Универсиада алауын кімдер көтереді

Универсиада алауын кімдер көтереді
ашық дереккөз
Универсиада алауын кімдер көтереді

28 қысқы Универсиада алауын Қазақстан бойынша көтеріп өтетін жастардың тізімі белгілі болды.

«Бұл маңызды міндетті 1000 адам атқаратын болды. Мың алаугердің 70%-ын ғылым, мәдениет және спорт саласында жетістіктерге жеткен 17-28 жас аралығындағы студенттер құрап отыр», - делінген хабарламада. Олардың қатарында грек-рим күресінің 1980 жылғы олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, бокстан 2000 жылғы олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, 1988 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері,  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Дәулет Тұрлыханов, бокстан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай, жүзуден 2016 жылғы олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, Әбу-Дабиде өткен джиу-джитсудан әлем чемпионы Мөлдір Мекенбаева, сондай-ақ, түрлі жылдары Қазақстанға жеңістер сыйлаған тағы да басқа көптеген спортшылар бар. Бұрын хабарлағанымыздай, алаугерлерді іріктеу үш кезеңнен тұрды. Іріктеудің бірінші кезеңі 1 қыркүйек күні басталып, республикамыздың барлық жоғары оқу орындарын қамтыды. Университеттер ішкі байқау қорытындысы бойынша өз өтінімдерін берді. Екінші кезеңде іріктеу барысына облыстық орталықтарда Эстафетаны өткізумен айналысатын аймақтық штабтар қосылды. Іріктеудің үшінші кезеңінде кез келген адам www.torchrelay.kz сайтында өтінім толтырып, Эстафетаға алаугер ретінде қатысуға өтінім жібере алды. 2017 жылдың 25 қаңтарында Астанада 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиада Алауы тұтанады. Бес күн аралығында әрбір облыс орталығында Алауды жағуға арналған салтанатты шара өткізілетін болады. Алау эстафетасы өңірлерде өткізілгеннен кейін 16 алаугер Алауды Алматыға жеткізіп, осында Универсиаданың ашылу салтанатында бір тостағанға біріктіреді. Студенттік ойындардың астанасында алауды 100 адам көтеріп өтеді. Жалпы алғанда Универсиада алауы 22 500 шақырым жүріп өтеді. Оның 200 шақырымын алаугерлер жаяу жүріп өтпек. Студенттік ойындардың ресми әуетасымалдаушысы  «Эйр Астана» компаниясы алауды аймақтардан Алматыға жеткізеді. Осылайша Эстафета алауы қалған 22 300 шақырымды Алматыға дейінгі жолда өткізеді.

ақпарат көзі: kazinform.kz

Ұқсас жаңалықтар