Бүгінде барша әлем назары Астанаға ауып тұр. Сирия мәселесіне байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде ара ағайындық жасап, жауласқан тараптарды бітімгершілікке шақыру үшін арнайы алаң жасап отырған Астана өзінің бейбітшілік қаласы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Астана процесіне қатысушыларға үндеу жолдаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Сирияда орын алған күрделі ахуал бүкіләлемдік қоғамдастықтың назарын өзіне аударып отыр. Шамамен 6 жыл бойы жалғасып жатқан қантөгіс жанжал түрлі өркениет пен мәдениет тоғысқан қасиетті өлкеге қайғы-қасіреттен басқа ештеңе әкелмегендігін мойындауға мәжбүрміз. Қазақстан бейбітсүйгіш ел және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнап, беки түсуіне мүдделілік танытады» деген болатын. Расында небір қилы замандарды бастан кешіріп, қантөгіс майдан мен ұлы соғыстардың талай зардабын тартып, елі мен жерінің берекесі қашып, бірлігі ыдыраудың шақ алдында болған біздің еліміз, мұндай қасіреттің қаншалықты ауыр екенін сөзсіз жақсы түсінеді. Бабаларымыздың жүріп өткен батырлық жолына, соғыспен өткен тарихи кезеңдерге көз тастаған кез-келген адам сол зұлматты жылдардың ел өркениетіне қаншалықты орны толмас өкініш әкелгенін көрері анық. Ал бүгінгідей бейбіт өмірде әлемнің өзге елдерінде қос тараптың келісе алмаушылығынан бүтіндей бір елдің зардап шегіп, адамдардың сансырақтап, қаңғып кеткенін, аналар мен балалардың оққа ұшып, жас сәбилердің көз жасын көре тұра бейжай отыру тіпті мүмкін емес қой. Ендеше, мұндай сұрапыл соғысқа соңғы нүкте қоюға құлшыныс білдіріп, ара ағайындық жасап, алтын көпір болуға ниет таныту қазақтың қашаннан бойында бар бітімгершілік қасиетін көрсетсе керек. Ең бастысы, Астана процесі ел күткен нәтижеге қол жеткізіп, сұм соғыстың аяқталатыны туралы ақжолтай хабары ел-елге тарап жатса деген игі тілек бар бізде. Қолға алған ісін ойдағыдай етіп орындай білетін көреген Көшбасшымыздың бұл бастамасы да баянды болса екен.
Әбдімомын Желдібаев, күйші-композитор, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді