Келер жылы 30 бірдей қазақстандық туынды көрерменге жол тартады. Аталған фильмдер отандық кинокомпанияларға тиесілі. Олардың барлығында дерлік қазақстандық актерлер ойнайды.
Ақан Сатаев 2017 жылы “Аудандар-2”, “Сол бір қыз”, “Аға, маған өмір сүруді үйретші” фильмдерін ұсынады. Арман Дүйсенов түсірген “Оралман из Питера” фильмінде көптеген қазақстандық танымал жұлдыздар ойнайды.
“Қыз бен теңіз”
“Қыз бен теңіз” Азиза Заированың “Шексіз мүмкіндіктер” диологиясының екінші бөлімі. Алғашқысы “Болу немесе болмау” деп аталған-ды. Сюжетіне келсек, фильм мүгедек қыздың армандары мен махаббаты туралы болмақ. Арасында отбасына қатысты мәселелер де көрсетіледі. Басты рөлді сомдайтын Динара Шарапова ауруына қарамастан, шығармашылықпен белсенді түрде айналысады. Түсірілім жұмыстары Анталияда өткен. Жобаның авторы әрі режиссері – Мұхаммед Мамырбеков.
“Бiр сен үшiн”
Актер әрі тележүргізуші Азамат Сатыбалды мен актриса Карменова “Бір сен үшін” мелодрамасына түсуде. Жоба авторы және продюсері – Азамат Сатыбалды. Бұл – актердің кино саласындағы тырнақалды туындысы. Ал сценарий авторы – Елена Лисасина. Ол жұрттың ықыласына бөленген “16 қыз” фильмінің сценарийін жазған болатын. Аталған мелодрамадан Асқардың әкесінің бейнесінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оразхан Кенебаевты көре аласыздар. Театр сахнасында қос ғашықтың рөлін сәтті ойнап шыққан әріптестер бүгінде телеэкранда кездессе, туынды шын мәнінде “мәңгілік махаббатты жырлайтын” кинокартина болмақ.
“Питерден келген оралман”
Бұл фильм – Арман Дүйсеновтың тырнақ алды туындысы. Арман мырза халыққа әнші әрі композитор ретінде таныс. Алайда бұл екі сала Арман мырзаға аздық етсе керек. Ол енді өзін режиссер, сценарийші ретінде сынап көрмек. Фильм сюжетінің қалай өрбитіні белгісіз. Десе де, фильмде көптеген қазақстандық танымал жұлдыз ойнайтыны сөзсіз. Басты рөлдерде – Дәурен Айдарқұлов, Асан Мәжіт, Динара Бақтыбаева, Дина Тасбұлатова.
“Өзен”
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Эмир Байғазин жасөспірімдер туралы туындының үшінші бөлімін түсіруге кіріскен-ді. Режиссердің алғашқы екі туындысы Германияда өткен халықаралық кинофестивальде жүлделі орынға ие болды. Ал “Өзен” деп аталатын Асыланның өмірі туралы болмақ. Бала күнінде қиыншылықты көп көрген ол тезірек есеюге мәжбүр болады. Естеріңізге сала кетсек, Эмир Байғазин кинокартинасы халықаралық Берлин кинофестифаліне туындысы қатысқан алғашқы қазақстандық режиссер.
“Үлкен қаланың кішкене ханзадасы”
Фильмді ҚР халық артисі Талғат Теменов түсіріп жатыр. Ол осы уақытқа дейін “Адамдар арасындағы қасқыр”, “Жүгірген мишень”, “Махаббат бекеті” сынды фильмдер арқылы танымал. Автор жаңа туындысына 6 жасар бала мен өмірді көрген қарияның тағдырын арқау еткен. Режиссердің айтуынша, туынды періште жолған тайған заманда өз орныңды таба білу туралы болмақ. Фильмде қазақстандық актерлер мен Қуанышбаев атындағы музыка-драма театрының актерлері бой көрсетеді.
“Жол қорғаушылары”
Фильмнің сюжеті өзара бәсекеге түсетін продюсерлік орталық туралы. Біріншісін періште, екіншісін жын басқарады. Олардың әрқайсысы шығармашылық адамдарының ерекше дарынын пайдаланып қалуға тырысады. Алғашқысы кемелдену принципін негізге алса, екіншісі уақытша олжаны ермек қылады. Туындының продюсері – Кәрина Сәрсенова, режиссері – Любомир Левицкий.
“Тағы бір күн”
Фотограф Виктор досы Дәуреннің шақыртуымен Испаниядан Алматыға ұшып келеді. Ол Қазақстанға келіп, кезекті көрме ұйымдастырып, сноубордпен сырғанамақшы болады. Испаниялық түнде тауды суретке түсіріп тұрған кезде оны шаңғышы қағып кетеді. Осылайша Виктор қардың астында қалып қояды. Таңертең Виктор есін жиып, өзінің үңгірге түсіп кеткенін аңғарады. Сыртқа шығып басқаларға өзінің тірі екенін естіртпек болады. Бірақ телефоны дұрыс істемей әлек болады. Шыңға шығып хабарласады. Бұл жолы да әрекеті нәтижесіз болып, аяғын сындырады. Виктор адам баласы аяқ баспайтын жерде өмірін сақтап қалуға талпынады. Себебі, табиғат оған тағы бір күн сыйлады. Фильмнің режиссерлері – Виталий Кистанов пен Фурхат Файзиев. Актерлер – Александр Багрянцев, Қажымұқан Қалымбетов, Виктор Бондарев, Латина Сатарова және Владимир Мищенко.
“Әміре”
Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясы, кинопродюсер және инвестор Әлидар Өтемұратов голливудтық продюсерлер Кери Гранат және “Оскар” жүлдесінің иегері Эд Джонспен бірлесіп “Әміре” фильмінің түсірілімін бастаған-ды. “Әміре” Қазақстан – АҚШ бірлесе отырып түсіріп жатқан алғашқы жоба болмақ. Фильмге қазақтың біртуар дарынды әншісі, тенор дауыс иесі Әміре Қашаубаевтың жарқын Һәм қысқа өмірі және жұмбақ өлімі арқау болып отыр. Әміре Қашаубаев қазақ халқының әншілік өнерін Еуропа халықтарына таныстырып, ұлттық аспабымыз домбыраны 1925 жылы Парижде Exposition Internationale des Arts Décoratifs et Industriels Modernes аясында өткен музыкалық байқауда паш еткен адам. Басты рөлде Санжар Мәдиев ойнайды.
“Наурыз.kz”
“NauryZ.kz” фильмін “SG Production” компаниясы түсіріп жатыр. Ауқымды жоба Қазақстанның Астана, Алматы, Шымкент сынды қалаларында түсірілді. Барлық жастағы көрерменге арналған. Туынды отбасылық құндылықтар, махааббат пен шынайы достық туралы. Ол Наурыз мерекесінің қарсаңында болған бірнеше кейіпкердің оқиғасы туралы. Картинаның режиссері – Асқар Бисембин. Ол “Свадьба на троих”, “Әдел”, “30 жаста тұрмысқа шығу” және “Әкесінің қыздары” сынды туындылары арқылы халыққа таныс. Сценарийін Василий Земзюлин, Асқар Бисембин және Николай Пак бірігіп жазған. Фильмде спецэффектілер мен комедиялар көп болады. Жобада Берік Айтжанов, Жанар Дұғалова, Нұрлан Қоянбаев, Айқын, Данагүл Темірсұлтанова сынды танымал жұлдыздар өнер көрсетеді. Картинаның продюсерлері – Алмас Сұлтанғазин мен Олег Головашкин сценарийдің бір жыл бойы жазылғанын айтып жатыр.
“Қашғарға саяхат”
Әзірге аталған фильм туралы көп мәлімет белгісіз. Шоқан Уәлихановтың сүйіктісінің рөлін Гүлнәз Жоланова сомдайды. Ол аталған фильм барысында аттан құлап, үш күн бойы жатып қалған болатын. Актрисаны алмастыратын дублер болмағандықтан, Гүлнәз барлық трюкті өзі орындаған. Ол небәрі 14 күннің ішінде атқа отырып, қолға қару ұстауды үйренген екен. Туындының режиссері – Жас Пошанов.
“Бойжеткен”
“Бойжеткен” қысқаметражды фильмі Польшада өтетін халықаралық фестивальге қатысады. Туындының режиссері – Әбдел Фифтибаев. Аталған фестиваль ең алғаш 1992 жылы ұйымдастырылған болатын. Өткен жылы оны 2 миллион адам тамашалаған болатын. Қатысуға 3242 фильмнің ішінен 112 туынды іріктеліп алынған. 33 мемлекеттен іріктеліп алынған туындылардың ішінде қазақстандық “Бойжеткен” де бар.
“Мажорлар”
Продюсер Анар Рүстемова оңтүстік астанада “Мажорkfh” фильмін түсіріп жатыр. Фильм байдың балаларының қамсыз өмірінде де қиындықтардың кездесетіні туралы. Оны жасап шығарушылардың пайымдауынша, аталған туынды Қазақстандағы үздік кинолардың тізіміне міндетті түрде енеді. Режиссері – Жәнібек Ғұсманов. Басты рөлді Марсель Махмұди сомдайды. Анар Рүстемова шынайы өмірде Марсельдің анасы. Ол кинода да Марсельдің анасын сомдайды. Продюсер түсірілімге өзінің жеке куәлігі мен аппартаменттерін ұсынған екен. Қазақстанда 16-21 жас аралығындағы кәсіби актерлер аз болғандықтан, тәжірибесі жоқ актерлер де бой көрсетеді деп күтілуде.
“Адамға жат”
“Мистер Қазақстан – 2015” байқауының жеңімпазы Байрам Исмайылов “Нелюди” атты туындының түсірілім жұмыстарын қолға алған-ды. Продюсері – Ренат Әлманов, ал режиссердің көмекшісі – Әсел Бейсенбаева. Фильм квест ойынын ойнау үшін орманға аттанатын жастар тобы туралы. Ойын шартына сәйкес, соңғы тапсырма – жалауды табу. Іздеу жұмыстарына кіріскен жастар орманда адамдарды аса жақтыра бермейтін сарайды тауып алады. Режиссер бұл фильмді 2014 жылы түсірмек болған. Ол уақытта өзіне сенімсіз болғандықтан, бұл жобаны кейінге қалдырған. Басты рөл мансап жолын енді ғана бастап жүрген актерлерге тиесілі. Байрам Исмайылов бұл туындыдан кейін комедия жанрындағы фильмді қолға алмақ.
“Талан”
Аталған фильмнің сценарийі Жүсіпбек Қорғасбектің “Қасқыр адам” повесінің желісі бойынша жазылған. Әлеуметтік драма жанрындағы оқиға басты кейіпкер Тағайдың тұлға болып қалыптасу кезеңін сипаттайды. Оқиға өткен ғасырдың 30 жж өрбиді. Екі бала жетім қалады. Ал олардың тағдырының қандай болатыны уақыттың еншісінде. Олар араға біраз уақыт салып бала күнгі достарымен жолығады. Бұл кездесу олардың өмірін түбегейлі өзгертеді. Бұл – адам әскери диктатура заманында өзінің өмірі үшін төлейтін құн туралы аңыз. “Талан” фильмі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырымен түсірілген. Режиссері – Болат Қалымбетов. Басты рөлдерде – Ерік Жолжақсынов, Шынар Жынысбекова, Ержан Нұрымбет, Ұлан Нүсіпәлі, Оңдасын Бесікбасов, Жасұлан Әйтенов, Аян Өміржан.
“Тақиялы періште-2”
Қоғам қайраткері, продюсер Құсман Шалабаева арада 48 жыл өткен соң, әйгілі картинаның жалғасын түсірмек. Ол қырғызстандық режиссер Найзабек Сыдықовпен бірігіп жас кинематографистерден құралған команда жинап үлгерді. Жоба жекеменшік қаржыландырудың көмегімен қолға алынып отыр. Сюжетіне келсек, бұл жолы Тайлаққа емес, оның немересіне болашақ жар іздейтін болады. Бұл режиссердің мансабындағы үшінші толықметражды фильм. Түсірілім жұмыстарына фильмнің бірінші бөлімінде ойнаған Әлімғазы Райынбеков, Бибігүл Төлегенова және Шолпан Алтайбаева атсалысады. Тайлақтың ұлының рөлін Дәулет Әбдіғаппаров, ал немересін Олжас Тоғымбет сомдайды. Келіндердің бірін “Алматы аруы-2014” Әлия Даниярқызы сомдайды.
“Аңыздарға сен”
Фильмнің авторы әрі сценарийшілері – Әбубәкір Самрат, Айдос Сейтбенбетов, Данил Паныч және Рауан Андасбаев. Режиссері әрі продюсері – Әбубәкір Самрат. Картина орманда жүріп таңғажайып оқиғаларды бастан кешіретін студенттер туралы болмақ. Басты рөлдерде Ерболат Тұзақбаев, Даяна Максим, Серік Баембаев, Арина Палатова, Жасұлан Өмірбек және Владислав Масяган сомдайды. 1 маусым күні басталған түсірілім жұмыстары бір айға созылған. Туында қыркүйек айында прокатқа шығады деп жоспарланып отыр.
Бұдан өзге келер жылы қазақстандықтар отандық режиссерлер түсірген “Не египте мне мозги”, “Патриот”, “Барлығы да еркектер үшін”, “Батпақ”, “Рауан”, “Ақерке, мен сені сүйемін”, “Екі адамға арналған мақала”, “Желіде”, “А+А = махаббат”, “Таиландтағы демалыс”, “Келін де адам”, ““Мұраға берілген махаббат”, “Мика” сынды туындыларды тамашалай алады.
ақпарат көзі: stan.kz
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді