, мыңдаған мал әкелінеді. Оның барлығын бір ветеринардың түгел тексеріп үлгеруі мүмкін емес. Базар әкімшілігі осыны ескеріп, бір емес, бірнеше мал дәрігері маманын жұмысқа алуы тиіс. Сондықтан, бұл мәселеде базар әкімшілігінің де кемшілігі жоқ емес», – деген уәж айтты. Мамандардың айтуынша, жұқпалы аурулар негізінен мал базарларынан таралады екен. Сондықтан, сақтық шараларын күшейтіп отырмаса, малдың ғана емес, адамның да өміріне қауіп төнуі мүмкін. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Сәрсенбай Солтанбеков: «Кез-келген елді мекенде мал сырғаланады, содан соң емделеді, анықтама беріледі. Сырғасы жоқ түлікке мал дәрігерінің анықтама беруге хақысы жоқ. Бірақ, таныс-тамыр арқасында ауылынан бірдейлендіру жүйесіне енбеген малға жалған анықтама алып базарға келетіндер көп екендігі жасырын емес. Егер базарға сырғасыз мал кірсе, оның мән-жайын білмейінше, бірден оқшаулау пунктіне тоғыту керек», – дейді. Жыл басынан бері аталған инспекция тарапынан жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесінде бірдейлендіру жүйесіне енбей тасымалданған, анықтамасы жоқ мал иелеріне, тасымалдаушыларға, мал дәрігерлеріне заң бұзушылыққа жол беруіне байланысты 930290 теңге көлеміндегі 18 айыппұл салыныпты. Мал басын көбейту жолында бірдейлендіру мәселесі реттелуі қажет-ақ. Жуырда арнайы жұмыс сапарымен облысымызда болған ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдулданов бұл жөнінде былай деп түсіндірме берді: «Мал да машина сияқты. Автокөліктің нөмірсіз жүргізілмейтіні секілді, түлік те қорадан сырғасыз шығарылмауы керек. Сырғасыз малдың шығу тегі беймәлім, оған түрлі қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы екпе егілген-егілмегені белгісіз. Қазақ бірақ бес сиырын жазбай таниды ғой. Әрине, сол ауылдан ауру шығып жатпаса, карантин болмаса, мал айтарлықтай қауіп әкелмеуі мүмкін. Бірақ заңдылық бұзылады. Бұл ретте базар әкімшілігі, мал дәрігері, тасымалдаушы, мал иесі жауапқа тартылады», – дейді ол.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар