Жаңа қала мен көне шаһар сәулеті үйлесіп тұрса
Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі.
Н. Ә. Назарбаев.
Қалада бірнеше саябақ бар. Соның бірі – орталықтағы Т. Рысқұлов атындағы саябағынан жаз бойы адам аяғы үзілмейді. Сауық-сайранның барлығы сонда. Ал Қ. Рысқұлбековтің есімі берілген демалыс орнында сейілдеушілер алғашқысына қарағанда сирек болады. Оның себебі айтпаса да түсінікті. Тал-дарағы көп, ауасы таза. Десе де, көзтартарлық ештеңе жоқ. Сондықтан, облыс басшысы саябақты қайта жаңғыртуды қолға алмақшы. Егер бұл бастама жүзеге асса, ол да тұрғындар көп келетін бір орынға айналатыны анық. «Қ. Рысқұлбеков атындағы саябақ көрнекті жерде, тура қаланың орталығында орналасқан. Төле би даңғылынан Қазыбек би көшесіне дейінгі аумақта созылып жатыр. Бірақ, екі жағында да бұл жердің саябақ екенін айшықтап тұрған белгі жоқ. Тал-терегі көп болғанымен, отырып демалатын, жастар қызығып қарайтын дүние жоқ. Оны мойындауымыз керек. Өткенде облыс әкімі осы мәселені көтеріп, біздің ұсыныстарымызды сұраған. Өңір басшысының бастамасы бізге үлкен ой салды. Расында саябақты жаңғырту аса қажет», – дейді суретші-мүсінші Аманат Назарқұл. Мүсіншінің айтуынша, бұл мәселе бойынша өз жобаларын ұсынғандар көп болыпты. Олардың ұсыныстарымен демалыс орнына аса күрделі құрылым керек емес екен. Ал сәулеткерлер көне Грециядағыдай колонналарды орнатып, антикалық амфитеатр стилінде жаңғыртпақшы көрінеді. «Қазір Астана қаласының тұрғыны болсам да, туған жер үнемі көкейіңнен шықпайды ғой. Қаланы көркейтуге байланысты көптеген ой-арманым бар. Десе де, саябаққа байланысты дайын сызбалар жоқ болатын. Әлгі сызбаларды көргеннен кейін, өз жобамды жасауға бел будым», – деді әңгіменің ашығын айтқан суретші. Аманат Назарқұл антикалық стильдің Таразға еш қатысы жоқ екенін айтады. Көне шаһардың өзіндік бейнесі көрініп тұрғанын қалайды. Суретші сөзінің жаны бар секілді. Ал, оның жобасы бойынша саябақтың кіреберісіне үлкен қақпа орнатылып, аллея салынуы керек екен. Ол үшін Төле би даңғылының бойындағы кәрі ағаштар кесіліп, қураған талдардан аршылуы тиіс. Сол жерге жас талдар отырғызылып, 300 метрдей жерге Орта Азиядағы көне қаланы жырға қосқан, мекен еткен әлемге әйгілі ойшыл, ақын, ғұлама, жазушылардың (Омар Хайям, Фирдоуси, Жүсіп Баласағұн, М. Х. Дулати, т.б.) мүсіндері орнатылмақ. Ортасына субұрқақтар салынып, түрлі пішіндегі үлкен-үлкен мәрмәр тастарды қойып, оларға ақындардың Таразға арнаған жырларын жазуды да өз жоспарына қосыпты. Автор өз жобасында Қайрат Рысқұлбековтің ескерткішін парктің ішіне қарай көшіру туралы ұсыныс тастапты. Желтоқсан оқиғасының қаһарманының тұлғасы ашылмай қалғанын, оған еңселі ескерткіш керектігін айтады мүсінші. Негізі кіреберістегі аллеяда осындай танымдық дүниелердің тұрғаны дұрыс деп ойлайды. «Әр өңірдің тарихында ұлы тұлғалар болған. Мен кейде жамбылдық мүсіншілерге қалжыңға сүйеп «Фирдоуси, Омар Хайям Алматыны жырға қосқан болса, алматылықтар баяғыда-ақ, бұл біздің тарихымыз деп ескерткіш тұрғызып тастар еді» деп айтамын. Саябаққа келген адам Тараздың тарихын танып, көзбен көріп, сезінсе қандай ғанибет. Арғы Қазбек би көшесі жағынан да қақпа орнатуды ұсындым. Жалпы, менің жобам бойынша демалыс орны жүз пайызға өзгеруі тиіс», – дейді ол. Аманат Назарқұлдың жобасы бойынша бірнеше мәселенің шешімі табылатын секілді. Біріншіден, саябақтың сәулеті өзгеріп, қаланың көркіне-көрік қосады. Екіншіден, келушілер демала жүріп, Тараз тарихынан мағлұмат алады. Бұл алдымен, жас ұрпақ үшін керек. Ал, ең бастысы, бұл қаламыздағы өзгеше архитектуралық кеңістіктің бірі болар еді. Бірақ, бұл әзірге жоба – ұсыныс қана. Оның қабылданып, қолдау табар-таппасы белгісіз.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді