Кешенді аттестаттау – мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін арттыру кепілі
- author «Ақ жол»
- 31 қаңтар, 2017
- 315
Заманауи және кәсіби мемлекеттік қызмет пен тиімді басқару құрылымы – мемлекеттік биліктің маңызды бөлігі. Сондықтан, бұл саланы реформалаудың маңызы жоғары. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей, барлық посткеңестік елдердің ішінде алғаш болып мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастыруға кірісуіміздің де мәні осында.
Ұлт жоспарының бірінші бағытын жүзеге асыруға құқықтық негіз беретін қазіргі қолданыстағы мемлекеттік қызмет туралы заңнамасы мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделінің өзегіне айналуда. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамды қамтыған бірінші реформасы кәсіби мемлекеттік аппарат құруды көздейді. Атап айтқанда, дәл осы 15-қадамда іс басындағы мемлекеттік қызметшілердің кешенді аттестаттаудан өткізілетіні нақтыланған. Кешенді аттестаттауды өткізу не үшін қажет? Көпшіліктің көкейіндегі сұрақтың жауабын Мемлекет басшысы «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында: «Біріншіден, әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі және жинақтаған тәжірибесі есепке алына отырып құралады. Мансаптық сатының әр баспалдағында ол өзінің кәсіби жарамдылығын дәлелдеп отыруға тиіс болады», – деп атап көрсеткен. Бұл жұмыс республика бойынша қаңтар айында басталады. Қазір облысымызда «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілерін кешенді аттестаттаудан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Кешенді сынақ мемлекеттік қызметшілердің санатына байланысты бөлек кезең-кезеңімен өткізіліп, 1 шілдеде аяқталады. Мемлекеттік қызметшілер Елбасының жүргізіп отырған сарабдал саясатын жүзеге асыратын бірегей азаматтар екендігін ескерсек, барлық реформалардың сәтті іске асырылуы олардың сапалы әрі тиімді жұмысына тікелей байланысты. Ал аттестаттау – мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін, біліктілігін және тұлғалық қасиеттерін анықтаудың тетігі. Бұл жүйенің мемлекеттік аппараттың кадрлық әлеуетін объективті түрде бағалауға және ұтымды пайдалануға тигізер септігі көп. Бүгінде өңірдегі 457 мемлекеттік органда барлығы 4818 қызметкер жұмыс атқарады. Олардың 3972-сі аттестаттаудан өткізуге жатқызылады. Атап айтсақ, 351 жергілікті атқарушы органдардағы 2632 қызметкердің 1763-і, 106 орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріндегі 2208 қызметкердің 1770-ы аттестаттаудан өтетін болады. Кешенді аттестаттау 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде аттестатталатын әрбір қызметкердің бағалау парағы жасалады. Екіншісінде «Бірыңғай құзыреттіліктер шегі» бойынша «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері тестілеуден өткізіледі. Бұл – құзыреттілікті бағалау және мемлекеттік қызметтің құндылықтарын сақтау деңгейін анықтауға арналған компьютерлік сынақ бағдарламалары кезеңі. Сынақтың өткен жылдардағы аттестаттаудан ерекшелігі де осы кезеңде. Яғни, аттестаттау барысында заңнаманы білуге арналған тестілеу қамтылмайды. Үшінші кезең – аттестациялық комиссиядан әңгімелесуден өткізу. Әңгімелесу – санаты бойынша атқаратын лауазымына байланысты үш түрлі деңгейде өткізіледі. Алғашқыда, Президент Әкімшілігі жанындағы жоғарғы аттестациялық комиссиядан орталық мемлекеттік органдардың облыстағы аумақтық бөлімшелерінің және олардың ведомстволарының басшылары, облыстық басқарма басшылары, сонымен бірге осы санаттағы «Б» корпусының өзге де қызметкерлері өтеді. Екінші деңгейде министрліктер мен облыстық әкімдіктердегі аттестациялық комиссиялардан сәйкесінше сол саладағы мекеме қызметкерлері өтеді. Үшіншісі – аудандардағы аттестациялық комиссиялар. Бұл деңгейде аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер бағаланатын болады. Үш деңгейлі жүйенің ерекшелігі – жоғары деңгейдегі аттестаттаудан өткен тұлғалар, төменгі деңгейдегі аттестациялық комиссияның құрамына енгізілетінінде. Бұл процесті бейтарап және әңгімелесуді бірыңғай жүйеде өткізуге мүмкіндік береді. Аттестаттау қорытындысы азаматты қызметіне тағайындауға, қызметінде жоғарылауға немесе төмендеуге және атқаратын лауазымынан босатуға негіз болып табылады. Сондықтан, бұл сынақ нәтижесі мемлекеттік қызметшілердің құзыреттілігін дамыту арқылы, олардың даму жоспарын құруға негіз болады деп есептейміз. Екінші жағынан аттестация қорытындысына қарап, көрсеткіші төмен азаматтар өздерінің қабілеттері мен құзыреттіліктерінің әлсіз тұстарын арттыруға ұмтылады. Осылайша, оларға анықталған кемшіліктерін түзетіп, кәсіби біліктілігін арттырып, қызметінде жоғарылауға мүмкіндік туады. Ал тұрақты түрде бақылау жасау және мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру – елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат құруға оң септігін тигізеді.
Мақсұт Нәлібаев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы департаментінің басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді