Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойын аудан жұртшылығы да жұдырықтай жұмылып, ұйымшылдықпен өткізді. Мерекелік шара Халық Қаһарманы, жерлесіміз Қайрат Рысқұлбековтің ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Жамбыл мектеп-гимназиясының оқушылары Желтоқсан оқиғасын жырлаған ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқып, сол күндерді еске түсірді.
Сондай-ақ, бұл күні аудан орталығына кіреберісте «Тұлпарсаз» кіші сәулет кешенінің ашылу рәсімі өтті. Шарада аудан әкімі Бақытжан Нүркенов қатысып, жиналған көпшілікті ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады.
Мойынқұм ауданы – Қазақ хандығының қазығы қағылған жер. Аудан әкімі «Тұлпарсаз» кіші сәулет кешеніндегі Керей мен Жәнібек хандардың бейнесін мүсіндеген Алтыбай Ормановқа ерекше алғысын айтты.
Аудан әкімі Б.Нүркенов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Қалыбаев ескерткіштің ашылу лентасын қиған бетте ақ жамылғы сырғып түсіп, Керей мен Жәнібек ханның бейнесі көптің көзіне оттай басылды. Бұл – мойынқұмдықтардың тарихқа тағзым, бабалар рухына көрсеткен үлкен құрметі болды. Ел-жұрт ерекше қуанып, жаулығы желбіреген аналар жарыса шашуларын шашып жатты...
Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Еркебұлан Абасов ауданымыздағы тәуелсіздік құрдастарының ықылас тілектері жазылған «Болашаққа хат» капсулаға салып, ескерткіш маңайынан арнайы дайындалған орынға орналастырды. Аталған хат ел Тәуелсіздігінің 50 жылдығында ашылатын болады.
Мереке құрметіне сол күні түстен кейін аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен концерт өтсе, түске дейін орталық алаңда арзандатылған бағада азық-түлік сатылды.
Уалихан жайлау, «Ақ жол».
Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




