«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қай сала болмасын, қалыс қалмаған

Қай сала болмасын, қалыс қалмаған
ашық дереккөз
Қай сала болмасын, қалыс қалмаған
Облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында Елбасы Жолдауының басым бағыттарын спортшыларға, спорт саласының мамандарына түсіндіру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиевтің қатысуымен жиын өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысып, жүргізіп отырды. «Біз бұған дейін екі мәрте жаңғыру кезеңінен өттік. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көштік. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық парақтарында «Қазақстан-2030» ұзақ мерзімді даму стратегиялық бағдарламасын сәтті жүзеге асыра білдік. Арқа төсінде еңселі елордамыз Астана бой көтерді. Енді міне, еңселі еліміз дамудың, жаңғырудың үшінші кезеңіне қадам басып отыр. Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты осы жылғы Жолдауында негізінен 5 басымдыққа баса назар аударылып отыр. Алдымен Елбасы экономиканы жеделдетілген технологиямен жаңғыртуды жүктеп отыр. Әлбетте, заман көші өзгерді. Жаңару дәуірі туды. Соған сай біз цифрлы экономиканы қолдана отырып, жаңа индустрияларды өркендетуге бет бұруымыз керек», – деп Жолдаудағы бес міндетті толыққанды айтып өткен Қуатжан Уәлиев жылдың басты құжатында айтылған үш тілді меңгеру мәселесіне де назар аударды. «Елімізде қысқы Универсиада өткізілгені белгілі. Алматыда жалауы желбіреп, дүркіреп өткен жарыста біз нені байқай алдық? Мәселен, хоккей ойынында капитан алаңнан қуылғанда немесе алмастырылған сәтте басқа ойыншының төрешімен ағылшын тілінде еркін тілдесіп, өзінің кінәсіздігін түсіндірген сәттердің куәсі болдық. Мұнымен мен өз ана тілімізді сақтай отырып, спортшыларымыз ағылшын тілін меңгеруі керек дегенді алға тартқым келеді. Мәселен, халықаралық деңгейдегі жарыстарда төрешілермен түсінісу үшін ағылшын тілін білуің керек», – деген министр осы мәселеге барлық спортшылар назар аударуы шарт екенін айтып өтті. Елбасы Жолдауы жан-жақты сараланған жиын барысында өзге де мәселелер қозғалды. Облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Манарбек Ағайдаров білікті жас қызметкерлерге төленетін жалақы көлемі тым төмен екенін айтса, №1 спорт мектебінің директоры Орынбасар Шалданбаев ілгеріде мекеме басшысымен бір деңгейде қосылатын 40 пайыздық үстеменің бүгінде әдіскерлерге берілмейтінін алға тартты. Жоғарыда көтерілген мәселелерге және өзге де түйткілді сауалдарға жауап берген Қуатжан Уәлиев өзекті проблемаларды көтеріп, пікір білдірген азаматтарға рахметін айтты. Алдағы уақытта министрлікте бұл мәселелерді міндетті түрде көтеретінін, оның шешілу жолдарын қарастыруға тырысатынын да жеткізді. Кейіннен Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Тараз қаласындағы Достық үйінде мәдениет және архив саласының қызметкерлерімен кездесіп, мұнда да Елбасы Жолдауын түсіндіру жұмыстары бойынша баяндама жасады. Басқосуда Қуатжан Уәлиевтің түйінді ойы еңбек еткеннің еңсесі биік болатындығын білдірді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысып отырды.

Табиғат абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар