Қайрат Нұрманбетов, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті заң факультетінің деканы, облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі.
«Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы жарық көргелі қоғамда әртүрлі пікірлер туындап, жұртшылық арасында алыпқашпа әңгімелер пайда бола бастады. Елдің ойын он саққа жүгірткен Ата Заңымыздың 26-бабындағы ұсынылып отырған жаңа редакция нені көздейді? Осы мәселені терең ұғыну үшін конституциялық реформалау, конституциялық тұрақтылық және конституциялық динамизм мәселелеріне терең мән бергеніміз жөн. Қазақстан Республика-сының қазіргі кездегі мемлекеттік-құқықтық дамуының айшықты белгілерінің бірі – мемлекет пен қоғамның өтпелі кезеңнен кейінгі уақыттағы саяси, экономикалық, әлеуметтік институттарының барлығы дерлік жаңару процесті басынан өткеруінде жатыр.
Осы түбегейлі өзгерістерге байланысты біздің Ата Заңымызға да екі рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. 1998 жылғы 7 қазандағы Конституцияға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар салыстырмалы түрде елдегі өтпелі кезеңнің аяқталуының белгісі ретінде жүзеге асқан болатын. Бірақ әлеумет тәжірибесі араға 9 жыл салып, жедел қарқынмен дамыған қоғамдық қатынастар нақты қызмет етуші және өзгеріске ұшырайтын саяси-құқықтық категория ретіндегі конституционализм мен парламантаризм мәселелеріне қайта қозғау салды. Осы қажеттілік негізінде 2007 жылдың 21 мамырындағы «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып, елімізде конституциялық реформа жүзеге асты.
Негізгі әңгімеге Конституцияға және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты қоғам мен жеке адамдардың көзқарасы, оған жауап іздейтін ғылыми тұжырымдар арқау болмақ. Мемлекеттің негізгі заңына өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуін қоғам әртүрлі қабылдайды. Бір тарап Конституцияның бұрынғы қалпы сақталғанын қаласа, енді бірі жаңалыққа оң қабақ танытып, құптап жатады. Алғашқылар кейбір дамыған мемлекеттердің конституцияларына ұзақ уақыттан бері өзгеріс енгізілмегенін алдыға тартып, билікті сынға алса, екінші жақ модернизациялық процестің қажеттілік екенін дәлелдеуге тырысады. Сол себепті, заң ғылымында осы көзқарастарға ғылыми түсінік беру мақсатында конституциялық тұрақтылық және конституциялық динамизм тұжырымдары пайда болған. Конституцияның тұрақтылығы қағидасы Конституцияны ұзақ мерзімдік күші бар нормативтік-құқықтық акт деп анықтайды. Қағида мемлекеттің негізгі Заңының тұрақтылығы, әлемдік конституциялық процесс көрсетіп отырғандай, қоғамның тиімді дамуының бірден-бір шарты, қазіргі заманғы мемлекеттердің демократиялық дамуының негізін құраушы іргелі құндылық деп түсіндіреді. Ғылым негізгі Заңның тұрақтылығын оны қабылдау мен өзгертудің ерекше тәртібі туралы ережелермен байланыстырады. Яғни, тұрақтылық дегеніміз – Конституцияның елеулі өзгеріссіз ұзақ уақыт қолданыста болуы. Бірақ Конституция алдында әруақытта тұрақтылықтың жанында динамизм проблемасы қатар тұрады. Конституцияға өзгеріс енгізуден қашып құтылу мүмкін емес, оған бүкіләлемдік тәжірибе куә бола алады. Сондықтан да, өзінің даму транзиттік кезеңін бастан өткеруші мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі – негізгі Заңды демократиялық үрдістерге әруақытта сәйкестендіріп отыру. 2007 жылғы соңғы ауқымды конституциялық реформадан кейін араға 10 жыл салып мемлекет пен қоғамымыз қайтадан конституциялық динамизм заңдылықтарымен бетпе-бет келді. Өйткені, әлемдік даму үдерісі бір орында тұрған жоқ. Ашық қоғам, құқықтық мемлекет құруды мақсат тұтқан еліміз әлемдік үрдістердің бір бөлшегі ретінде жаһандық дағдарыстар мен дамуды заман ағымымен бірге өткеріп келеді. 2017 жылдың 26-шы қаңтар күні жарық көрген «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесіне арналып, демократиялық институттардың одан әрі жетілуіне жол ашып отырғанымен, көпшілік Конституциямыздың 26-бабының жаңа жобасында ұсынылған нұсқаға ерекше тоқталып отыр. Конституцияның 26-бабының 1-тармағының қолданыстағы нұсқасында «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болмасын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» делінген. Ал Заң жобасындағы осы тармаққа қатысты нұсқада «Қазақстан Республикасының азаматтары» деген сөз тіркесі «әркім» деген сөзбен алмастырылып, «Әркім заңды түрде алған қандай да болмасын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады» деген редакция да ұсынылып отыр. Конституцияда қолданылатын «әркім» термині жеке тұлғаға қатысты «азамат», «шетел азаматы» және «азаматтығы жоқ тұлға» ұғымдарының жиынтық атауы болып табылады. Конституциямыздың осы тармағының қазіргі редакциясына сүйенер болсақ, елімізде тек Қазақстан Республикасының азаматтары ғана мүлікке қатысты жеке меншік құқығына ие бола алатын сияқты көрінеді. Алайда, қолданыста жүрген салалық нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар осыған дейін де елімізде жеке меншік құқығына ие болып келген еді. Оған ҚР Жер кодексінің 23-бабының 4-тармағы дәлел бола алады. Онда «Тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзуге және орман өсiруге арналған жердi қоспағанда, осы баптың 3-тармағында көрсетілген мақсаттар үшін жер учаскелерi шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды (мемлекеттік емес) тұлғалардың жеке меншiгiнде болуы мүмкiн» делінген. Бұл баптың негізінде Конституцияға өзгеріс енгізілмеген жағдайдың өзінде де елімізде шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардың кейбір шектеулермен жеке меншік құқығына ие болып отырғандығын көреміз. Ендеше, заң жобасындағы ұсынылып отырған «әркім» термині өмір сүріп отырған құқықтық қатынастарды конституциялық деңгейде заңдастыру үшін ғана қажет деген тұжырым жасауға болады. Ал көпшілік осы жайды біле тұра бәрібір алаңдаулы. Өйткені, ел азаматтары Ата Заңымызда «әркім» термині орын алса, халқымыздың негізгі байлығы – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете ме деп қауіптенеді. Бұл мәселе бойынша барлық жауапкершілікті сезіне отырып, билік өкілі ретінде емес, заңгер-ғалым ретінде келесідей түсініктеме беруді жөн көрдім. Себебі, қолданыстағы ҚР Жер кодексінің 24-бабы аталмыш жер қатынастарын мынадай мәтінмен реттейді: «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ, жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін он жылға дейiнгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығында ғана иелене алады». Демек, аталмыш заң бойынша шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардың еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жеке меншік құқығы заңдық тұрғыда шектелген деуге болады. Сонымен қатар, Конституцияға «әркім» сөзі енген жағдайда Жер кодексінің осы бабы заңдардың иерархиясы заңдылығына сәйкес өзгеріс енгізілуі мүмкін деп дауласушыларға айтарым, ҚР Жер кодексіне Конституцияда негіз болып тұрған бап – 26-бап емес, Конституцияның 6-бабы. Конституциямыздың 6-бабының 3-тармағында «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ, заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін». Ендеше осы бапта көрсетіліп отырған заңымыз – ҚР Жер кодексі, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге байланысты құқықтарының шарттары мен шектерінің осы заңның 24-бабында анық көрсетіліп тұрғанын айтқым келеді. Яғни, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың жеке меншігінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің болуы мүмкін емес. Сондықтан, билік тарапынан ұсынылып отырған заң жобасындағы «әркім» терминінен ұлтымыздың басты құндылықтарының бірегейі – жер, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге тіреліп тұрған жау жоқ екендігін тағы да ескерткім келеді. Бұл терминнің енгізілуі елімізге инвестиция салушы отандық, шетелдік инвесторлардың жеке меншігіне конституциялық деңгейде кепілдік беру үшін ғана қажет болып отырғанын түсінуге тиіспіз. Өйткені, шетелден инвестор тартудың Қазақстанға тигізер пайдасы көп. Әлемде әртүрлі қауіп-қатерлер дендеп тұрған осындай елең-алаң шақта, бір үйдің баласындай бірлікпен тірлік жасап жатқан қазақстандықтардың біртұтастығын көре алмайтындар жоқ емес. Әсіресе, ниеті бұзық радикалды топтар осындай сәтті пайдаланып, ел ішіне іріткі салуы әбден мүмкін. Сол үшін сары алтындай сақталған сабырымыздан айырылып, баптың байыбына бармай жатып, көз алартқан қайманалардың қол жаулығы болып кетпейік.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді