Әлдилеп, аялап, өсірген жемісін

Әлдилеп, аялап, өсірген жемісін
ашық дереккөз
Әлдилеп, аялап, өсірген жемісін
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі ардақты аналардың, аяулы арулардың мерейін тасытты десек, артық айтқандық емес. Барша әйелдер қауымын күндей жайнатып, гүлдей құлпыртып жететін осы мереке қарсаңында облыс әкімі әр салада елеулі еңбек етіп, жемісті жұмыс істеп жүрген бір топ әйелдер қауымын қабылдап, құттықтады. Достық үйінде өткен мерекелік кездесуге ардагерлер кеңесінің белсенді мүшелері, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, өнеркәсіп салаларының өкілдері, кәсіпкер, депутат әйелдер және көп балалы аналар қатысты. – Табиғат ананы оятып, тіршілікке нәр беріп, төңіректі түрлендіре түсетін мамыражай көктем мезгілі мерекеге толы. Солардың ішіндегі Халықаралық әйелдер күні – ерекше мейрам. Бұл асыл әжелеріміздің, адамзатқа өмір сыйлайтын аналарымыздың, қаракөз қарындастарымыздың мерекесі. Сондықтан да, барша әйелдер қауымын осы мерекемен құттықтаймын! Бүгінде облысымызда жұмыс атқаратын үкіметтік емес ұйымдардың 45 пайызына қыз-келіншектер басшылық жасаса, сонымен қатар, әйелдердің саяси көшбасшы мектебі – іскер әйелдер қауымдастығы да белсенді жұмыс жасауда. Өңірдегі 5145 мемлекеттік қызметшінің 43,8 пайызын, шағын бизнестің 40 пайызын, мұғалімдер мен дәрігерлердің 85 пайызын әйелдер қауымы құрайды. Сондай-ақ, облысымызда 21236 көп балалы батыр аналар тұратынын мақтанышпен айта аламыз. Сіздерге Үкімет тарапынан көрсетілетін қамқорлық пен әлеуметтік көмектер көбеюде. Өйткені сіздер барлық құрметке лайықсыздар. Жылына бір келетін мерекеде өздеріңіздің еңбектеріңізді бағалап, сый-құрмет көрсету – біздер үшін үлкен қуаныш, мерелі міндет, – деген Кәрім Нәсбекұлы адал еңбегімен ел құрметіне бөленген Еңбек Ері Мәрзия Ибрагимова, жүзуден Паралимпиада ойындарының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрсифат Салықова, жеке балабақша ашып, жас ұрпақты тәрбиелеуге өз үлесін қосып жүрген Іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Гүлдара Нұрымова, жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 2015 жылы дәрі-дәрмек түрінде 29 миллион теңгеге, өткен жылы 27 миллион теңгеге қайырымдылық көмек көрсеткен «Амир и Д» ЖШС директоры Қарлығаш Қаймолдаеваны және жұрт мақтанышына айналған Бейбіт Ыстыбаев, Елдос Сметов, Олжас Сәттібаев секілді спорт саңлақтарын өмірге алып келген батыр аналарды, Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың жары Гүлжамал Тәжиеваны ерекше атап өтті. Осыдан кейін өңір басшысы салтанатты шараға әр ауданнан келген түрлі салада еңбек етіп жүрген әйелдер қауымына мерекелік сыйлықтар табыстады. Марапаттау рәсімінен кейін облыстық қазақ драма театрының актрисасы Нұрсифат Рақымбайқызы, «Мейірім» медициналық орталығының директоры Гүлдара Нұрымова, Жамбыл гуманитарлық колледжінің оқытушысы Шолпан Мәуленова, облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Ақмарал Жанысова, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери басқармасының медициналық қамсыздандыру қызметінің аға офицер-провизоры Гүлзия Оңғарбаева сөз алып, ізгі ниетін білдірген облыс басшысына алғыстарын айтты. Жиналғандар естелік суретке түсіп, шат-шадыман көңілде тарқасты.

Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар