«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақша төлемесең, Астанаға кіре алмайсың

Ақша төлемесең, Астанаға кіре алмайсың
ашық дереккөз
Ақша төлемесең, Астанаға кіре алмайсың
Мамыр айынан бастап елордаға кіретін жолдар ақылы болады. Бірақ, таңертеңгі қарбалас уақытында ғана. Ал бағасы әлі нақтыланып жатыр. Бұдан бөлек, бірнеше даңғыл да бір бағыттық қозғалысқа ауысады. Көлік жүйесін бастан-аяқ өзгертіп жатқан қала әкімдігі осы арқылы кептелісті азайтып, ЭКСПО-ға әзірлікті бастап кетті. Бірақ, бұндай жаңашылдықтар жүргізушілерге жағып жатқан жоқ.

Астанада күннен күнге көлік саны артып, көшедегі қозғалыс қиындап барады. Әсіресе, таңертең жұмысқа, кешке үйіне асыққан жұрт кептелісте тұрып зорға жетеді. Өйткені, елордаға қаланың іргесіндегі елді-мекендерден күніне 75 мың машина кіріп-шығады екен. Сондықтан кептелісті сейілту үшін Астанаға кіретін жолдар таңертең сағат 7-ден 10-ға дейін ақылы болмақ. Ал, қалған уақытта қазіргідей тегін болып қала береді.

«Ақылы жол мамырдың 21-інен бастап іске қосылады. Егер таңертең Астанаға жұмысқа бара жатқан адам, ақша төлегісі келмесе, қалаға кіре берісте машинасын тегін автотұраққа қалдырып, өзі ары қарай автобуспен барады. Немесе, сағат 10-ға дейін кептелістің азайғанын күтіп, кейін машинасымен тегін кіре алады»», - дейді «Астана LRT» ЖШС өкілі Рустам Халилов.

Ал бас қалаға кірудің қанша теңге болатыны белгісіз. Бірақ ол жолақы құнынан көп болмаса арзан болмайды. Мұндай жаңа ереже жұмысқа іргедегі ауылдардан машинамен қатынайтын жұртты автобусқа отыруға мәжбүрлейді дейді шенеуніктер. Сөйтіп, ЭКСПО қарсаңында көшедегі көлік санының азаятынына сенімді. Халықаралық көрмеге дейін кептеліспен күресіп жатқан әкімдік бір бағыттағы көшелердің санын да арттырмақ. Енді көктемде қозғалысы көп Абылай хан көшесі, Шәкәрім даңғылы бір бағытта болады.

Оның үстіне, көлік қозғалысын реттеу үшін автобус жолақтары да артады. Елордада мұндай бірнеше көше бар. Жақында олардың саны тағы 24-ке толығады. Бірақ, қоғамдық көліктің жүруі үшін жағдай жасалғанымен, таңертеңгі және кешкі уақытта жұрт автобусқа сыймай жатады. Әсіресе, қақаған аязда қиын. Жүргізушілер де жолаушылардың өмірін қауіпке тігуін доғарар емес.

«Биыл рөлде отырып телефонмен сөйлескені үшін мыңнан астам автобус жүргізушісіне айыппұл салынды. Ал, 300-ден астамы салонда темекі шеккен. 20-шы ғасыр емес, бұл сұмдық қой», - дейді Астана әкімі Әсет Исекешев.

Сондықтан Исекешев тәртіпке бағынбайтын жүгенсіз жүргізушілерді бірден жұмыстан қуу керек дейді. Бұдан бөлек, жақында осы қоғамдық автобустардың қозғалыс уақыты ұзарып, түнгі 12-ге дейін жүретін болады. Алдымен сынақ ретінде 24 сағат бойы жүретін 3 автобус бағытқа шықпақ. Олар әуежай, теміржол вокзалы мен кісі көп жүретін жерлерді қамтиды.

ақпарат көзі: Baq.kz

Ұқсас жаңалықтар