«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әлемнің жарығын сыйладың сен маған

Әлемнің жарығын сыйладың  сен маған
ашық дереккөз
Әлемнің жарығын сыйладың сен маған

«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», дейді дана халқымыз. Рас. Әйел – аяулы жар, білікті маман, қамқор ана. Аналар отбасының ырыс-берекесін сақтап, өскелең ұрпаққа тәрбие берумен қатар, егемен еліміздің өркендету үшін экономиканың кез-келген саласында жоғары белсенділік танытып, өз үлестерін аянбай қосып келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тарих тағылымында өзгерістердің барлығы әйелдердің қолымен немесе әйелдер үшін жасалады. Әйел шексіз құдіреттің иесі болып саналады. Тәуелсіз Қазақстанда әйелдердің рөлі жыл сайын өсіп келеді. Қоғамның даму барысын өмірде нәзік, көңілде биік, ал істе мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» – деуі де бұл сөзіміздің нақты айғағы бола алады. IMG_8063 IMG_7959Әйелдер мерекесіне орай «Баласағұн» орталық концерт залында өткен аналар мен қыз-келіншектерге арналған мерекелік думан барша әйелдер қауымының мерейін өсіріп, оларға көтеріңкі көңіл-күй, әдемі әсер сыйлады. Салтанатты шарада облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев өңірдегі барша әйелдер қауымын көрікті көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтап, ыстық ықыласын білдірді. – Ардақты аналар және облыстың барша ханымдары, сіздерді мейірімі мен шапағаты мол 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ана – тіршіліктің бастауы, қайнар көзі. Ананың жүрегі нәзік болғанмен, рухы мықты. Сондықтан да, адамзатқа әлемнің жарығын сыйлаған ана алдында бас имейтін адам жоқ. «Әйел – өмірдің тірегі ғана емес, әйел – өмірдің өзі», деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, жер бетіндегі барлық тіршілік күннің нұры мен ананың ақ сүтінен нәр алады. Бүгінгі мерекеде ерен еңбектің үлгісін көрсеткен, асылдың сынығындай Социалистік Еңбек Ері Мәрзия Ибрагимованың есімін ерекше құрметпен айтып өтуіміз керек. Облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып жүрген Лидия Ахметова, Нілзия Рахышева, Күләш Назарбекова, Күләш Әбдікешова, Бәтес Егембердиева, Самиха Қоңырова секілді еңбек ардагерлері – біздің мақтанышымыз. Ортамызда отырған Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметовтің анасы Тоқтагүл Сметова, үш дүркін «Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаевтың анасы Ләззат Жұматаева, бокстан әлем чемпионы Олжас Сәттібаевтың анасы Әмина Дүзеева, армрестлингтен әлемнің үш дүркін чемпионы Дмитрий Трубиннің анасы Наталья Трубинаның есімдерін айрықша атап өткен жөн. Өңірімізде жыл санап жарық дүние есігін ашқан жас сәбилер қатары көбеюде. Соның айқын дәлелі ретінде қазіргі таңда облысымызда 8 351 «Алтын алқа» және 12 885 «Күміс алқа» иегерлері – батыр аналар тұратынын айтсақ та жеткілікті. Көктемнің шуақты мерекесінде сіздерге дүниенің барлық жақсылығын, қуанышы мен шаттығын, деннің саулығы мен амандығын тілеймін,– дей келе Кәрім Нәсбекұлы көп балалы аналарды және өзге де саладағы жемісті еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерге ізгі лебізін арнады. Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Онда қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Асқар Жүнісбеков, Жанболат пен Жазира және облыс өнерпаздарының әуелете шырқаған ана, арулар, махаббат туралы лирикалық әдемі әндері жиналғандарды әсем әуен аясында тербеп, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. * * * Арулар күні биыл Тараз қаласында айрықша атап өтілді. Жылдағы дәстүр бойынша орталық Достық алаңы мерекеге сай безендіріліп, мерекелік концерт ұйымдастырылды. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» аналарға, көркімен көңілге нұр құйған аруларға арналып ән-биден шашу шашылды. Серуенге шығып, концерт тамашалауға келген адамдар қарасы да басым. Бірі отбасымен думандатып жүрсе, енді бірі сүйіктісімен қол ұстасқан, бас қосқан дос-жарандардың да емен-жарқын күлкісі естіледі. Бір сөзбен айтқанда, алаңды ән-жырға бөлеп, қала тұрғындары мен қонақтарына арнап арнайы концерт ұйымдастырған Тараз қалалық ішкі саясат бөлімі мен қалалық Мәдениет үйі қызметшілерінің еңбегі текке кеткен жоқ.

Жанғазы ахмет, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар