«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кезекте тұрғандарға 9529 жер телімі беріледі

Кезекте тұрғандарға 9529 жер телімі беріледі
ашық дереккөз
Кезекте тұрғандарға 9529 жер телімі беріледі

Есеп беру жиынында облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Асқар Рыспаев Елбасы Жолдауларынан туындайтын міндеттерді нақты іске асырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлестері жөнінде жан-жақты тоқталды.

Ол елді мекендердің аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметтері туралы» Заңының 47-бабына сәйкес белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарлар негізінде жүзеге асырылатынын атап көрсетті. Облыс әкімдігінің 2011 жылғы 23 ақпанда қабылданған «Елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаржы қарастыру туралы» қаулысына сай 2010-2016 жылдары облыстағы 373 елді мекеннің 357-сіне бас жоспар жобалары әзірленіп, аудандық мәслихаттың шешімдерімен бекітілген. Қалған 31 елді мекеннің бас жоспар жобалары әзірленіп, бекітілу үстінде екен. Жаңатас қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізу үшін «ЕуроХим» ЖШС тарапынан ұсынылған «шеберлік-жоспар» аясында қолданыстағы темір жол стансасын автобус бекетімен біріктіру, халыққа ыңғайлы базарлар салу жөніндегі, басқа да ұсыныстарды іске асыру мақсатында 4 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстары жүргізілуде. Облыстық прокуратураның ұсынысын орындау үшін Қаратау қаласы, Сарыкемер, Аса, Меркі, Мойынқұм және Төле би ауылдарының аумағын табиғи апаттық, техногендік, антропогендік құбылыстардың әсерінен қорғайтын дренаждық және арық жүйелерінің құрылыстары бас жоспарлар жобасына енгізуді қажет ететін көрінеді. Жұмыстың орындалуы басқарма тарапынан бақылауға алынған. Басқарма басшысының баяндама-сынан бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналған халыққа жер телімін беру де тыс қалмады. Облыс бойынша Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінде 97431 азамат кезекке тіркелсе, биылғы 1 қаңтарға дейін бар болғаны 577-ақ жер телімі берілген. Ал облыс орталығында кезекте тұрған 64232 азаматтың бірде-біріне жер телімі бұйырмаған. 2015-2016 жылдары кезекте тұрған азаматтардың санын азайту мақсатында Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері тарапынан барлығы 18 тұрғын алаңға, 1301,4 гектар құрайтын аумаққа инфрақұрылым жүйелерін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттарын дайындау қарастырылып, былтыр жергілікті бюджеттен 63,6 миллион теңге бөлінсе, биылға 188,8 миллион теңге бөлу жоспарланыпты. Егер әкімдіктер осы міндеттерді іске асырып жатса 9529 жер телімі кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Дегенмен, облыс бойынша бас жоспарға сәйкес, 1037,2 гектар тұрғын алқаптар әлі күнге дейін шаруашылық құрылымдарының меншігінде көрінеді. Егер осы алқаптар мемлекет меншігіне қайтарылса, кезекте тұрған азаматтарға 5346 жер телімі берілуіне мүмкіндік тумақ. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков басқарма басшысына бірқатар міндеттер жүктеп, жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.

Амангелді ӘБІЛ,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар