Биылға жоспарланған шаралар өте ауқымды

Биылға жоспарланған шаралар өте ауқымды
ашық дереккөз
Биылға жоспарланған шаралар өте ауқымды

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Қоғамдық кеңес мүшелерін Жолдау жүктеген міндеттерді жұмыла жүзеге асыруға шақырды

Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында құрылған Қоғамдық кеңестерге мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламаларының жобаларын және олардың орындалуын, стратегиялық жоспарларды, аумақты даму бағдарламаларын талқылау құқы берілгені мәлім. Өздеріне жүктелген міндеттер бойынша атқарушы органдардың есептерін тыңдап, ұсынымдық сипатта шешімдер шығаруы тиіс. Ал атқарушы органдар бұл қарарды қарауға міндетті. Сол себепті өңіріміздің 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен алдағы атқарылар міндеттері туралы Қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында есеп берген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жиында көтерілген ұсыныс-пікірлерді назарда ұстайтынын айтты. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жақында ғана жыл қорытындысы бойынша өңір тұрғындарымен есепті кездесуін өткізіп, өңірде атқарылған ілкімді істермен қатар, кезегін күткен түйткілді мәселелерді толық баяндаған болатын. Облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев ашып, жүргізіп отырған жиында да Кәрім Нәсбекұлы өткен жылы іске асырылған ауқымды жұмыстарға қысқаша тоқталып, биылға жоспарланған кешенді шараларды тарқатып айтты. – «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында көрсетілгендей, бүгінде Қоғамдық кеңестердің рөлі артып келеді. Бұл ұйым құрылғанына 1 жылдан астам уақыт өтсе де, атқарушы органдар мен тұрғындар арасын жақындастыра алды. Қазіргі кезде барлық маңызды мәселелер азаматтық қоғаммен кеңесіп, шешілетін болған. Аумақты дамыту барысы, облыстық бюджет жобасы, нормативтік-құқықтық актілер Кеңес мүшелерімен талқыланып отырады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен жариялылығын арттыру, халық пен билік арасында кері байланыс орнатуға оң ықпалын тигізуде, – деп азаматтық қоғамның өңірді дамытуға қосып отырған үлесіне айрықша тоқталған облыс әкімі әлемде қалыптасқан қиын экономикалық ахуалға қарамастан, былтыр барлық салада тұрақты динамика сақталып, көптеген көрсеткіштер бойынша өсімге қол жеткізілгенін айтып өтті. 2016 жылы экономиканың базалық салаларында өндірілген өнім жалпы ішкі өнім индикаторының 103,4 пайызын құрағанын, тамақ өнімдерінің өндірісі 2,4 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімдері 8,1 пайызға, құрылыс материалдарын өндіру 4,2 пайызға өскенін, инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің арқасында экономиканы дамытуға тартылған инвестиция көлемі 215 миллиард теңгеге жеткенін тілге тиек етті. Өрлеу мен өсім барлық салада байқалады. Мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық жоспарлардың жемісі өңір тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінен де айқын көрінуде. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың айтуынша, биылға жоспарланған шаралар өте ауқымды. Ендігі міндеттер Елбасы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен «Қазақстан-2050» Стратегиясында, Ұлт жоспарында нақтыланған тапсырмаларды орындауға бағытталатын болады. «Өнеркәсіпте еңбек өнімділігін төмендетпеуге бар күш-жігер жұмылдырылады. Кәсіпорындарда жаңа технологияларды енгізудің мүмкіндіктері зерттеледі. Барлық инвестициялық жобалар қайта қаралады», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Облыс әкімі Жолдауда айтылғандай, аграрлық экспорттық өнім көлемін ұлғайту үшін өңірде «Оңтүстік Халал Тағамдары» кәсіпорынның жұмысын жолға қойылатынын, ет кластері қалыптастыру, ет өнімдерін экспорттауды бірнеше есеге арттыру шаралары жалғасатынын, ылғал үнемдеу технологиясын 27 мың гектарға, су үнемдеу технологиясын 15 мың гектарға жеткізу жоспарланғанын тілге тиек етті. Алдағы уақытта көне Тараз шаһарының аумағы кеңейетінін, Сабалақов көшесінің бойында, жалпы аумағы 360 гектар жерге «Тараз сити» заманауи тұрғын үй кешенін салу көзделіп отырғанын айтып өтті. Солардың ішінде тұрғындардың қызығушылығын тудыратыны – шағын қалаларды көркейту жобасы мен Тараз қаласында салынатын жаңа шағын аудандар мен зәулім үйлердің құрылыстары, жаңа демалыс орындарының келісті архитектурасы екені анық. Жиында сөз алған Қоғамдық кеңестің бюджет және қаржы жөніндегі комиссия төрағасы Сағынхан Әміреқұлов Кәрім Нәсбекұлының жыл қорытындысы бойынша өткізген есепті кездесуі тұрғындар үшін диалог алаңы болғанын айтып, комиссия төрағасы аудан, ауыл әкімдері де жұртқа жақын болуы керек екенін еске салды. Ол алдағы «Б» корпусы қызметкерлерін аттестациялау кезінде кәсіби біліктілікпен қатар, мемлекеттік қызметкерлердің әдебі мен мәдениетіне де мән берілсе дейді. Кеңестің әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясының мүшесі, «Жамбыл облысының азаматтық альянсы ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Закиржан Юлдашев баяндамада қол жеткізген жетістіктермен қатар, кезегін күткен мәселелер де ашық айтылғанына назар аударды. Экономиканың кез-келген саласын ілгерілету – әлеуметтік саясатты жақсартатынын айта келіп, қоғамдық көліктерде қолдауға мұқтаж топтардың жолақысына жеңілдіктер қарастыруды, үкіметтік емес ұйымдар үйін ашу, яғни, ортақ ғимарат беру мәселесін қозғады. Аграрлық мәселелер, жер ресурстарын пайдалану жөніндегі комиссияның төрағасы Сембек Сейдәзімов те ұсыныс айтты. Кеңес мүшесі Әлібек Әмзеұлы: «қоғамдық сананы қалыптастыру үшін ашықтық принципі ұсталса», – дей келе, «қала сәулетіне сын келмеу үшін тиісті сала басшылары барлық жағдайды саралағаны жөн», – деген ол мал базарының жол жиегіне салынғанын сынға алды. Ал Мұрат Ақылбаевты алаңдататыны – «Тараз» футбол клубының алдағы маусымдағы жайы екен. Облыс әкімі бірқатар мәселелер бойынша нақты жауап беріп, өңірді өркендетуге бағытталған жұмыстарды іске асыруда қоғамның, алдыңғы буын, аға толқынның ұсыныс-пікірлері ескерілетінін айтты. Кәрім Нәсбекұлының айтуынша, өңірді дамыту үшін алға қойған міндеттер ауқымды, жоспарлар да өте көп. Бұл жобалар жүзеге асырылғанда, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі де шешімін тауып, тұрғындардың әлеуметтік ахуалы жақсара түсеріне күмән жоқ. Қалай десек те, жақсы тұрмыстың кепілі – табанды еңбек екені сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар