«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Жүзігім алтын болғанша, жүзім жарқын болсын»

«Жүзігім алтын болғанша, жүзім жарқын болсын»
ашық дереккөз
«Жүзігім алтын болғанша, жүзім жарқын болсын»

«құрмет» орденінің иегері Батырғали Ақпаев – 70 жаста

Ұзақ жылдар өзінің туған жері облысымызда білім, саяси-әлеуметтік салаларда және қоғамдық жұмыстарда аянбай қызмет еткен, қарапайым азаматтың сырт көзге байқалмаған, бірақ білетін адамдардың өздері оның тереңіне бойлай алмаған Батырғали Ақпаевтың болмысына бір сәт тоқталып өтуді жөн көрдім. Бәкеңді тек қана жас мөлшерімен ғана аңғарып қоймай, оның бойындағы көпті көрген қасиеті, көңіл-ойының саралығы, ел-жұртқа деген пейілінің кеңдігі, туған жеріне қызметі, төккен тері, сыпайылығы, кісілік кемелділігі туралы айтпақпын. Адамның өмірі үлкен құбылыс екені бәрімізге аян. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында босқа өткізбеуді ұстанған азаматтар адами құндылықтарға мүмкіндіктерінше өз үлесін қосуға ұмтылады. Сондай азаматтың бірі досымыз Батырғали да жемісті 70 жасқа толып отыр. Бәкеңмен алғаш 1973 жылы жақынырақ танысуға мүмкіндік болды. Ол кезде Бәкең Шу аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарып жүрген болатын. 25-тен енді ғана асқан, жалындап тұрған жаста еді. Жүйткіген жүйріктей, аққан жұлдыздай зулап өтіп кеткен өмір-ай. Содан бері де 45 жыл өтіп үлгеріпті. Бәрі де кеше ғана сияқты еді. Өмірдегі адами парызын орындауға, алдына қойған мақсатына жетуге деген табандылық оны талай қызмет-белестерді бағындыруға жетеледі. Анасының сүтімен берілген ұлттық, парасатты тәрбие оның елге сыйлы, досқа адал өмірде еңбекқор қасиеттерін айшықтай түсті. Елдің игілігі үшін бар ынтасымен қызмет жасап, абыройға ие болған азамат атанды. Тәуелсіз мемлекетіміздің алғашқы жылдарында ол облысымызда тілді дамыту басқармасының басында болып, мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіруге, оны дәріптеу мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттауға нақты ісімен жемісті жұмыс тындырғанын, одан соң әлемдік деңгейдегі дуалы ауыз саясаткерлердің дені Біріккен Ұлттар Ұйымының қазақстандық үлгісі деп атап көрсеткен Қазақстан халқы Ассамблеясының облысымыздағы филиалының атқарушы хатшысы қызметін атқарған жемісті жылдары да елеуге тұрарлықтай болды. Ұзақ жылдар төккен тері мен ерен еңбегінің жемісі Тәуелсіз мемлекетіміздің «Құрмет» орденімен, бұрынырақта Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі Президиуымының Құрмет грамотасымен марапатталды. Бәкеңнің адами қасиеттерін айтар болсақ, мен осынша уақыт бірімізбен-біріміз достасып, сыйласқалы ең болмағанда бір адамнан Батырғали жайында немқұрайлылық көзқарас байқаған емеспін. Жалпы Бәкең өзі өнеге тұтатын, адалдықтың, тазалықтың, әділеттіліктің, парасаттылықтың эталоны бола білді. Оның қарапайымдылығы, ағайынға деген жанашырлығы, кішіні іні, үлкенді аға тұта білетін, балаларына деген әкелік сүйіспеншілігі оның абзал азаматтығын көрсетіп келеді. Сондай-ақ, ол өзінің сыпайы, сабырлы естелік-әңгімелерімен, жүрекке жағымды әзіл-қалжыңымен отырған жердегі қауымды жайма-шуақ көңіл-күйге бөлей біледі. Жұбайы Зәуре де «Жүзігім алтын болғанша, жүзім жарқын болсын» деген нағыз адал, жанашыр жары. Зәуре Бәкеңнің еңбек жолында, өмірінде елге сыйлы, қадірлі азамат болуына аянбай атсалысқанын бәріміз білеміз. «Бар деген оңалады, жоқ деген жоғалады» деген бабалар сөзін тіршіліктеріне қағидат еткен абзал жандар бүгінгі күні өз бейнеттерінің зейнетін көріп отырған үлкен әулетке айналды. ...Қашаннан болмысы биік біткен Батырғали Ақпаевтың алдағы кезде де жастарды отансүйгіштікке, патриоттыққа, қазақ халқының салт-дәстүрін олардың бойларына сіңіруге тәрбиелей беретіне сенеміз. Қадірлі азаматты 70 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, жанұясына, перзенттеріне баянды бақыт тілейміз.

Сағынхан Әміреқұлов, зейнеткер, облыстың Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар