Қазақстандық әжелер 25 жылдан бері футбол ойнап келеді

Қазақстандық әжелер 25 жылдан бері футбол ойнап келеді
ашық дереккөз
Қазақстандық әжелер 25 жылдан бері футбол ойнап келеді

Зейнет жасынан асып кеткен қазақстандық әжелер 25 жылдан бері футбол ойнап келеді. Бағдарлама жүргізушісі Бейсен Құранбек олардың мінсіз сымбатына қайран қалғанын жасырмады.

Бұл туралы “Айтуға оңай” бағдарламасында айтылды.

«Әжелер» футбол командасындағы әжелердің жастары 60-тан асса да, өздерін сергек сезінеді, қимылдары да ширақ. Бастапқыда жұбайларының ойынан тамашалауға барып жүріп қызығушылықтары оянады. Бірте-бірте ойынға кірісіп кеткен әжелер әр бейсенбі сайын футбол ойнауды әдетке айналдырған. Олар тіпті кейде туған күндерін осылай атап өтеді екен.

«Бұл кісілердің футбол ойнап келе жатқанына 25 жыл болды. Қыркүйек айында Украинаның Киев қаласында болды. Сол жерде шеберлік сабақтарын өткізіп келді. Әр бейсенбі кешкі сағат 7-де осы жерге келеді. Қазір жаттығу залында ойнап жүр. Бірақ бұл кісілер далада ойнағанды көбірек ұнатады. Арасында алаңдағы қарды өздері күреп кетеді», – дейді жаттықтырушы Май Темірбаев.

Футболды, ең алдымен, әжелердің жолдастары бірігіп ойнаған екен. Артынша әжелер өздерінің серіктеріне еліктеп, команда тұрған. Ал команданың құрылуына Күлімхан Борықбаева себепші болған-ды.

«Осыдан 35 жыл бұрын біздің жолдастарымыз бір тойда далаға шығып, доп ойнап кетті. Олар осылайша 10 жыл бойы ойнап жүрді. Бір күні «Біз неге ойнамаймыз?» деген ой келді. Бастамашы өзім болдым. 12 адам жиналып алып екі командаға бөлінеміз. Зейнетке шықсақ та, жұмыс істейміз. Арамызда 67-68 жастағы әжелер бар. Олар қатты жүгіреді. Бір шетінен, футбол ойнаған кезде 12 мүшең толықтай қимылдап, денсаулыққа жақсы әсер етеді. Былтыр Украинаға барғанбыз. Билайнның жарнамасына да түсіп келдік», – дейді ол.

Ұқсас жаңалықтар