Елім деп соққан жүрегі

Елім деп соққан жүрегі
ашық дереккөз
Елім деп соққан жүрегі

Дипломат Сайлау Батыршаұлы 75 жасқа толды

Астанада Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі дипломат Сайлау Батыршаұлының дипломатия және ғылым, білім саласындағы қызметіне 50 жыл және 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстан Республикасының дипломатиясы: қалыптасуы, дамуы және келешегі» тақырыбында халықара­лық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Фото-С-БӘміржан Әлпейісов, Еуразия ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетінің профессоры.

Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов мерейтой иесін құттықтап, дипломаттың тұлғалық және күрескерлік жолы жайлы баяндама жасады. Халықаралық қатынас мамандығында оқитын студенттерге ұстаздық етіп жүрген университет профессоры Сайлау Батыршаұлына оқу орны атынан сый-сияпат табыстап, кеудесіне университеттің ең жоғары «Күлтегін» медалін тақты. Конференцияға қатысушылар алдында Қазақстан Республикасы Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед және Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Президенттің көмекшісі Нұрлан Онжанов бастаған азаматтардың құттықтаулары оқылды. Абзал азаматтың мерейтойына орай Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтан, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектен құттықтау хаттар келіп түсті. Бірде «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде Сайлау ағаның Бауыржан Момышұлы жайлы жазған «Өн бойы ар-намыстан жаралған» деген мақаласын оқығанмын. Мақалада Баукеңмен бір үйде тұрып, аралас-құралас болып, көп сұхбаттасқаны туралы жазыпты. Оның бойындағы өр мінезін, қайтпас қайсарлығын, адамгершілік қасиеттерін жан-жақты сипаттаған екен. Мұндай асыл қасиеттер мен білетін Сайлаудың бойынан да табылатынын ойлап, оның тұлғасын көз алдыма елестеттім. Ол кеңес заманында сыртқы саясат саласында шетелде қызмет атқарған санаулы қазақ дипломаттардың бірі болды. Сәкеңнің өмір жолына көз жүгіртсек, Ташкент мемлекеттік университетін, КСРО Сыртқы істер министрлігінің дипломатия академиясын аяқтап, 1963 жылы Сириядағы Дамаск университетінің араб филология факультетінде оқып, 1968 жылы Париждегі «Альянс Франсэс» институтында білім алғанын білеміз. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында кандидаттық диссертациясын қорғаған алғашқы қазақ азаматтарының бірі де осы Сәкең. Сәкең өзінің дипломатиялық қызметін осыдан 50 жылдан астам уақыт бұрын, 1965 жылы Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы қызметінен бастаған. Кеңес одағы кезінде Мәскеуде Сыртқы істер министрлігінде жұмыста болған ол Франция, Алжир, Конго Халық Республикасында КСРО елшілігінің екінші хатшысы болып қызмет атқарды. Сол кезден бастап қазақ елін шет мемлекеттерге таныстырды. Мысалы, БҰҰ мүшесі – Конгоның астанасы Браззавильдің республика орталығы Алматымен бауырлас қалалар болуына себепкер болды. Ол Мемлекеттік егемендік туралы Декларациясын жасауға атсалысты, Тәуелсіздік алу жолында бұл құжат үлкен рөл атқарды. Онда «Қазақстан мемлекеттік егемендігін қазақ ұлтының дамуы үшін қабылдап отыр» деген сөздер бар болатын. Жалпы, С.Батыршаұлының дипломат болуы оның білімі мен қажеттіліктен туған деуге болады. Себебі, Кеңес одағында дипломат болып, шетелде қызмет істеу, қазақтан шыққан Нәзір Төреқұлұлы сынды санаулы азаматтардың ғана маңдайына жазылған-ды. КСРО елшілігінде қызмет істеп, өз ұлтының, республикасының мүддесін қорғау – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. С. Батыршаұлы өзі үлгі тұтқан қазақтан Н. Төреқұлұлының салып кеткен дипломатиялық сара жолын жемісті жалғастырды. Сәкең «Дипломат Нәзір Төреқұлұлы» қорын құруы – саяси тұлғаға деген жай ғана құрметтің белгісі емес, елшінің ерен еңбегіне деген шексіз алғысы болатын. Қазақ халқының мұсылман, араб елдеріне танымал болуы, олардан дипломатиялық саяси тұрғыдан қолдау табуы үшін 1991 жылы қыркүйек айында Қазақстан Президентінің атынан Сенегал астанасы Дакар қаласында өткен Ислам Ұйымының Саммитіне қатысты. Сонда бірінші рет Түрік Республикасының президенті Түрғұт Озал, Ислам Иран Республикасының президенті Рафсанджани, Палестина Азат ету ұлттық майданының төрағасы, Палестина мемлекетінің басшысы Ясир Арафатпен және басқа мұсылман елдерінің басшыларымен кездесті. Оларға Қазақ ССР басшысы Н. Назарбаевтың өз тәуелсіз мемлекетін жариялауға даярланып жатқаны туралы жеткізді. Соның нәтижесінде Азия, Африка елдерінде беделі жоғары, ұлт-азаттық күресінің белгілі көшбасшысы Ясир Арафаттың Алматыға 1992 жылғы қаңтар айында ресми сапармен келуіне күш салды. Қазақстанның тәуелсіздігін қолдау туралы келісімге қол жеткізді. 1991 жылы әлемдегі ең беделді де құзырлы – Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы сессиясына КСРО делегация мүшесі ретінде С. Батыршаұлы да қатысады. Біріккен Ұлттар Ұйымында ол өз міндетін абыроймен атқара білді. 24 қараша күні шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Қазақ ССР Сыртқы істер министрінің орынбасары С. Батыршаұлы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке кіруге құқылы екенін, тәуелсіз мемлекет болатынын қаймықпай айтты. Сол үшін Мәскеуге бас иіп қалған бұрынғы Сыртқы істер министрі тарапынан қудалауға түсіп, Нью-Йорктен елге шақыртылды. Алайда, Нұрсұлтан Назарбаев дипломаттың бұл ісін қолдап, оны қызметінде қалдырады. Қайсар ұл өз халқының сенімін, отансүйгіштік қасиетін мансапқа сатпай, тәуелсіздік үшін күресін жалғастырып келеді. Министр-75-жылдықпен-құт++тықтауы,-5.01Әлемнің Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде тануы және онымен тең дипломатиялық қарым-қатынас орнатуы, мемлекеттік шекарамызды бекіту үшін атқарылған үлкен жұмыстарға ол тікелей араласты. 1993 жылдан Өзбекстандағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі, Египет Араб Республикасындағы Қазақ елшілігінің кеңесшісі, 1997 жылдан 2002 жылға дейін Израильде ҚР елшілігінде кеңесші және Қазақстанның Палестинадағы ресми өкілі болды. 2002 жылдан бастап Қазақстан Сыртқы істер министрінің кеңесшісі, 2006 жылдан министрліктің консультанты, штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқаруда. Ол бүгінде Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің профессоры, ұлағатты ұстаз және ғалым. Халықаралық саяси және экономикалық қатынастар саласында білікті мамандарды даярлауға үлкен үлес қосып жүр. Бұл кісінің ғылыми жетекшілігімен ондаған аспирант, магистрант, докторанттар шықты. Тұңғыш рет қазақ тілінде «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар» деген оқулықты да осы кісі даярлады. Бұл оқулықты Білім және ғылым министрлігі халықаралық қатынастар, халықаралық құқық, тарих, әлемдік экономика мамандығы бар жоғары оқу орындарына ұсынды. Оқулық Жоғары оқу орындары қауымдастығының «Ахмет Байтұрсынов» атындағы медаліне ие болды. Әрі дипломат, әрі ұстаз ағамыздың республикадағы «ЖОО-ның Үздік оқытушысы» атануы да осынау еселі еңбегінің жемісі. Әлемдік тәжірибеден көрген-түйгені мол Сәкеңнің студент, магистранттарға ғана емес, жас оқытушыларға да берер тәлімі көп. Сәкең дипломатия қызметіндегі табыстары үшін Кеңес одағы, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің бірқатар грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды. Елдің тәуелсіздігіне қосқан еңбегі, сыртқы саясатта жеткен жетістіктері үшін Елбасы Батыршаұлын «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен наградтады. Еліміздің сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері ана тіліміз де өркендеп келеді. Елбасымыздың айтқанындай: «Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі». Сол себепті С.Батыршаұлы ана тіліміздің әрі қарай дамуына, асыл дініміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген абзал жан. 1992 жылдан бастап, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алқа мүшесі болған Сәкеңнің 2005 жылдан бастап Астана қалалық «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы ретінде ана тіліміздің мемлекеттік дәрежесін көтеруге сіңіріп жүрген еңбегі зор. Себебі Сәкең үшін қазақ тілі – бірыңғай ұлт болып қалудың, мемлекет тәуелсіздігін сақтаудың бірден-бір кепілі. Сәкең ата қоныс Шу ауданының орталығы Төле би ауылына ат басын бұрып, өзі оқыған мектеп түлектерімен жүздесіп тұрады. 80-жылдары Мәскеудің тапсырысы бойынша Қазақстанда орыстандыру саясаты қатты жүргізілді, қазақ мектептері жабылып жатты. Сонда аудан орталығындағы үш мектептің бәрін аралас етіп, таза қазақ мектептерін қалдырмапты. Соған қарсы шығып, М.Әуезов атындағы мектептегі орыс кластарын орыс мектебіне ауыстырып, таза қазақ мектебін жасауға тікелей атсалысты. Бұл үшін тиісті орындарға дабыл қағып, мәселенің оң шешімін талап етті. Ендігі бір ауылға барғанда қазақ мектебі жылусыз отыр екен. Сәкең сол уақыттағы аудандық атқару комитетінің төрағасына барып, мектептің бүкіл жылу жүйесін жөндеткен болатын. Бұл – қайраткер ағаның жасаған көп жақсылығының бір ғана мысалы. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Олай болса, жүрегі ел мен жер деп соққан, соның бақыты үшін талмай еңбек етіп келе жатқан ардагер ағаның алар асуы әлі де алда деп білеміз.

Астана.

Ұқсас жаңалықтар