сәләфизм ағымы қалай сан соқтырды?
Қазіргі кезде ғаламтор арқылы қыздар мен басы бос әйелдердің тұрмысқа шығуы үшін, өздеріне жарнама жасайтын әлеуметтік желілер өте көп. Мысалға, «В контакте» желісіндегі «Неке Қазақстан» деген бірлестіктен әйелдердің анкеталары жазылған арнайы жазбаларды табуға болады. Жасын көрсетіп, (тұрмысқа шыққан немесе ажырасқандығы туралы т.б.) өздері туралы қысқаша деректемелерді береді. Осы топтан өзіне тіреу болар ер азаматты іздеген, жиырма бес жастағы азаматшамен сөйлесіп көрдік. Өзінің шынайы аты-жөнін жасырғанды жөн деп тапқан әлеуметтік желі тіркелушісі бізге өз басынан өткен жағдайды бүкпесіз айтуға келісті. Сәләфиттік ағымның аясында алты жыл ғұмырын өткізген азаматшаның тағдыр талайы қара көз қыздарымызға сабақ болады деген ойдамыз...
«Құрбыма құлақ түрмедім»
«...Ол кездерді мүлдем есіме алғым келмейді. Алайда, басқа жандардың мен сияқты қорланғанын қаламаймын. Сондықтан басымнан өткен жағдайды баяндауға келісімімді бердім. Ол сәттерді қорқынышты түс ретінде ғана қалдырғым келеді. Әттең, бірақ оны ұмытар емеспін. Студент кезімде Алланың бұйрығымен мұсылмандық парызым ретінде бес уақыт намазымды оқып жүрдім. Басында «Әбу Ханифа» мәзһабын ұстанған болатынмын. Құранның екі парасын сол кезде-ақ жаттап алдым. Сәті түскенде борышымды мешітте өтейтінмін. Алайда, мешіттегі өздерін оқшау ұстайтын қыздармен сөзге келіп, айтысып қалатынбыз. Ондағы жанжалымыздың себебі, олардың басқа бағытты ұстанатындығы еді. Мен хиджаб киетінмін. Олардың кейбірі ниқабта болды. Жиі-жиі келіспей, айтысып қалып жүрдік. Сендерге дәлел қажет болса көрсетеміз дейтін. Бірде өздері бізді ауызашарға шақырды. Құрбым екеуміз баруға келістік. Кешқұрым барып, дастарқан басында отырғанда «ал, енді дәлелдеріңді көрсетіңдер?» дедік. Ондағы бір топ қыздар жан-жақтан бірінің сөзін бірі жалғап, алдымызға өз дәлелдерін үйгендей болды. Неге екенін түсінбеймін, содан бастап мен құрбыма қарағанда олармен көп араласып кеттім. Өйткені, сол кезде оларға сеніп осы жамағатқа бүйрегім бұра бастады. Ал құрбым олардың дәлелдеріне аса мән бере қойған жоқ. Құрбыммен де осы кезден бастап достығымыз екіге айырылды. Ол бұрынғыша мешітке барса, мен мүлдем баруды қойдым. Бәрі де сол сәттен басталды. Осылайша сәләфизмнің уағызшыларын тыңдап, өмірімді мүлдем басқа арнаға бұрдым. Ол кезде адасқанымды кейін түсіндім ғой. Әйтпесе, онда өзімдікін тек дұрыс көретінмін. Құрбым мені ойымнан қайтаруға сан мәрте тырысып бақты. Тіпті, ҚМДБ-дағы ұстаздармен де кездестіргісі келді. Бірақ, өзімнен басқасының бәрін бір сәтте адасушыға телідім. Тек сол жолды ғана ақиқат деп білдім. Сондай нақты сенімде болдым. Мәзһабты ұстанған кезімді де адасқан шағыма баладым. Осы үшін қатты өкінемін! Бекер сол кезде сұрастырып, мешітке қайтадан бармаппын. Өкінгенмен амал не? Бәрібір қазір сол сәттерді кері қайтара алмаймын ғой...
«Басқаның бәрін кәпірге телідім»
Сол жамағатпен араласып жүріп, «суруриттер» деген екінші бір ортамен байланыса бастадым. Мадхалиттер де, суруриттер де өздерін «сәләфилер» деп атайды. Алайда, ішімізден мақсаттарымызға қарай осылай бөлінеміз. Айырмашылықтарымыз аса көп емес. Сондағы бір қызбен жақсы қарым-қатынаста болдым. Оның шетелден алған білімі де бар екен. Мені күнара үйіне қонаққа шақырып тұрды. Мен дәстүрлі дінімізден түбегейлі алыстап, сәләфиттік бағытқа қадам басып жатқанымды сезбеппін. Үйінде маған діни бір-екі сауал қойды. Мен енді ғана үйреніп жатқанымды айттым. Сонда ол «мурджиттер екенсіз ғой?» деді. Бұл сөзді естігенде таңғалдым! Жүріс-тұрысымыз бір болатын. Ол да ниқабта. Өзімізді әуелгі жолдағылармыз дейтінбіз. Сөйтсек, тағы ішінен топтарға бөлінеді екенбіз. Ақыры ол мені өз жамағатына қоспаққа тырысып, үйіндегі оқулықтарынан бар дәлелдерін көрсетті. Кешкі сағат 19.00-де барғаннан түнгі 04.00-ге дейін әңгімелестік. Содан не керек, енді сол жамағаттың мүшесі болып шыға келдім. Мадхалдар менен алыстап кете барды. Оларға күдікпен қарағаным мүлде ұнамады. Сөйтіп, суруриттер жамағатында қалып, тұрмысқа шықтым. Жиырма жасымнан бастап, алты жылғы ғұмырымды осы ортада өткіздім. Өзімізді ақиқатты айтушылармыз дедік. Тек өзімізбен ғана санасатынбыз. Кім намаз оқымайды, соның бәрін айыптауға көштік. Оларды кәпір ретінде санадық. Бізді қолдамайтындарды адам құрлы көргіміз де келмейтін. Мұндағы жамағат өте ұйымшыл еді. Махрамсыз әйелдің жалғыз жүрулерін қаламайтын. Күйеуім де осы жамағаттан болды.
«Сирияға кетіп бара жатып ұсталдық»
Бізге ішкі саясат бөлімінің теологтары, Ішкі істер министрлігінің ақсақалдар алқасы, имамдар мен дінтанушылар да кеп кететін. Бірқатар түсіндіру жұмыстарын да жүргізген. Біз оларды «адасушы» десек, қалай тыңдаймыз? Білім беретін уағызшыларымыз тек өздерін ғана тыңдауға шақырды. Басқа қоғам мүшелерін бізге жиіркенішті етіп көрсетті. Сондықтан ондай түсіндіру жұмыстарын құлағымызға да ілмедік. Қайта Сирияға кетпек болып жатқанда, қолға түскеніміз үшін рахметімді айтамын. Егер де шекарадан асып кеткенде, жағдайым не болар еді?! Ондағы соғысқа барып, бейбіт елімнен тамыр үзер едім ғой. Уағызшыларымыз радикалды бағытқа үндейтін. Өз арамызда тіпті, сабақтар болатын. «Skype» желісі арқылы әрбір жердегі жамағаттарымызбен онлайн сабақтар өткіземіз. Жезқазған, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Жаңаөзен, Ақтау, Алматы тағы басқа қалалардағы жамағаттарымызбен тығыз байланыста болдық. «В контакте», «Facebook» сияқты танымал емес, қарапайым қолданушылар да біле бермейтін түрлі әлеуметтік желілерді пайдаланатынбыз. Бірде Сирияға аттанбақшы болдық. Алдын ала бір топ адам дайындалдық. Мен ол кезде кетуге қатты ниет еттім. Арамыздан бір адам тиісті жерге хабарлады ма, әйтеуір бәріміз кетпекші болып жатқанда орта жолда ұсталып қалдық. Біз секілділерді тура жолға бағыттаған бұқаралық ақпарат құралдарындағы дүниелерге сенбедік. Өзіміздің «В контакте» желісінде «Халифат», «Аль-Хаят» деген бірлестіктеріміз бар болатын. Тек солардағы жаңалықтарды дұрыс көретінбіз. Сириядан қайтып келген жандардың сұхбатын, оқиғаларын көрсек, оны билік, журналистер өздері ұйымдастырған, сатып алған деуші едік. Ондайдың бәрін заңды жағалаған адамдар дейтінбіз. Мүмкін, мына менің оқиғамды оқыған ендігі біреулер де солай ойлауы ғажап емес. Тек қана біздегілердің көбі басына осындай жағдайлар түскенде ғана біледі. Сәләфизм бағытындағыларды дәстүрлі исламға қайтару қиын. Біздің жамағаттағы жолдасынсыз қалған әйел затының көбінің күйеулері экстремизм бабымен сотталып кеткендер. Бұның бәрін өздеріне келген сынақ деп біледі. Қандай қиындық көрсе де, мойымауға тырысады. Сондықтан олар бұл жағдайда қасиетті жихадты орындадық деп ұғады. Еш жасыратыны жоқ! Өзім де кезінде солай түсіндім.
«Күйеуім талақ айтып, жүктілігіме қарамай тастап кетті»
Тұрмысқа шыққан кезімде, жағдайым мүлдем өзгерді. Нақты айтсам, сәләфизмнің кәдімгі секта екендігіне көзім жетті. Олардың істері сүннетке мүлдем сай болмай кетті. Аяғым ауыр болғанда, босануға мерзімім таяғанда күйеуім талақ айтып, тастап кетті. Сондағы бар себебі оған екінші әйел алу керек болды. Ажырасқан сәттен бастап, бауырсымақ ахилары бірінен соң бірі «маған тұрмысқа шық!» деп ұсыныстарын айта бастады. Осы сәтте өзімнің адасқанымды түсініп, опынып, өкіндім. Босанып, өмірге қыз бала алып келдім. Содан көп ұзамай сәбиімді алып бұл жамағаттан қашып шықтым. Екі-үш ортаны көрген соң көзім де ашылды, көп нәрсені уақыт өте түсіне бастадым. Олардың «сүннет» дегені бос сөз болып шықты. Қазір сол нәрестемнің барына шүкір айтып, соны алданыш етіп келемін! Ол менің кездескен қиындықтарға мойымай, өмірге деген құштарлығымды, махаббатымды арттырды. Әкесіне келсек, не дерімді білмеймін... Қызымның «папа, тауып бер!» деп айтатыны жүрегімді ауыртады. Өзі қатарлы балалармен ойнап, олардың әкелері барына қатты қынжылады. Кейін өскен соң, оған не деп түсіндірерімді білмеймін?! Әкең туылмай тұрып тастап кеткен деп қалай айтамын?! Байқағаным, оларда жыныстық қарым-қатынас тақырыбында қыздар мен жігіттер еркін сөйлесе береді екен. Бұны өзім кеш білдім. Бір-біріне ұялмай суреттерін жіберіп, кәдімгі «сүйем», «шешін» деген сөздерін айтуға арланбайды. Осы жағдайлар мені қатты ойландырып, өзімізді «әуелгі жолдағылармыз» деуден жиіркеніп кеттім. Олардан қашып шыққаннан соң, неше түрлі ауыр сәттерді бастан өткердік. Қызымыз екеуміз күндік нанымызды тауып жеп жүрдік. Басқа амалымыз болмады. Қазіргі кезде саябақта балмұздақ сатушымын. Осылайша әркімге бір жалданып, таңдайға басар талғажауымды табудамын. Күніге аларым 1000-1500 теңге. Таңғы сағат 07.00-ден тұрып, түнгі 22.00-ге дейін жұмыс істеймін. Пәтеріміз арзан болуы үшін алыста тұрамын. Сондықтан да ерте тұрып, күніге жаяу барып қайтамын. Қызымның әкесінен еш жақсылық күтпеймін. Әркімнің ақысын Алла ақыретте алып береді.
«Анамның ас табағын аударғаныма қатты өкінемін»
Осы теріс бағытта болған кезімде, ата-анаммен де талай дауласып ұрыстым. Мені оқытып, барын аямай жетілдірді. Солардың арқасында жоғары оқу орнын бітірдім. Дипломымды алып ауылға бардым. Негізі өзіміз еліміздің оңтүстік аймағында тұрамыз. Сәләфиттік көзқарасымды отбасыма да айтушы едім. Сендердікі дұрыс емес дейтінмін. Сол себепті асыл дінімізбен келе жатқан салт-дәстүрлерімізді бидғатқа, адасушылық деп айыптап, мүлдем ойланбастан теріске шығардым. Үйдегілер маған таңғалды! Олар да мені қайтаруға тырысты. Алайда, анамның құйып берген асын төгіп, ас табағын аударып, көздерінше «сендер кәпірсіңдер» деп, өз жолыммен кетіп қалдым. Міне, содан бері алты жыл өте шықты. Қатты сағынамын! Өкінемін. Бекерден бекер отбасымды осылай тастап кеттім. Менің тұрмыс құрған күйеуім де ата-анамызға жақындатқызбады. Анам әлі күнге дейін зар жылап жүр. Келуімді талай маған айтып өтінді. Алдарына баруға қатты ұяламын. Кезінде асын ішпей, төгіп кеткенім үшін өз-өзімді кешіре алар емеспін. Мен де анамын ғой!? Менің қазіргі мақсатым қызымды жетілдіріп, ата-анамнан кешірім сұрап, қайтадан олармен бір отбасы болуды армандаймын. Бірақ, арым оған жібермейді. Өз ұятымның уысында тұншығып келемін...»
P.S. «Ата-ананың қадірін, балалы болғанда білерсің» деп, бұрынғылар бекер айтпаса керек. Осыншама қыздарымыздың бақытсыздыққа тап болып, жастарымыздың өз еліне қару алып жүгіріп жатқанына не дейміз!? «Дүмше молда дін бұзар, қисық арба жол бұзар» дегеннің керін бүгінгі қоғамымыздан көріп, ішің ашиды, жаның ауырады. Осы әңгімеден соң санам санға, ойым онға бөлініп, өз өмірін өзгелерге сабақ болсын деп, бүкпей баяндаған азаматшаның алдағы өміріне тек сәттілік, өзге жастарымызға адаспауды тілеп іштей толғанып қала бердім...
Қадірәлі САРЫПБЕК, студент.
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді