Бірқатар аудандарда қалыңдығы 45-50 сантиметр қар жауды
«Кәрі құда» – қыс кез-келген сәтте мінез көрсетеді. ақ түтек бораны мен қақаған суығы да бар. Желтоқсан, қаңтар айларында Қордай, Шу, Меркі, Т.Рысқұлов аудандары аумағына «ашуын» ептеп байқатқан болатын. Ал Жуалының биылғы буырқанған боранының болмысы өз алдына бір бөлек. Өткен аптаның аяғында Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандарына қалың қар түсті. Бұл өңірде қыстың алғашқы айлары жайлы еді, ал ақпан қысып берді. Осы жағдайға байланысты редакцияның тапсырмасымен аудандармен хабарласқан едік.
Бір жақсысы, бұл аудандармен жол байланысы бар. Жолдар жабылған жоқ. Алайда, кей ауылдарда қардың қалыңдығы 45 сантиметрге жеткен. Алдымен таластықтардан хабар білген едік. «Екі күн бойы үстемелеп жауған қар едәуір қалың түсті. Дегенмен, жолдар дер кезінде көпшіліктің көмегімен тазаланып, ретке келтірілді. Бізге қарасты ауылдарда 45 сантиметр қар жатыр. Алайда, мал-жанға ешқандай қауіп жоқ. Рас, уақ малдар қолға қарап қалды. Тұрғындардың шөп-жемі жеткілікті. Әр шаруа қыс күндеріне есеп жасап, мал азығын қамдайды. Сондықтан, алдағы 30-40 күнге жемшөп қоры толық жетеді», – дейді Кеңес ауылдық округінің әкімі Болатжан Дуанбеков. Үшарал ауылдық округінің әкімі Рахымжан Айтуов пен Ойық ауылының әкімі Медет Әбдімашұлы тұрғындарға барынша қолайлы жағдайлар тудырып жатқандарын, құмдағы малдар әлі жайылымда екенін айтты. Қар қалың түскен сарысулықтардың да хал-жағдайын білгенбіз. Жайылма ауылдық округінің әкімі Жандарбек Смағұлов та жемшөп қорының жеткілікті екенін, уақ малдар әзірге қолда тұрғанын, барлық тиімді шараларды ұйымдастырып жатқанын мәлімдеді. Мойынқұм ауданынан да хабар алғанбыз. Белгілі құсбегі Жапар Сатылғановтан хабар білгеніміздей, бұл ауданда қар әлі жауып тұр екен. Жемшөп қоры жеткілікті. Уақ малдар толық қолға қарауда. Біз Тараз қаласы, «Ауыл-Береке» базарының маңындағы арнайы орыннан шөптің сатылу бағасын сұрап білдік. Мұнда жоңышқаның бір түгі – 500, пішеннің түгі – 300 теңгеден сатылып жатыр. Жұрт «Сельпо» атап кеткен аялдаманың маңындағы қоймадан жемнің бағасын білдік. Жемнің де құны әзірге көтеріле қоймаған. Кебектің қабы – 700 теңгеге сатылса, бидайдың келісі – 55, арпаның келісі – 50 теңгеден бағалануда. Мұнда да жағдай бірқалыпты. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Тұңғыш Жанұзақов облыс бойынша жемшөп қорының жеткілікті екенін айтады. Биыл облыс бойынша 1466,1 тонна пішен, 20 мың тонна пішендеме, 18,9 мың тонна сүрлем дайындалған. Жоңышқа да жеткілікті көлемде жиналған. Сондықтан, ақпанда жауған қалың қардан қауіп жоқ тәрізді. Аудан, ауылдармен байланысқанда біз жағдайдың қалыпты екеніне көз жеткіздік. Дегенмен, көктемнің көкөзек шағы әлі алда екендігін ескерсек, қолда бар жемшөпті ұтымды пайдаланған жөн-ау.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді