Атқарылған жұмыс ауқымды

Атқарылған жұмыс ауқымды
ашық дереккөз
Атқарылған жұмыс ауқымды

алдағы міндеттер де аз емес

Бүгінде өңірімізде облыстық басқармалар мен кәсіпорындар басшылары былтырғы жылдың қорытынды нәтижелері бойынша есеп беруде. Мұндай жиын облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасында да өтті. Есеп беру жиынын облыс әкімінің бірінші орынбасары Б. Орынбеков ашып, жүргізіп отырды. Бекболат Серікбекұлы өңірде өткен жылда да басым міндеттерді жүзеге асырудың тиімді жолдары қарастырылғанын, 5 реформа: «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында ауқымды жұмыстар атқарылғанын, әсіресе, энергетика және коммуналдық-шаруашылық саласы экономикамыздың маңызды буыны екенін атап өтті. «Аталған сала бойынша 2016 жылы 6 миллиард 993,8 миллион теңгенің 21 жобасы іске қосылды. ҚР Үкіметінің энерготиімділік саясатын жүзеге асыру бойынша да салада тындырылған тірліктер аз емес. Үстіміздегі жылы жаңартылған энергия көздерінен электр қуатын өндіру біршама өсті. Сондай-ақ, жылу-отын саласында да энерготиімділікке қол жеткізіліп отыр», – деді ол. Бұдан кейін облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы Е. Көшербаев өткен жылы тұрғындарды электр, жылу энергиясымен, газбен, сумен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларында атқарылған жұмыстар мен биыл алға қойылып отырған міндеттер жөнінде тарата айтып берді. Әсіресе, биылғы қысқы жылу беру маусымындағы жалпы істің жай-күйіне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде облыста 784 білім беру, 424 денсаулық сақтау, 743 спорт, әлеуметтік-мәдени нысандар және 1469 көп қабатты тұрғын үйлер жылу энергиясымен қамтамасыз етілуде. Бұдан тыс облыстың бюджеттік мекемелеріне және халыққа қажетті көмір жеткілікті жеткізіліп берілген. Дейтұрғанмен, Тараз қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлерге жалпы үйлік жылу есептегіш құралдарын орнату жұмыстары әлі де мардымсыз күйде. Бүгінгі күнге дейін орнатылғаны бар-жоғы 121 дана ғана. Бұл ретте насихаттық-түсіндіру жұмыстары да кемшін соғуда. Басқарма басшысы жылыту маусымы басталғаннан кейін дайындық паспорттарының шынайы еместігін және қала әкімдігімен тиісті жұмыстардың жүргізілмеуіне байланысты Тараз қаласы бойынша 20 шақты үй жылуға қосыла алмағанын, сонымен қатар, пәтер иелері кооперативтерінің басқаруындағы үйлердің де жағдайы жақсы еместігін атап көрсетті. Осымен байланысты жергілікті жерлердегі тұрғын үй инспекциялары пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын қадағалап, тексеру жұмыстарын жандандыруы қажет-ақ. Облыс көлемінде барлығы 1574 көппәтерлі тұрғын үйдің 1220-сы кондоминиум нысаны ретінде заңды тіркелген. Әсіресе, Тараз бен Шу қалалары бойынша кондоминиум нысандарын құру көрсеткішінің төмендігі байқалуда. Ерік Әубәкірұлы бүгінде өңірдегі 377 елді мекеннің 178-іне газ жүйесі тартылғанын, бұл жалпы көрсеткіштің 55,5 пайызын құрайтынын айтып, газдан уланумен байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және болдырмау мақсатында облыста «Газотехникалық инспекция» ашу қажет деген ұсынысын да жеткізді. Баяндамашының айтуынша, 2017 жылғы басқарманың бюджеті 5 028,16 миллион теңгені құрап отыр, бұл қаражатқа 27 жобаны іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ, барлығы 9 942 шақырым электр желілері мен 1 597 дана трансформаторлық тораптар күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілмек. Баяндама бойынша жарыссөзге шыққан атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің облыстық аумақтық департаментінің басшысы Ә.Жұмабеков, облыс әкімдігі білім беру басқармасының басшысы С. Құрманбекова, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы директорының орынбасары С. Тұрбек, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Т. Әбілдаев ой-пікір, ұсыныстарымен бөлісіп, өңірдің энергетика және коммуналдық шаруашылық саласында есепті жылда атқарылған жұмыстарға қанағаттанатындықтарын жеткізді. Бекболат Серікбекұлы жиынды қорыта келе қала, аудан әкімдеріне салада қордаланған бірқатар мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етуді тапсырып, облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасының атқарған жұмыстарына қанағаттанарлық деген баға берді.

Баймаханбет АХМЕТ,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар