Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барды. Сапар аясында Қазақстан Президентінің Біріккен Араб Әмірліктерінің мемлекет қайраткерлерімен, іскер топ өкілдерімен бірқатар келіссөздері, сондай-ақ Х Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммитінің жұмысына қатысуы жоспарланған. Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында Қазақстан Президенті мен Абу-Дабидің тақ мұрагері сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екі елдің ынтымақтастығы мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелер талқыланды. Келіссөздер қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды: – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің және Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қажеттіліктері үшін Астана қаласында және Абу-Даби қаласында жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісім; – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Дипломатиялық паспорттарды иеленуші азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама; – Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Ислам істері және уақыфтар бас агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум; – «АСТАНА ЭКСПО-2017» және «ЭКСПО ДУБАЙ – 2020» бюросы арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум; – Маңғыстау облысы әкімдігі мен DP World FZE компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум; – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Сыртқы істер министрлігі арасындағы Консулдық мәселелері бойынша бірлескен комиссия құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум; – Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Экономика министрлігі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум; – Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Құрлықтағы және су көлігі федералдық агенттігі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің автокөлік арқылы халықаралық тасымалы жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум. Қазақстан Президенті «Calatrava Grace Corporation» компаниясының атқарушы директоры Майкл Калатравамен кездесті. Кездесу барысында компанияның біздің елімізбен арадағы ұзақ мерзімге арналған ынтымақтастығының перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысына Астанада іске асыру жоспарланып отырған жобалар таныстырылды. «Calatrava Grace Corporation» компаниясы жылжымайтын мүлік саласындағы жаһандық жобаларға өз клиенттерімен бірге әр транзакция үшін 100 миллион долларға дейін қаржы бөле алатын мүмкіндігі бар инвестор болып саналады. Бүгінде компания портфолиосы 32 елдегі жалпы көлемі 1,9 миллион шаршы метр болатын 340 жобаны қамтиды. Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің іскер топтар өкілдерімен кездесті. Кездесуге әмірліктердің әлемдік деңгейде жұмыс жүргізетін жетекші компанияларының басшылары қатысты. Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның Таяу Шығыс аумағындағы негізгі серіктесінің бірі екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алғалы бері елімізге Біріккен Араб Әмірліктерінен келген тікелей инвестиция көлемі 2 миллиард долларға жуықтағанын айтты.
– Қазақстанда әмірліктер капиталының қатысуымен 200-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олар ауыл шаруашылығы, металлургия және энергетика салаларын қамтиды. «Мубадала» мемлекеттік инвестициялық компаниясымен тығыз байланыс орнаған, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті Астанада жалпы құны 1,6 миллиард доллар болатын «Абу Даби Плаза» екі жақты ірі инвестициялық жобасы іске асырылып жатқанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің экономиканы әртараптандыруға айрықша көңіл бөліп, озық 30 мемлекеттің қатарына қосылу міндетін алдына қойып отырғанына тоқталды.
– Осы мақсатқа жету үшін Қазақстанда бизнеске барынша жеңілдіктер қарастырылып, инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасалуда, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті республикамызда жүргізіліп жатқан бірқатар жүйелі шаралар мен институционалдық реформаларға тоқталып өтті. – Тәуелсіздік жылдары еліміздің экономикасына жұмсалған шетелдік тікелей инвестиция 265 миллиард доллардан асады. Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде Қазақстан 35-ші орынға ие болды. Бүгінгі таңда 56 мемлекеттің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады. Олардың қатарында Біріккен Араб Әмірліктері де бар, –деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруға Біріккен Араб Әмірліктері компанияларын белсене қатысуға шақырып, еліміз жан-жақты инвестициялық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. – Басымдығы бар салаларда инвестор корпоративтік табыс салығынан және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Шетелдік кәсіпкерлерге қолдау көрсететін Шетелдік инвесторлар кеңесі 19 жылдан бері тиімді жұмыс атқарып келеді, – деді Қазақстан Президенті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда 10 арнайы экономикалық және 20 индустриялық аймақ жұмыс істейтінін айтты. – Бізді Біріккен Араб Әмірліктерінің индустриялық аймақтар жұмысы жөніндегі тәжірибесі қызықтырады. Біз осындай аймақтарды әмірліктер компанияларының басқаруына беруге дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті әмірліктердің бизнесмендеріне Қазақстанда қазір ірі мемлекеттік нысандарды жекешелендіру науқаны жүріп жатқанын, оның аясында жеті жүздей мемлекеттік кәсіпорын сатылымға шығарылғанын жеткізді. – Бұл – тау-кен металлургиясы, мұнай өндіру, энергетика, көлік және байланыс саласындағы кәсіпорындардың, инфрақұрылым нысандарының акциялары. Біз әмірліктер компанияларының осы жекешелендіру ісіне атсалысуын біз құптаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы «Астана халықаралық қаржы орталығының қызметіне және Абу-Дабидегі саммитпен тақырыбы ортақ алдағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне тоқталып өтті. – Қазақстанның елордасында биыл «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтеді. Оған 110-нан астам мемлекет, 18 халықаралық ұйым және жаңартылатын энергетика саласындағы жетекші әлемдік компаниялар қатысады. Әмірліктер – араб мемлекеттері арасынан «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатынын ресми түрде растаған бірінші мемлекет, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев екі жақты келіссөздер аясында «Астана ЭКСПО – 2017» мен «Бюро ЭКСПО Дубай 2020» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын атап өтіп, «жасыл» энергия немесе баламалы және жаңартылатын энергия саласы бойынша Біріккен Араб Әмірліктерімен арада табысты ынтымақтастық орнайды деп үміттенетінін жеткізді. Соңында Мемлекет басшысы кездесуге қатысушылардың бәріне алғыс айтып, тараптар өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері мен болашағын айқындай алатынына сенім білдірді. Қазақстан Президенті Х Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммитіне қатысты. Мемлекет басшысы саммит саясаткерлердің, ғалымдар мен сарапшылардың энергетика саласында және энергияны үнемдеу ісінде таза технологияларды дамытуға ықпал ету бағытында жүріп жатқан жаһандық диалогының маңызды бөлігіне айналғанын айтты. – Сарапшылар оны қазірдің өзінде «таза энергияның дипломатиясы» деп атауда. Бұл әсіресе жаңа Климат жөніндегі Париж келісімі ауқымында жұмыс жүргізіліп жатқан кезде ерекше маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті 2015 жылы жаңартылатын энергия көздері мен энергия тиімділігіне жұмсалған инвестицияның мұнай-газ саласына салынған инвестициямен алғаш рет теңескеніне назар аударды. Мемлекет басшысы бүгінде ешбір ел «қазірше дами бер, экологиямен кейін айналысамыз» деген формуламен өмір сүре алмайтынына тоқталып, планетаның энергетикалық-экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сценарий қажет екеніне тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасыр энергетика саласындағы серпінді шешімдер дәуірі болуы қажет екенін айтып, бұл тек энергетика саласының даму векторын ғана емес, планетамыздың алдағы мыңдаған жылдардағы тағдырын анықтайтын кезең болуға тиіс екенін атап өтті. – Ресурсқа бай кейбір мемлекеттер өкілдері өз энергетикалық саясатының салдары туралы ойлана бермейді. Басқа елдерде бұл саясат өз ресурстарын сақтап қалып, үшінші елдерге экономикалық энергетикалық экспансия жасауға негізделген, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы саммит жұмысы ұлттық «таза» энергетикалық саясаттың әзірленуі мен белсенді түрде енгізілуіне себепші боларына сенім білдіріп, энергияның жаңа көздерінен пайда таба білу қажет екенін жеткізді. – Бұрын тек дамыған елдердің ғана одан пайда табуға мүмкіндігі бар еді. Олар жаңа энергия саласындағы технологиялар бойынша білім мен техникалық тәжірибе жинақтай алды. Қазір дамушы елдер үшін осы үдеріске қосылуға ең қолайлы уақыт туып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті энергетикалық трендтердің көлік саласына да ықпал етіп отырғанына тоқталды. – Қазіргі таңда электромобильдер кең танылып, қолжетімділікке ие болып келеді. Әлемнің көптеген мегаполистері қоғамдық таза көлікке көшіп жатыр, – деді Мемлекет басшысы. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев саммитке қатысушыларды еліміздің былтыр электромобиль шығаратын өз өндірісін бастағанын және оны келешекте кеңейте түсуге, сондай-ақ электрлі автобустар шығаруды қолға алуға ниетті екенін жеткізді. Қазақстан Президенті жаңартылатын энергия ұраны арқылы әлем елдерінің көбінің басын біріктіре алған Халықаралық жаңартылатын энергия көздері жөніндегі агенттіктің қызметіне тоқталды, сондай-ақ энергияның таза көздерін қаржыландыру ісінде «жасыл» қаржы маңызды рөл атқаруға тиіс екенін айтты. – «Жасыл» облигациялар нарығы соңғы жылдары шарықтап, 70 миллиард долларға дейін жетті. Бұл осыдан үш жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 6 есе көп. Аталған бағалы қағаздар жаңартылатын энергетика үшін зор синергетикалық нәтиже бере алады, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев баламалы энергетика мен қоршаған ортаны қорғау ісі ядролық әскери бағдарламалардан бас тартумен байланысты болуға тиіс екенін атап өтті. – Қазақстан «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде заманның ең күрделі проблемаларын шешу жолдарына қатысты өз көзқарасын ұсынды. Еліміз тәуелсіздігін алған күннен бастап ядросыз бейбіт қатар өмір сүру жоспарын ілгерілетіп келеді. Біз атом қаруының қуаттылығы жөнінен әлемдегі төртінші арсеналдан бас тарттық, – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстанның бейбіт атомды қолданудың жақтаушысы екеніне назар аударып, 2015 жылы МАГАТЭ біздің ел аумағында Төмен байытылған ядролық отын банкін құру туралы шешім қабылдағанын еске салды. – Банк бейбіт атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған. Бүгінде уранға балама ретінде торийді қолдану жайы қызу зерттелуде. Осыған байланысты атом саласының тиімділігі айтарлықтай арта түсуі мүмкін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті биыл еліміздің астанасы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізетінін, көрме аяқталған соң оның инфрақұрылымы базасында жаңа «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасатын атап өтті. – Біз Дубай қаржы орталығымен келіссөз жүргіздік. Олардың тәжірибесін Қазақстанда қолдану жөнінде уағдаластық, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде «ЭКСПО-2017» көрмесінің базасында БҰҰ-ның қолдауымен Жасыл технологияларды және инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құруды ұсынғанын айтты. «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Жасыл технологияларды дамыту жөніндегі орталықтың бірлескен қызметі аймақтағы «жасыл» облигациялар мен ислам қаржы саласының дамуына серпін беруге тиіс. Қазақстан Президенті таза энергетиканы дамыту саласындағы бастамалар ынтымақтастық үшін берік негіз бола алатынын атап өтті. – Саммит мемлекеттер мен бизнестің осы саладағы өзара әрекеттестігінің жаңа формаларын бастап беруі қажет, – деді Мемлекет басшысы. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев талқыланған мәселелер бойынша пайдалы пікірталас өтіп, ұтымды ұсыныстар айтылуына тілектестік білдірді, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің құрылуының 45 жылдығымен құттықтады.
* * *
Қазақстан Президенті мерейтойлық саммит жұмысы аясында болашақтың энергиясы саласындағы «Zyed Future Energy Prize» халықаралық сыйлығын салтанатты түрде табыстау рәсіміне қатысты. Сыйлық 2008 жылы тағайындалды және Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммитінде, Абу-Дабидің тұрақты даму аптасы аясында әмірліктің тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянның атынан жыл сайын табыс етіледі. Сыйлықты 5 аталым бойынша Біріккен Араб Әмірліктері басшылығының қатысуымен шет мемлекеттер басшыларының бірі табыстайды. Биыл мұндай құрметке Нұрсұлтан Назарбаев ие болды.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді