Тозығы жеткен «темір тұлпарлардан» оңай құтылудың жолы бар
- author «Ақ жол»
- 16 ақпан, 2017
- 259
Ескі көліктердің есебі
Ескі көліктердің пайдасынан шығыны көп. Экологияға тигізіп жатқан зиянын айтпағанда, жол үстінде «сыр беріп», өміріңе қауіп төндіретіні тағы бар. Отандық автоөнеркәсіп саласының ісін өрге бастырмай тұрған да ескіге құмарлығымыз. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде тіркелген барлығы 4,5 миллион жеңіл автокөліктің жартысына жуығы 20 жылдан астам уақыт қолданылған екен. Көлік жағынан біздің өңірдің тұрғындары да кенде емес. Облысымызда 257 951 автокөлік бар екен. Оның 227 451-і – жеңіл автокөлік болса, 30 500-і – жүк көлігі. Соның 157 517-сі Тараз қаласына тиесілі. Нақтырақ айтсақ, 141 287-сі жеңіл машина, қалғаны жүк көліктері. Соңғы 3 жылда Қазақстанға шетелден бір жарым миллионнан астам автокөлік әкелінген екен. Оның көбісі – ескі көліктер. Өткен жылдың 21 қарашасы мен 30 желтоқсан айы аралығында елімізде тозығы жеткен көлік құралдарын ынталандыру бағдарламасының пилоттық жобасы жүзеге асырылып, «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері Операторы» ЖШС-ның қабылдау бекеттеріне 5665 автокөлік тапсырылған болатын. Ескі көліктерді өткізуде шымкенттіктер алда келеді. Қала тұрғындары бір айдан астам уақыт ішінде 764 автокөлік тапсырған. Екінші орында – 688 көлік өткізген Қостанай, ал үштікке ілінген Алматы қаласында 496 ескі көлік қабылданған. Ескі көлігін тапсырған 5659 көлік иесіне (1 санат бойынша – 150 мың теңгеден) – 848 миллион 850 мың теңге ақшалай өтемақы төленген. Екінші санатқа жатқызылған көліктерге (48 мың теңге) 288 мың теңге (6 көлікке) аударылған. Жалпы, берілген өтемақы сомасы 849 миллион 138 мың теңгені құраған. Жоюға тапсырылғандардың ішінде «ВАЗ-2105», «ВАЗ-2106», «ВАЗ-2101», «ГАЗ 3110», «Москвич-2140» и «Мазда 626» сияқты автокөліктер бар. көнетоз Көліктер қалай қабылданады?
«ӨКМ Операторы» ЖШС тозығы жеткен көлік құралдарын өткізуді ынталандыру бағдарламасын үстіміздегі жылдың 16 қаңтарынан бастап еліміздің 17 қаласында толығымен іске қосқан болатын. Жалпы, ескірген темір тұлпарларды қайда өткізуге болады? Оны өткізудің жолы қандай? Бүгінде ескі көліктерін ақшаға тапсыратындар үшін бағдарлама оңтайланған. 11 қаңтардан бастап электронды кезек жүйесі енгізілді. Кезекке тұрудың екі жолы бар. Біріншісі – ӨКМ Операторының Call орталығына – 8 800 080 08 65 ұялы телефонына хабарласу, екіншісі – auto.recycle.kz сайтына кіріп, арнайы форманы толтыру арқылы кезекке тұру. Үстіміздегі жылы бекітілген бағдарламада салық міндеттемесіне қатысты өзгеріс енгізіліп отыр. Яғни, бағдарламаға қатысушыға берілетін өтемақы есебінен Оператор жеке табыс салығын ұстап қалады (10 пайыз көлемінде). Көлік иесі немесе өткізуге сенім білдірген адамнан (көлік иесінің атынан әрекет етушіге) салық алымы ұсталмайды. Автокөлікті өткізушінің құжаты жіті тексерілетін болады. Егер құжат күмәнді болса, Оператор 3 жұмыс күнінің ішінде қабылданған құжаттарды тексеру үшін құқық қорғау органына тапсырады. Қазір Энергетика министрлігі «ӨКМ Операторының» «Жылжымалы мобильді бекет» жобасын жалғастыру жолын қарастыруда. Мобильді бекет жұмысын Павлодар, Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарындағы 26 елді мекенде жүргізу ұсынылып отыр. Атап айтқанда, жоба мақұлданса, оны облыстық және аудандық әкімдікпен бірлесе жүзеге асыратын болады. 1 ақпаннан бастап «ӨКМ Операторы» жаңа өндірістік кезеңге көшті. Бұдан былай автокөліктер қабылданатын бекеттерде олар бірден жоюға әзірленеді. Яғни, экологиялық талапты сақтай отырып автокөлікті тасымалдау және оны жою процесі былай жүргізіледі: аккумулятор, шиналар шешіп алынады. Техникалық сұйықтықтар стандартқа сай арнайы ыдысқа құйылады. Маусымнан бастап жүк көліктерін қабылдау жоспарда тұр. Таразда да утилизациялауға жататын көліктерді қабылдау орталығы бар. Ол Ниетқалиев көшесі, 95-үйде орналасқан. Бекетке қаңтар айының 19-на дейін тараздық жүргізушілер 450 автокөлік тапсырыпты. Көлігін қимай ма, әлде ақшасының аздығы қинай ма?
Еуропада көлікті 8 жылдан кейін жүргізуге тыйым салынған. Бірақ, еуропалықтар бірнеше жылдан кейін өздері-ақ «қорымға» жібереді екен. АҚШ-та да сол шамада. Жапонияда көлікті екі жыл сайын «сякэн», яғни, техникалық тексеруден өткізіп тұру керек, сол үшін иелері машинасын сатып құтылғанды, не болмаса қайта өңдеуге жібергенді жөн санайды. Себебі, техникалық тексеруден өткізу құны қымбат, «тұлпарыңа» қойылатын техникалық талаптар өте қиын, талапқа сай емес көліктерді жөндетуді тағы да қалта көтермейді. Ал сол Еуропа мен Жапониядан келген ескі көліктерге посткеңестік елдерде сұраныс өте жоғары. Қалтасы жұқаларға жаңасын сатып алғаннан гөрі ескі көліктерді қабылдап алып, қайта кәдеге жаратқан тиімді емес пе?! Мысалы, жамбылдық Нұрғиса есімді жігіттің 1990 жылғы Audi 80 маркалы көлігін мініп жүргеніне бірнеше жыл болыпты. Әу баста 350 мың теңгеге сатып алған екен. Ескі болса да, төзімді, адам тасуға да, жүк артуға да жарап тұр. – Өткізер едім, бірақ төлейтін ақшасы аздау. Audi ескі болса да жүріп тұр. Қазір 150 мың теңгеге машина сатып ала алмайсың, одан екі есе көп ақшаға да жақсы көлік келмейді. Ал сатып жіберсем ұтамын. Қазір 300 мыңға сатып алатын адам шығып тұр. Негізі бірден жаппай ескі көліктерден құтылу мүмкін емес. Себебі, еліміздегі көліктердің көбісі ескі. Көбісінің жаңа көлік алуға қалтасы көтермейді. Егер ескі көліктерге салық салса, көлігінен құтылуға асығатын шығар. Былайша, утилизация жасаумен ескіден арыла қоюымыз екіталай, – дейді ол. Нұрғиса секілді ескі көлігін қимайтындар барлық өңірлерде бар. Бірақ, машинаның жай-күйін жақсы білетіндер тозған көліктерден құтылуға асығып-ақ жатыр. Дидар есімді тараздық тұрғын өзінің ескі «ВАЗ-2105» көлігін утилизацияға өткізіп, 150 мың теңге алыпты. Оның айтуынша, көлігі апаттық жағдайда екен. – Жалпы, бұл бағдарламаның көп пайдасы бар. Себебі, мен секілді қалада апаттық жағдайдағы көлікті тізгіндеп жүргендер аз емес. Бұл бір жағынан жол қауіпсіздігіне кері әсерін тигізетін болса, екінші жағынан экологияны да ластайды. Бекетке өткізіп, ақшасын алған соң үстіне ақша қосып жаңасын алған дұрыс қой, – дейді ол. Қайта кәдеге жарату зауытына тапсырылған көліктер алдымен өлшенеді, радиациялық әсері тексеріледі. Содан соң қауіпті деген май, басқа да сұйықтықтары ағызылып, резеңке заттары ағытылып тасталады. Кәдеге жарауы мүмкін, бүтін деген бөлшектері де бөлек алынады. Сосын, шредерде ұсақталып, металл күйінде балқыту зауытына жіберіледі. Жалпы, 1 литр машина майының 200 тоннаға тарта топырақты ластап, ол жерді ондаған жыл бойы пайдалануға жарамсыз етіп тастайтыны ғылымда дәлелденген. Оған жыл сайын жарамсыз болып қалатын 90 мың тоннаға жуық дөңгелек резеңкені қосыңыз. Осы сияқты қоршаған ортаға зиян келтіретін заттар, көліктерді кәдеге жарататын жерлерде жиналса, құрылыс мақсаттарына қолданылса, зиянның орнына пайда көруге болмас па еді?!
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді