Өршіл мақсатқа өрелі ел қол жеткізеді

Өршіл мақсатқа өрелі ел қол жеткізеді
ашық дереккөз
Өршіл мақсатқа өрелі ел қол жеткізеді

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ХІХ кезектен тыс конференциясы өтті

Тараз қаласында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ХІХ кезектен тыс конференциясы өтті. Конференция жұмысына облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Кәрім Көкірекбаев қатысты. Маңызды жиында партия облыстық филиалы Саяси кеңесі мен бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері, бірқатар облыстық мекемелердің басшылары, облыстық мәслихаттағы партияның фракциясы мүшелері, этномәдени орталықтардың жетекшілері, партия Облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанаты кеңесінің мүшелері, БАҚ өкілдері залдан орын алды. Конференцияның күн тәртібіндегі мәселелер бойынша «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы талқыланып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылдың 31 қаңтарындағы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев баяндама жасады. Қазір жаһанда жаңалық көп, қарқынды даму белгілері айқын аңғарылуда. Жыл санап өзгеріп жатқан әлемде Қазақстан да заман талабына сай жаңарып келеді. Әсіресе, мемлекеттік басқару жүйесі мейлінше теңестірілген жүйеге ауысу мәселесін Елбасы өте орынды әрі дер кезінде көтеріп отыр. Конференцияда, бұл – бүгінгі күннің шынайы келбетіне сай жасалған қадам екені айтылды. «Елбасы ұсынған жаңа бағыт мемлекеттігімізді одан әрі нығайтуға, биліктің барлық тармақтарының жауапкершілігін күшейтетініне және күшті президенттік билікті сақтай отырып, еліміздегі саяси тұрақтылық пен одан әрі өсіп-өркендеудің берік кепілі болатынына нық сенімдіміз. Міне, бүгін тарихи қысқа мерзімде еліміз үлкен жетістіктерге жетті, оны бүкіл әлем жұртшылығы мойындады. Оған дәлел, экономикасы дамыған ел ғана Универсиада, ЭКСПО-2017 сияқты ауқымды шараларды өткізе алады», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Әлемдік дағдарыс жағдайында қабылданған нақты шаралар өзінің тиімділігін көрсетіп, «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары іске асырылып жатқанына куәміз. Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – сол жұмыстардың нақты жалғасы болса керек. Баяндама барысында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев биыл іске асырыла бастайтын «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасына тоқталып өтті. Осы орайда, бағдарлама аса маңызды міндетті орындауға, атап айқанда, алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталғандығы тілге тиек етілді. Бағдарламада тұрғын үй нарығын дамытудың кешенді шаралары көрініс тапқан. Соның бірі – «Даму» қоры арқылы мемлекеттің субсидия беруі есебінен құрылыс салушылар үшін банк несиесін арзандату болып табылады. Тұрғындар үшін «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы банктер беретін ипотекалық несиені субсидиялау жүзеге асырылады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үшін әкімдіктердің несиелік тұрғын үй салуы жалғасын табады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 103,3 миллиард теңгені құрап, бұл салаға инвестициялар көлемі 32 пайызға өскен. Оның ішінде тұрғын үй құрылысы халық үшін басты әлеуметтік мәселе болып табылады.

Жоғарғы технологияларды дамыту міндетімен сабақтасып жатқан «цифрлық қоғамды» кеңінен қалыптастыру жаңа жаңғыру кезеңінің мақсаттарының бірі екендігі мәлім. Бұл мәселе де баяндамаға арқау болды. Еліміздің экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін үздік жобалар мен технологияларды анықтау және ғылыми-инновациялық қызметке қызықтыру арқылы жастардың шығармашылық қабілеттілігін арттыру мақсатында 2016 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясы республикалық деңгейде «НУРИНТЕХ» («NURINTECH) республикалық жастар инновациялық жобалар байқауын өткізуді қолға алған.

Облыс басшысы өз сөзінде өнеркәсіп саласына тоқталып, облыста құрылған «Тараз-Химпарк» арнайы экономикалық аймағы туралы айтты. Бұл жерде 16 химиялық кәсіпорынның құрылысы жоспарланып жатқаны белгілі. Бүгінде ішкі және сыртқы инфрақұрылымы құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар «Қазфосфат», «ЕвроХим» және «Талас инвестмент компани» кәсіпорындарында да жалғасып жатқандығы облыс экономикасының әлеуетін өсіретін көрсеткіш. Жолдаудағы аграрлық секторды дамыту туралы сөз қозғап, аталмыш салаға қатысты нақты тапсырмаларда субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастыру, бес жылда 500 мыңнан астам шағын фермерлерді кооперативтерге тарту, өнімнің өңдеу сапасын жақсарту, еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын төмендету, жерді пайдалану тиімділігін арттыру, өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыруды орындау міндеті тұрғандығы тарқатып айтылды. Жолдауда белгіленгендей, облыста ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру бағытында біршама жұмыстар жүргізіліп келеді. Салада техникалық және технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру, заманауи технологиямен жұмыс істейтін жаңа ірі өндірістерді салу бойынша инвестициялық жобаларды іске қосу жұмыстары атқарылуда. Озық технологияларды өндіріске енгізіп, ағын суды тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында 2016 жылы нөлдік және минималды технология 26 мың гектарға енгізіліп, 5,2 пайызға артқан. Су үнемдеу технологиялары 11,9 мың гектарға жеткізіліп, 47 пайызға ұлғайыпты. Сонымен қатар, соңғы жылдары мал өнімдерінің көлемі де артып келеді. Өткен жылы ет өндірісі 5,3 пайызға, сүт 1 пайызға жоғарыласа, мал басы 2,4 пайызға дейін көбейген. Конференцияда бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту бойынша қойылған міндеттер де назардан тыс қалмады. Жолдауға сай, Үкімет биылдан бастап нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруда. Енді Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алатындығы баса айтылды. Баяндаманы қорытындылай келе, «Елбасы айтқандай, «бұл – өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады». Мәңгілік ел болуды мұрат тұтқан елдің ұрпағы ретінде біз Елбасы Жолдауында айқындалған тарихи міндеттерді аса жоғары жауапкершілікпен жүзеге асыруымыз қажет», – деді. Жарыссөзге кезегінде партияның Қордай аудандық филиалы төрағасы, аудан әкімі Қайрат Досаев еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор екендігіне тоқталып, «Шикізаттық өндірістен сапалы өндірілген өнім шығаруға көшу қажет. Сонда ғана халықаралық дәрежедегі бәсекеге қабілетті ел бола аламыз. Елбасы кооперативтерге жағдай жасау туралы айтты. Мысалы, пилоттық жобамен Қордай ауданында Қаракемер, Қарасу ауылдық округтерінде кооперативтер құрылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады», – деді. 2013 жылы Елбасы өз Жолдауында кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын ұйым ашуды міндеттеген, соның арқасында көптеген шет мемлекеттердің тәжірибесі зерттеліп, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылған болатын. Осы орайда, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова Елбасы бес негізгі басымдықты белгілей отырып, еліміздің Үшінші жаңғыруы бойынша нақты міндеттер қойғанын алға тартты. «Биылғы Жолдау ерекше болды. Міндеттердің басым көпшілігі тікелей және жанама түрде бизнеске қатысы бар. Бұл ел дамуы жолында кәсіпкерліктің маңыздылығын дәлелдейді. Бүгінде отандық тауар өндірушілер өнімінің экспортын ұлғайту, агроөнеркәсіп секторын дамыту, кәсіпкерлерге қызмет көрсету, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік, шағын несиелер қолжетімділігі, жекешелендіру, бизнес пен адами капиталдың дамуына әсер ететін әкімшілік кедергілерді азайту бойынша нақты жұмыстар істелуде», – деді ол. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың заң факультетінің деканы Қайрат Нұрманбетов, Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Гүлзия Зәуірбекова, партия Жуалы аудандық филиалы «Орталық» БПҰ төрағасы Руслан Сайлаубаев жарыссөзге қатысып, ойларын ортаға салды. Конференция күн тәртібіндегі үшінші мәселеге сай, ақпан айының 2 жұлдызынан облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған Мұратхан Шүкеев және Жамбыл аудандық мәслихатының хатшысы Рүстем Бегалиев Саяси кеңес мүшелігіне сайланды. Саяси кеңестің сандық құрамы 53 адам боп бекітілді. Конференция жұмысы аяқталған соң, облыс әкімі К.Көкірекбаевтың төрағалығымен партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің кезектен тыс 2-ші отырысы өтті. Ондағы мәселе бойынша, Саяси кеңес бюросының мүшелігіне облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев және Жамбыл аудандық мәслихат хатшысы, партияға деген жұрт сенімін арттыруда үлкен үлес қосып жүрген Рүстем Бегалиев бірауыздан сайланды.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан, Алтынбек ҚАРТАБАЙ.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар