«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жәнібек ханның алтын тәжі

Жәнібек ханның алтын тәжі
ашық дереккөз
Жәнібек ханның алтын тәжі

Елімізде Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығы атап өтілді. Қазақ мемлекеттігінің алтын көпірі болып табылатын Жәнібек пен Керейдің Алтын Ордадан кейінгі тарихы біршама зерттелді. Көркем шығармаға арқау болды. Қазақтың классик жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы бойынша тамаша фильм түсірілді. Міне, осылай тарихи танымға тамсанып жүргенде жақында Ресейдің «Мәдениет» арнасынан журналист Георгий Новиковтың «Жәнібек ханның тәжі» атты деректі фильмі көрсетілді. Өте қызық әрі Алтын Орда дәуіріне тікелей қатысты болғандықтан, бізді де бейжай қалдырмайды.

…1834 жылы Саратов губернаторы Ф.Переверзевтің үйінде жайыл­ған дастарқан басында екі адам кез­де­седі. Оның бірі миссионер әрі археологиялық қазбалар жүргізіп жүрген неміс колониясының пас­торы Генрих Август Цвик те, екін­ші­сі саудасы жүріп тұрған әлдебір көпес болатын. Дас­тарқандағы көңілді әңгіме, буынға түскен шарап көпесті масаңдатқаны сонша, ол қызды-қыздымен тарихи жәдігерлерін көрсетіп мақтана бастайды. Әрі Г.Цвиктің оған ұнағаны сонша, қонағына алтын жәдігерді сыйлап та жібереді. Пастор Г.Цвиктің көктен ізде­гені жерден табылды. Әккі коллекцио­нер әрі археологиялық жәдігерлерді жи­нау­шының көзіне бұл артефакт оттай басылды. Бұл Алтын Орда дәуірінің ғажап жәдігері еді. Яғни Г.Цвиктің қолына Жәнібек ханның алтын тәжі түседі.

Г.Цвик Ресейде 18 жыл тұрып, ірі екі қорғанды қазады. Оның есебін ғы­лы­ми тұрғыда сипаттап жазады. Алтын Орда дәуірінің тарихын мейлінше же­тік білетін Г.Цвиктің қолына 1,5 мың­ға жуық жәдігер жинақталады. Ал 1832 жылы суыр інінен тәж табылған. Жәні­бек­тің алтын тәжі сол еді. Әрі ол пас­тор коллекциясының ең құндысына ай­нал­ды. Бұл кезінде Сарай Бату, яғни Берке Сарай деп аталатын Алтын Орда ха­ны қаласының орны екен. Гүлстан деп те аталған. Ибн Баттута тамсана жазған қа­ла ХІV ғасырдың аяғында азып-тоза­ды. Түрлі деректер бойынша бұл қала­ны Әмір Темір, бір деректерде Мамай тал­қан­даған деген мәліметтер бар. Ал бұл қала­да теңге соғатын Сарай орналасқан екен.

Кейін Ресейдегі неміс колониясы саяси ахуалға байланысты дүние мүліктерін тас­­тап, Германияға кері қайтады. Г.Цвик те 1,5 мың алтынордалық жәдігермен бір­ге Жәнібектің алтын тәжін де алып ке­теді.

1840 жылы пастор Г.Цвик оны және бар­лық коллекцияларын бар болғаны 1000 таллерге сатып жібереді. Бұл Кельн уни­верситеті профессорының бір жылғы ай­лығына тең болатын. Өте қымбат қазынаны пастор Г.Цвик неге арзанға сат­ты? Жұмбақ.

Фильмдегі мәліметтерге қарағанда, бұл өзбек ханның ұлы Жәнібектің тәжі емес, оның анасы Тайдулла ханшаның сәу­келесінің алтын өрнегі болуы ықти­мал. Жәнібек ханның тиындарының сыр­тындағы гүл-өрнекке пара-пар бол­ған­дықтан Жәнібектің тәжі деп аталуы да мүм­кін деген болжам да айтылады. Бірақ Еуро­пада жарияланған дереккөздерінің бә­рін­де ол «Жәнібек ханның алтын тәжі» деп аталады.

 src=

Патшалық Ресей кезінде бұл тәждің іздеу­шілері аз болмаған сыңайлы. Сара­товтық өлкетанушы А.Леопольдов «Жәнібек ханның тәжі» деп аталған артефакт жөнінде 1837 жылы жазған,

Г. және Н.Чернецовтар 1838 жылы әлдебір алтын тәждің табылып, қолды болғанын айтқан. Оны сарепталық біреудің сатып алып кеткендігі туралы баяндайды. Сарепта деп отырғаны баяғы Сарай Бату қаласы. Бұдан кейін В.Григорьев деген біреу «Жәнібек ханның тәжі» Йена қала­сындағы ұлы герцогтың шығыс жә­дігерлері қойылған кабинетінде тұр­ғанын мәлімдеген. Ол Шығыс жәді­гер­лері кабинетінің қор сақтаушысы доктор Иоганн Штикель мырзаның 1817 жылы шыққан кітабына енген.

1851 жылы Ресейдің Императорлық археологиялық қоғамының мәжілісінде «Жәнібек ханның тәжі» туралы мәлі­мет айтылады. Ол туралы белгілі ға­лым, нумизмат, шығыстанушы әрі ар­хе­ологиялық қоғамның хатшысы П.Савельев Париж бен Йена қаласының ка­бинеттерінде қойылып жүрген қолды бол­­ған қос жәдігер туралы хабарлама жа­сайды. Әрі Германиядан жәдігердің галь­вано-пластикалық суреті, болмаса кескінін сұрау жөнінде ұсыныс айтады. Германия жағы сегіз айдан соң жәді­гер­дің суретін жібереді. Қоғам 1851 жы­лы 15 қазанда ол суреттерді жариялау­ды тап­сырады. Өкінішке қарай, ол сурет Им­пе­р­аторлық орыс географиялық қо­ғамының хабаршысына шықпай қалады. Оның себебі де түсініксіз еді. «Жәнібек ханның тәжінің» суретін 1906 жылы А.А.Спицын жария­лайды.

Алтын Орда дәуірінің білгірі ғалым Г.Федоров-Давыдов 1968 жылы ғылыми-көпшілік журналдың бірінде «Жәнібек хан­ның тәжі» туралы ақпарат орналас­ты­рады.

Ресей Ғылым академиясы Архео­ло­гия институтының ғалымы Н.Савельев бұл жәдігерлердің суретін «Российская архео­логия» журналының 2013 жылғы 2-санында жариялайды. Сондай-ақ, бұл жәдігер туралы 1837 жылы Йена уни­верситетінің профессоры Карл Гюбе­ль сипаттама берген. Міне, «Жәні­бек ханның алтын тәжі» деп атала­тын жәді­гер­дің суреттерін енді сіздер де кө­ріп отырсыздар, құрметті оқырман.

Фильмдегі дерекке қарағанда, Гер­ма­ния­ның Саксония өлкесі екі рет со­ғыс ош­ағында қалған. Ал Екінші дү­ние­жүзілік соғыс жылдарында ол Ке­ңес Одағы әскерлерінің иелігінде бол­ған. Мүмкін, Мәскеуге қайтарылған ар­хео­логиялық жәдігерлердің арасында «Жә­ні­бек ханның алтын тәжі» де бар шығар.

Волгоградтағы Өлкетану музейі мен «Ескі Сарептадағы» (Берке Сарай) музейінде қазақ тарихына қажетті талай жәдігерлер мен артефактар бар сыңайлы. Біздің тарихымыз үшін ұсақ-түйек жоқ.

Қазақ хандарының алтын тақтары да, алтын тәждері де болғаны біздің фольклорлық жырларымызда сақ­тал­ған. Жырауларымыз хандар тура­лы айт­қанда, олардың алтын тақта оты­рып, алтын тәж кигенін жырға қос­қан. Мысалы, Марғасқа жырау. Бұл жөнінде белгілі тарихшы, ҰҒА коррес­пон­дент-мүшесі М.Әбусейітова ханым, тарих ғы­­лымдарының кандидаты Нұрлан Атығаев бірнеше мақала жариялағанын бі­ле­міз. Міне, соның айғағындай «Жәнібек ханның алтын тәжінің» суре­тін жүрек елегінен өткізелік. Біздің ұлы та­ри­хымыз бар, ұлы бабаларымыз бар. Өйт­кені, Алтын Орда дәуірі біздің ортақ та­рихымыздың жәдігер-тұмасы…

ақпарат көзі: egemen.kz

Ұқсас жаңалықтар