Қала аумағы ұлғайып, көрікті ғимараттар көбейді

Қала аумағы ұлғайып, көрікті ғимараттар көбейді
ашық дереккөз
Қала аумағы ұлғайып, көрікті ғимараттар көбейді
IMG_3172Өткен жылы еліміздің әлеуетін арттыруға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Елбасымыз ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында Тараз қаласында кешенді шаралар қабылданып, біршама істер тындырылды. Уақтылы қаржыландырылудың арқасында өзекті деген мәселелер дер кезінде шешімін тапқан. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламалары бойынша жүргізілген жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп, экономикалық өсімді ынталандыру аясында тұрғын үй құрылысы жандандырылған. Инфрақұрылымдық жобаларды жеделдету шаралары да қарқын алыпты. Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров тұрғындар алдындағы есепті кездесулерін түйіндеген қорытынды жиында алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғасатынын, барлық күш Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жаңа Жолдауында жүктелген міндеттерді орындауға жұмылдырылатынын айтты. Тараз қалалық Мәдениет үйінде өткен есепті жиынға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысты.

Нұржан Сәбитұлының айтуынша, қалада 31 123 кәсіпкерлік құрылымдары бар екен. Оның 25 645-і жеке кәсіпкер болса, 5445-і шағын, 33-і орта кәсіпорындар. Былтыр соларда өндірілген өнім көлемі 24 миллиард 349 миллион теңгеге жетіп, жалпы өнеркәсіп кәсіпорындары өндірген өнімнің 12,1 пайызын құраған. Салық түсімдері мен басқа да міндетті төлемдер бойынша мемлекеттік бюджетке шағын және орта бизнес нысандарының қосқан үлесі – 3,6, ал қала бюджеті бойынша 3,8 пайыз екен. – Есепті мерзімде «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 18 миллиард 928 миллион теңгеге 113 жоба қаржыландырылды. Банктің жеңілдетілген несие беру және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, жаңа бизнес бастамаларға грант бөлу тетігі бойынша іске асырған жобаларының арқасында 994 жаңа жұмыс орны ашылды. Шағын кәсіпкерлер «Микрокредиттік мекеме «KazMicroFinance» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 2 миллиард 420,5 миллион теңге несиеге қол жеткізді. Былтыр 27946 азаматқа әлеуметтік көмек көрсетіліп, жұмыспен қамтылған 6987 азаматтың 5089-ы уәкілетті жұмыспен қамту органы арқылы жұмысқа тұрды. 1311 азамат мемлекеттік және басқа да салалық бағдарламалар аясында іске асырылып жатқан жобалар бойынша жұмыспен қамтылса, 3889 адам мемлекеттің қолдауынсыз бос орындарға, 61-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 1060-ы қоғамдық жұмыстарға тартылған болатын. 459 жас «Жастар тәжірибесімен» жұмысқа жолдама алса, 207 адам кәсіптік даярлаудан өтті. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы 1571 адамның жұмыспен қамтылуына өз септігін тигізді, – дейді Н.Календеров. Өткен жылы мемлекеттік бағдарламаның инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту бағыты аясында 2 мектеп пен 2 балабақша ғимараттарына күрделі жөндеу, 1 колледж және 13 емдеу мекемесіне, 3 спорт, 4 әлеуметтік нысанға, 1 мәдениет ошағына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірнеше азамат жұмыспен қамтылыпты. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 58 миллиард 20 миллион теңгені құрап, жан басына шаққанда 159 мың теңгеден айналған екен. Қалада тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге бағаны тұрақтандыру бойынша жүргізілген жұмыстардың арқасында коммуналдық базарда 83 жәрмеңке өткізіліп, тұрғындар 938 миллион теңгенің азық-түлік тауарларын тұтынған. Орталық Достық алаңында 12 жәрмеңке өткізіліп, құны 725 миллион теңгенің 1546,6 тонна тауары өткерілген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру және тауарларға қойылатын үстеме бағаны 10 пайыздан асырмау жөнінде қала әкімдігі 270 сауда орнының басшыларымен меморандум жасасқан. Жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек құқықтары мен кепілдігін қамтамасыз ету мақсатында да 270 меморандумға қол қойылып, 12415 жұмыс орны сақталып қалыпты. Облысымыздың бас шаһарында атқарылған жұмыстар да, жоспарланған шаралар да ауқымды. Мәселен, Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы 362,2 гектарға тұрғын алқап құрылысын жүргізу көзделген. Мұнда жеке тұрғын үй құрылысына арналған 150 гектарға 800-ден 914-ке дейін жер телімдерін орналастыруға мүмкіншілік бар. Қалған аумаққа 15-мөлтек ауданы салынбақшы. Бұл – Президентіміздің тұрғын үй құрылысы бойынша «Нұрлы жер» бірыңғай бағдарламасы шеңберінде орындалуы тиіс міндеттер. Есепті жиында мемлекеттік бюджетке салық және басқа да міндетті төлемдер арқылы түскен түсім бойынша жылдық жоспар 107,1 пайызға орындалғаны, зауыттар мен кәсіпорындарда өндірілген өнім көлемі мен жүзеге асырылған жобалар, инженерлік-коммуникациялық құрылыс жұмысы, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын жеке тұрғын үйлер, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласында қол жеткізген жетістіктер кеңінен баяндалып, көшелердің жарықтандырылуы мен қала тазалығы жөнінде де атқарылған жұмыстар сөз болды. Қала тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, алдағы уақытта қанша білім мекемесіне жөндеу жұмыстары жүргізілетінін, тозығы жеткен кәріз су құбырының қашан ауыстырылатынын сұрады. Тараздықтар кейбір тұрғын алқапқа автобус аялдамасы соғылса, Құмшағал тұрғын алқабындағы ескі мектеп балабақшаға айналдырылса деген өтініш-тілектерін айтты. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қала әкімінің жыл бойы атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, алда атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды. – Біз Президентіміз айқындап берген бағыт-бағдар бойынша жұмыс жүргіземіз. Соның арқасында былтыр облысымыз әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізді. Ендігі кезекте Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Үндеуі мен жаңа Жолдауын басшылыққа ала отырып, ондағы жүзеге асырылуы тиіс тапсырмаларды орындауға міндеттіміз. Тараз қаласының өсу динамикасы жақсы. Жыл ішінде қыруар істер тындырылғанымен, әлі де болса шешімін таппаған мәселелер көп. Сондықтан, қала әкіміне жер телімдерін заңға сәйкес бөліп, өңірлік жобаларды бірлесе жүзеге асыруды, автобекет аумағында салынатын жаңа шағын ауданды инфрақұрылыммен қамтамасыз ететін жобалық-сметалық құжаттың сараптамалық қорытындысын тездетіп алдыруды, автобекет пен теміржол бекетіндегі жол жиегінде тұратын автокөліктерді ретке келтіруді, ЭКСПО – 2017 көрмесі қарсаңында қаланы көркейту мәселесін назардан тыс қалдырмауды,жаңадан салынатын құрылыс нысандарының аумағы белгіленген шекті сызықтан асып кетпеуін қадағалауды тапсырамын. Біз мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасауымыз, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің санын мемлекет жекеменшік әріптестік негізінде көбейтуіміз, заңсыз саудамен айналысатындарды анықтап, қылмыс пен жол-көлік оқиғаларын азайтуға күш салуымыз қажет, – деген ол қала әкімі мен тиісті бірнеше басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Тараз қаласы.

Суретті түсірген Нұрғиса Тұрғынбек.

Ұқсас жаңалықтар