«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Теңдессіз Тен!

Теңдессіз Тен!
ашық дереккөз
Теңдессіз Тен!

Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен ел қоржынына 10-алтынды салды

 Дәл осы қысқы Универсиадада мәнерлеп сырғанаудан Денис Теннің алдын орайтын саңлақ жоқ болатын. Төрт құрлық додасында атой салған, Сочи Олимпиадасында ел абыройын сақтап, жалғыз қоланы иеленген Тен бұл додада шын мәнінде теңдессіз еді. Ел үміт күткен Денис сенім үдесінен шықты.

Алдымен қысқа бағдарлама бойынша өткен жарыстың бірінші күнінде 94,4 ұпайды қоржынға салған Денис Тен қарсыластарынан көш ілгері ұзап, топ тізгінін қолға алған-ды. Шыны керек, жылдар бойы төккен тер мен еткен еңбектің өтеуіндей болатын шағын бағдарламаға, анығырақ айтқанда 2 минут 50 секундтың ішіне бірнеше әдемі элементтерді енгізе білу де оңай емес. Ол аз десеңіз, өз жанкүйерлеріңнің алдында айдында жасындай жарқырауың керек. Осы тұрғыдан келгенде Дениске әлбетте қиын болды. Бірақ, ол ойдағыдай өнер көрсетіп, жанкүйерлер қошеметіне бөленді. Жарыстың екінші күнінде, яғни, еркін бағдарлама бойынша өткен сайыста Денис Тен өзінің шын мықты екенін кезекті мәрте дәлелдей білді. Мәнерлеп сырғанаудың ең қиын элементтерін екінші кезеңге қалдырған Денис ойлаған комбинацияларын сәтті жүзеге асырып, 172,06 ұпайды иемденді. Қоссайыс нәтижесі бойынша 266,97 ұпайды қоржынға салған ол жапон жігіті Кэйдзи Танакеден 14 ұпай артық жинап, чемпион атанса, жапониялық спортшыға күміс жүлде бұйырды. Ал қола жүлде швециялық Александр Майоровтың қанжығасына байланды. «Біздің құрама өте жақсы өнер көрсетті. Тамаша спорттық доданы ұйымдастырып жатқан азаматтардың бәріне мың алғыс. Бізді қолдаған жанкүйерлерге де ризамын. Сол жанкүйерлердің көңілінен шығу үшін барымызды салдық. Өз Отанымызда өнер көрсету барысында қатты толқыдық. Бұл жеңіске шексіз қолдаудың арқасында жеттік. Енді 2018 жылғы Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсету үшін тер төгетін боламын», – деді қысқы Универсиада чемпионы тілшілерге берген сұхбатында. Осы додада сынға түскен тағы бір қазақстандық мәнерлеп сырғанау спортының шебері Абзал Рахымғалиев жалпы есепте 12-орынға табан тіреді.

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар